Ауданымызда жылдың соңында жақсы жаңалық орын алды. Аптаның сейсенбісі күні аудандағы көлік байланысын арттыру мақсатында қоғамдық көліктердің тағы бір бағыты іске қосылды. №83 жаңа автобустар Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай ауылының тұрғындарына Алматы қаласының «Қалқаман» шағын ауданына 10-15 минутта жетуге мүмкіндік береді. Аталған жоба аудан әкімі Жасұлан Естеновтің көмегімен жүзеге асырылды.
Бұл мәселе бұған дейін аудан әкімінің халық алдында есеп беру жиындарында жиі көтерілген еді. Соған сәйкес аудан басшысы тарапынан Іргелі ауылдық округі әкімдігіне тиісті тапсырма берілді. Нәтижесінде бейнекамералармен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындықтарымен жабдықталған заманауи, жайлы автобустар пайдалануға берілді.
№83 қоғамдық көлік Көксай елді мекенінің «Үлгілі» ықшам ауданынан алғашқы жүрісін бастайды. Одан кейін Ақсай, Арай және Жаңа ғасыр көшелерімен «Қалқаман» шағын ауданындағы соңғы аялдамаға дейін жүреді. Жұмыс уақыты 6:30-дан басталып, 22:30-да аяқталады. Жол жүру ақысы «Оңай» төлем жүйесі арқылы төленеді. Жол ақысы – 120 теңге. Өзге қоғамдық көліктер секілді мұнда да жолаушылар санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс істейтін қоғамдық көліктердің жалпы саны – төртеу. Алайда жергілікті әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, болашақта жолаушылар ағынына байланысты қоғамдық көліктер санын 11-ге дейін арттыру жоспарлануда.
Жаңа бағыттың ашылуына Көксай ауылының тұрғындары өте қуанды. Олардың көбі Жасұлан Тоққожаұлының ауыл тұрғындарымен кездесуінде Іргелі ауылдық округі әкімдігіне берген тапсырмасы нәтижесіз қалмағандығына риза.
– Бұл бағытқа деген сұраныс көп болады. Күн сайын мектеп оқушылары мен студенттер біздің ауылдан Алматыға қатынайды. Басқа тұрғындар да ауруханаға немесе өз шаруаларымен баруы керек. Кейбіреулері Алматыда жұмыс істейді. Бұрын біз үшін ол жерге жету қиын болатын. Енді бұл күрделі мәселе сәтті шешілді. Барлық тұрғындардың атынан кездесуде берілген уәде тез орындалғаны үшін аудан басшылығына және жергілікті әкімдікке алғысымды білдіремін, – деді Көксай ауылының тұрғыны Райса Мұтанқызы.
Іргелі ауылдық округінің әкімі Арман Қамалбектің айтуынша, қазіргі таңда аудан әкімінің тапсырмасы толық орындалып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ал аталған бағыттың ашылуы ауыл тұрғындарының қатынау мүмкіндігін жақсартып, күнделікті жол жүру қолайлығын арттырады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
