Рәміз – хал-қымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгісі. Кез келген мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол елдің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді. Біздің елімізде бұл мереке 1992 жылы 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заң қабылданғалы бері аталып келеді. Айтулы мерекелік күнге орай, 4 маусым күні Қарасай ауданының әкімдігінің алдында «Ерліктің нышаны – елдіктің белгісі» атты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов, аудан әкімінің аппараты, аудан әкімдігі ғимаратында орналасқан бөлімдер, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық кітапхана, аудандық Мәдениет үйі, Қаскелең қаласы әкімінің аппаратының ұжымдары қатысты.
Жиында алдымен рәміздер күні қашан бекітілгені, оның шығу тарихынан ақпараттар айтылды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Жасұлан Естенов қарасайлықтарды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. «Туымыздың көгілдір түсі ашық аспанымыз бен бейбітшіліктің белгісі болса, күн мен қыран құс біздің тәуелсіздігіміздің, биікке ұмтылған болашақтың және жарқын күндердің символы. Елтаңбамыздағы шаңырақ – ортақ үйіміздің, отбасылық құндылықтардың бейнесі, ал қанатты пырақтар – еліміздің қарыштап дамуының айқын көрінісі. Әнұранымыздың әрбір сөзі – ұлттың рухын көтеретін, жүрегімізді елжірететін қасиетті әуен. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Оларды биік ұстау арқылы біз бірлігімізді, тәуелсіздігімізді және болашаққа деген сенімімізді нығайтамыз. Бұл күн әрқайсымызға елімізге деген мақтаныш сезімін сыйлап, ұлтжандылық рухын арттырады», – деді аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы.
Шара соңында көпшілікпен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Шұғыла ТЫНЫС.