Жамбыл ауданында әйелдерге қолдау көрсететін үкіметтік емес ұйымның жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылдан асты. «Жамбыл аудандық әйелдерді қолдау орталығы» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің алға қойған мақсаты не, немен айналысады, осыншама уақыт аралығында нәзік жандыларға қандай пайдасын тигізді деген сұраққа жауап іздеп көрелікші.
Ұйымның әу баста қалай құрылғанын оның жетекшісі, Ұзынағаш ауылының тұрғыны Галина Әлжанова былайша еске түсіреді:
– Зейнеткерлікке шыққан соң үйде қол қусырып қарап отыра алмадым. Белсенді жұмыстан кейін төрт қабырғаға қамалып қалу қиын екен. Шыдамым таусылған соң, сол кездегі аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Айжәмилә Аралбаева мен аудандық мәслихаттың хатшысы Динар Нүкетаеваға барып: «Маған жұмыс беріңіздерші», – деп өтіндім. Себебі қызмет барысымен оларды жақсы танитын едім. Олар маған жөн-жосығын көрсетіп, ортақ күш біріктірудің нәтижесінде осы орталықты ашу идеясын жүзеге асырдық. Аудандық білім бөлімі жұмыс бөлмесін ұсынды. Сонда сенім телефонын орнатып, жұмысымызды қыздырдық. Көп нәрсені оқып-үйренуге тура келді. Талай семинар, тренинг өткіздік, – дейді Г.Әлжанова.
Ол әйелдерді қолдайтын ұйымды құруды 2001 жылдың қазан айынан бастап қолға алып, 2002 жылғы қазанда мемлекеттік тіркеуден өткізген. Бірлестіктің басты мақсатын бір сөзбен түйіндеп айтсақ, үйде жұмыссыз отырған әйелдердің басын қосып, отбасы нәпақасын айыруға себепші болу деуге болады. Сол жылдары Алматы, Талдықорған қалаларында осындай орталықтың ауыл-ауылдағы тармақтарын құру жұмыстары өрістеген еді. Ондағы басты назар жер-жердегі белсенді әйелдерді оқытып-үйретуге аударылып, ай сайын, тіпті апта аралатып олардың басын қосып, курс, тренинг, семинарлар өткізілді.
Сөйтіп ресми тіркелгеннен кейін 2004 жылы ұйымға Алматы қаласындағы «Мөлдір» Әйелдер ассоциациясының өкілдері келіп, жобалардың біріне қатысуды ұсынды. Бұл өзіне-өзі көмек топтарын қалыптастыру жұмысының басы болды. Жыл бойы «Мөлдір» Әйелдер ассоциациясының тренерлері ауыл әйелдерін оқытып үйретті. Соның нәтижесінде аудан әйелдерін қолдау орталығы 2005 жылдың өзінде-ақ халықаралық грантты ұтып алып, Германиядан келген ұйыммен бірлесе «Жамбыл ауданының ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту» атты жобаны іске асыра бастады. Жоба екі, яғни 2005-2007 жылдарға есептелген болатын. 2009 жылы бұлар сол шетелдік ұйымның тағы бір халықаралық грантын ұтып алып, енді басқа бір жоба – «Жамбыл ауданында өзіне-өзі көмек топтарын қалыптастыру және дамыту» жобасын іске асыруды қолға алған. Ол жоба 2009-2011 жылдарға арналған болатын. Соның аясында көптеген жұмыстарды орындады.
Содан бергі жылдарда ұйымның ұйытқы болуымен Жамбыл ауданының бірнеше ауылында 30 өзіне-өзі көмек тобы құрылды, мұның өзі сол жобалардың нақты нәтижесі екені белгілі. Мұндай топтар ауданның 14 ауылында жұмыс істеді. Атап айтқанда Ұзынағаш, Қайназар, Қарасу, Еңбекшіарал, Талап, Ақсеңгір, Таран, Үмбетәлі, Ынтымақ және басқа да елді мекендерде болды. Әрбір топ 8-14 адамнан тұрды. Олардың жұмыс бағыты бір болғанмен, шығаратын өнімдері әртүрлі. Ұлттық киімдер мен тұрмыста қолданатын бұйымдар, төсек жаймалары мен жапқыштарын, балалардың жеңіл киімдерін, матрац тігу, үй жиһаздарын жасау, жүннен дайындалатын бұйымдар, бас киімдер мен аяқ киімдер тігу сияқты іспен айналысты. Осындай жұмыстарда Қамар мен Айгүл Әшімовалар, Шолпан Сәдуақасова, Роза Мұсаева, Бибіжан Жігітекова сияқты ісмер жандар белсенділік танытты. Сонымен қатар бұл істе Қазақстанға Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан қоныс аударып келген қандастар да өздерін еңбекқорлықпен көрсете білді.
Үкіметтік емес ұйым осылайша көптеген ауыл әйелдерінің басын қосып, бір мақсатқа жұмылдыруының арқасында біраз игілікті істерге мұрындық болды. Көптеген ақ жаулықты апалар мен қыз-келіншектер қолөнермен айналысуға ден қойып, өздері дайындаған бұйымдарын сатып, отбасы нәпақасын айырды. Осыннан үйренгендері бойынша өз кәсіптерін дамытып, бөлек істерін ашқандары да кездеседі. Әйелдерді қолдау орталығы бұдан бөлек сол кездегі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп те біраз адамның екі қолға бір күрек табуына жәрдемін тигізді. Уәкілетті органның есебінде тұрған жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру жөніндегі 13 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Аталған орталық 2017 жылы тұрмысы төмен отбасыларының қыз-келіншектерін тігіншілікке оқытуға арналған грантты жеңіп алып, оған қоса тігін машинасына да ие болған. Ол курс Қытайдан тарихи Отанына оралған шебер қолөнерші Әмина Мапездің Ұзынағаштағы өзіне-өзі көмек тобының базасында ашылған еді.
Жамбыл ауданындағы үкіметтік емес ұйымды Галина Георгийқызы осылайша құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін аудан әкімдігінің қолдауымен ашқан болатын. Ол қоғам белсендісі және партияға шын берілген адам ретінде көпшілікке танымал болатын, қазір де солай. Әр жылдары аудандық әкімдікте, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің тоқсаныншы жылдарға дейін Ұзынағашта орналасқан мемлекеттік құндылықтарды сақтау орнында жұмыс істеген. Одан кейін еліміздегі жетекші партия филиалының саяси кеңесінің мүшесі, қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі болды. Сондықтан еңбек жолында бай тәжірибе жинақтап, алдына айқын мақсат қойған адамға бұл іс аса қиынға соқпағандай көрінгенімен, осы шаруаның артында қаншама ерік-жігер, табандылық жатқаны айдан анық.
Қоғамдық бірлестік 2004 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға жауапты қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатқан. Полиция инспекторларымен бірге жайсыз отбасыларды аралап, өз әйелдерін ұрып-соғып, ішімдіктің кесірінен бала-шағасының басына әңгіртаяқ ойнатуға бейім адамдармен жұмыс жүргізеді. Білім беру мекемелерінде жастармен кездесулер өткізіп, қылмыстың алдын алуды насихаттайды. Осылайша отбасы берекесін сақтау ісі де ұйымның назарынан тыс қалмаған.
«Жамбыл аудандық әйелдерді қолдау орталығын» Галина Әлжанова бүгінгі таңда әлі де басқарады. Өзі айналысатын саланың жұмысына байланысты көптеген форум, фестивальдарға ауданнан сан рет делегат болып қатысқан. Ол ауданның, облыстың қоғамдық-саяси өміріне қазір де белсенді араласады, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанған. Құрылғаннан бергі уақытта қоғамға пайдасын тигізіп келе жатқан ұйымның қызмет бағыты бүгінде бастапқыдан сәл басқаша болғанымен, оның қызметі ауыл әйелдеріне қазір де керек. Отбасы институтын нығайтуда алар өзіндік орны бар ұйымның ізгілікті ісіне алдағы уақытта да сәттілік тілейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.