Өткен аптада Кемертоған ауылында заманауи үлгіде салынған «Асыл-Айым 1» балабақшасы ашылды. Ауыл тұрғындарының қуанышына айналған салтанатты жиында құрметті қонақтар және ауыл тұрғындары бас қосып, ел игілігіне қызмет ететін білім беру мекемесіне құтты болсын айтты.
Айтулы шараның қадірлі меймандарының қатарында «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов, танымал қаламгер, журналист Санжар Керімбай, Іргелі ауылдық округінің әкімі Арман Қамалбек және аталған округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Егінбек Егеубеков болып, әрбірі балабақшаның ашылуына орай жүрекжарды ақ тілектерін білдірді.
«Асыл-Айым 1» балабақшасы заман талабына сай түрлі керек-жарақпен жабдықталған. Мұнда балалардың қауіпсіздігі және жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Шамамен 400-ге жуық бала жайлы ортада сапалы білім алып, ән, би сияқты өнерді де үйрене алады.
Балабақшаның тағы бір ерекшелігі – тұзбен сауықтыру бөлмесінің жұмыс істеуі. Бұл жерде бүлдіршіндердің тыныс алу жолдары ауруларына қатысты алдын алу ем-домдары жасалады.
Айта кетейік, «Асыл-Айым 1» балабақшасы жекеменшік білім беру мекемесі болып табылады. Орналасқан жері – Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылы. Төрт қабатты ғимараттың жалпы көлемі 5000 шаршы метрді қамтиды. Қазіргі таңда бүлдіршіндер үшін 15 топ ашылған.
Өз тілшіміз.

