Бүгінгі өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы осыған дейінгі басқосулардан ерекше болды деуге болады. Өйткені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген келелі мәселелерді сөз етіп, егеменді еліміздің болашағына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Саяси жүйелік өзгерістерге де мән беріп, басты бағыттарын атап өтті.
Мемлекет басшысы осы жолғы құрылтай жиынын Қызылорда өңірінде өтіп жатқандықтан, оның маңындағы Арал мәселесіне тоқталды. Ол өз сөзінде Аралды құтқару – адамзатқа ортақ міндет екенін айтып, сонымен қатар Каспий, Ертіс, Балқаш өзендерінің тағдырларына да алаңдаушылық білдіре келе, көрші мемлекеттермен келісімді жұмыс істеуді алға тартты.
Сонымен қатар, Президентіміз Парламент рөлін күшейтуге қатысты пайымды пікірлерін ортаға салды. Бұл реформа заң шығару қызметін өзгертетіні анық. Яғни, алдағы уақытта заң жобалары үш кезеңнен тұрады. Олар – жалпы мақұлдау, өзгерістерді бекіту және соңғы кезеңде қабылдау. Аталған тәсілдер біздің заңымыздың сапасын арттыруға ықпал етеді деген ойдамын.
Парламенттік реформаның тағы бір өзектілігі – депутаттардың жасақталуы. Енді бұрынғыдай Президенттің, Қазақстан Халық Ассамбелясының квоталары болмайды. Бұл дегеніміз бәсекелестікті арттыруға әкеледі.
Ассамблея демекші, енді бұл ұғым да, Ұлттық құрылтай да болмайды. Оның орнына Қазақстан халық кеңесі құрылып, билік пен халық арасындағы ашық диалог нығая түспек. Одан бөлек Мемлекет басшысы өзі тағайындайтын Вице-президент енгізіледі. Оның артығшылығы – Президент қызметінің күшеюі. Яғни, дүниежүзілік ареналарда Президенттің атынан сөйлейтін тағы бір лауазымды тұлғаның пайда болады.
Жалпы айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыда аталған саяси міндеттер мен басқа да бастамаларды ортаға салып, мемлекеттіміздің дамуына қатысты орамды ойларын ашық айтты. Әрбірі де қолдауға тұрарлық деп санаймын. Жарқын болашақ жолындағы мұндай ілгері істер нәтижелі боларына сенім білдіремін.
Ералы РАХМЕТҚОЖАЕВ,
Қаскелең қаласындағы «QBIS» халықаралық мектебі директорының орынбасары.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
