Еңбек адамының табандылығын дәріптеу, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру әрқашанда маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған еді. Президенттің бұл бастамасы экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам болды.
Соның аясында Қарасай ауданында да еңбек нарығын дамыту, жұмыссыздықты азайту мақсатында жүйелі шаралар қолға алынған. Әсіресе, тікелей халықты жұмыспен қамту бағытында ашылған аудандық Мансап орталығының жұмысы белсендеді. Таяуда аталған мекеменің басшысы Дулат Сансызбаевпен кездесіп, Жұмысшы мамандықтар жылын іске асыру бойынша қандай істер қолға алынып, жүзеге асып жатқандығы туралы аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
– Дулат Мұратұлы, алдымен бұрынғы жұмыспен қамту орталығының негізінде құрылған аудандық Мансап орталығы туралы жалпылама айтып өтсеңіз.
– Иә, өзіңіз айтып өткендей, біздің қазіргі мекемеміз бұрынғы жұмыспен қамту орталығының жалғасы. Бұл өзгеріс жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет ұсынатын еңбек нарығына көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Негізгі бағытымызда да өзгеріссіз қалды. Яғни, біздің мақсатымыз Қарасай ауданы тұрғындарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, аудандағы жұмыспен қамту саясатын жүйелі түрде дамыту болып табылады.
Бұл бағытта ағымдағы жылдың 9 айында мынадай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жыл басынан орталығымызға 11 814 азамат жүгінсе, оның ішінде 10 559-на жалпы қызмет көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, 2072 тұрғынға тұрақты жұмысқа орналасуға көмек берілді, 1119 тұрғын қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау курстарына және «Бастау Бизнес» курстарына жіберілді. Сондай-ақ «ҚР еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына 1599 азамат тартылды.
– Қарасай ауданында халық саны көп болғандықтан, соңғы жылдары жұмыспен қамтылу мәселесі өзектілердің қатарынан түспей келеді. Бұл ретте екінші сұрағымыз қазіргі ахуалға байланысты. Жыл басынан аудандағы жұмыссыздық көрсеткіші қандай?
– Жұмыссыздық ахуалы бір қалыпта десек болады. Ауданымызға қоныс аударып жатқан халық саны жыл өткен сайын көбейіп отырғандықтан, соған сәйкес жұмыс іздеушілердің саны да аз емес. Бұл – жылда орын алатын жағдай. Жалпы бізде жұмыссыз азаматтарға ресми көмек көрсету үшін оларды алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркеу қажет. Биылғы жылдың тоғыз айында 11 336 адам тіркеліп, оның 9179-на «жұмыссыз» деген статус берілді.
Жұмыссыз азаматтардың ішінен жұмыс берушілердің сұраныстарының талаптары мен мамандықтарына сәйкес келетіндерін жұмысқа орналасуларына ықпал жасалды. Нәтижесінде 2072 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 1119 азамат оқуға, 199 адам ұлттық жоба шеңберінде уақытша жұмысқа жіберілді. 1599 қалаушы белсенді шараларға жолданды, ал 3309 азаматқа жұмыстан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды.
Қазіргі таңда 881 азамат денсаулық жағдайына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қолдану мақсатында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Аталған санаттағы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар мен тұрақты жұмыс орындары қарастырылуда.
– Сіздердің орта-лықтарыңыз тұрғындарды жұмыспен қамту үшін өзге мекемелермен, кәсіпорындармен тығыз жұмыс істейтіндігі белгілі. Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, біз жергілікті әкімдікпен, білім беру ұйымдарымен, кәсіпкерлермен және қоғамдық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықтың арқасында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл – бір ғана мекеменің емес, бүкіл қоғамның бірігіп жұмыс істеуінің жемісі.
Әсіресе, өздеріңіз білетіндей, еңбек адамына деген құрмет пен қолдауды арттыру мақсатында ағымдағы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Соның аясында Қарасай аудандық Мансап орталығының мамандары аудан аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелерге арнайы барып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл – тек кездесулер ғана емес, еңбек нарығындағы нақты сұранысты анықтауға бағытталған жүйелі мониторинг. Атап айтқанда, бос жұмыс орындары туралы мәліметтер жиналып, жүйеленуде, жұмыс берушілермен кадр қажеттілігіне қатысты сауалнамалар жүргізілуде. Сонымен қатар ортақ дерекқор қалыптастыру арқылы жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасындағы байланысты жедел әрі тиімді орнату көзделіп отыр.
Жылына бірнеше рет ұйымдастырылатын бос орындар жәрмеңкесі де сол жемісті әріптестіктің нәтижесі болып табылады. Жыл басынан бері ауданда осындай үш жәрмеңке өткізілді. 700-ге жуық аудан тұрғындары қатысқан жәрмеңкелерде жалпы 72 жұмыс беруші тарапынан 700-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс ұсынушылар қатарында «Kagazy Recycling», «RG Brands Kazakhstan», «Компания Маолин», «Хамле Компани ЛТД», «АзияАгроФуд» секілді ірі компаниялар бар.
Мұнан бөлек, мекемелердің жұмысымен таныстыру мақсатында бес кәсіпорында «Ашық есік күні» өткізілді, іс-шараға 300-ге жуық адам қатысты.
– Жұмыспен қамту мәселесі түсінікті. Енді әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың жағдайына тоқталсақ. Бүгінде осы санатқа жататындарға қандай қолдау көрсетілуде?
– Мемлекетіміздің басты ұстанымы – ешкімді назардан тыс қалдырмау. Осы мақсатта біз мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жалғызбасты аналар, зейнеталды жастағы адамдар үшін жеке бағдарламалар ұсынамыз. Ағымдағы жылы мекемемізге 165 мүгедектігі бар азаматтар жүгінді. Оның ішінде, 146 азамат жұмыспен қамтылды (40 азамат тұрақты, 106 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына).
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде беріледі. 2025 жылы жалпы аудан бойынша 28 адамға грант беру жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында облыс тарапынан қосымша төрт грант тағы бөлінді. Нәтижесінде бүгінгі күнге 32 қарасайлық азамат грант иегері атанды. Оның ішінде көп балалы отбасылар – 21, мүгедек бала асыраушы азаматтар – 7, бір қамқоршысынан айырылған отбасы, екі қандас, бір мүгедектігі бар адам.
Сонымен қатар, пробация қызметінің есебінде тұрған 55 азамат жүгінді, барлығы жұмыспен қамтылды. Оның 53-і тұрақты қызметке орналасса, екеуі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберілді. Мұнан бөлек бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған бес азамат жүгінді, барлығы жұмысқа тұрды (төртеуі тұрақты, біреуі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберілді).
«Күміс жас» жобасы бойынша бүгінгі күнге 157 адам қамтылды.
– Аудандық Мансап орталығының тағы бір бағыты тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бойынша қызмет көрсету болып табылады. 2025 жылы ауданда АӘК тағайындау бойынша жағдай қандай? Бүгінде бұл қаржылай көмекті неше қарасайлық алады?
– Жалпы Мансап орталығының атаулы әлеуметтік көмекке келгенде негізгі жұмысы оны алуға үміткер отбасының деректерін дұрыс енгізіп, уақытылы әрі сапалы жоба шешімін дайындау болып табылады.
Биылғы жылы бізде 1773 өтініш қарастырылды. Нәтижесінде 574 отбасыға АӘК тағайындалды. Ал 1199 өтініші қанағаттандырылмады. Оған себептер – отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен асып кетуіне, дәйексіз (жасанды) құжаттармен жалған ақпарат ұсыну фактісімен, табыстарын жасыру себептерімен, жұмыспен қамту белсенді шараларынан бас тарту себептерімен, учаскелік комиссия шешімі бойынша, өтініш берушінің учаскелік комиссия жүргізетін отбасылық және материалдық жағдайын тексеруден бас тарту себептерімен, ауданнан тыс жерде тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруы.
– Дулат Мұратұлы, уақытыңызды бөліп, арнайы сұқбат бергеніңізге рақмет. Аудандық Мансап орталығының филиалы өз жұмысын жоспарға сәйкес толыққанды атқарып жатқанын көрдік. Алдағы жұмыстарыңызға тек сәттілік тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
