«Біртұтас қоғам: келісім мен сенім» жобасы аясында Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округіндегі «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында маңызды басқосу өтті. «Бірлік пен келісім – бірлескен жұмыстың басты бағыты» тақырыбына арналған дөңгелек үстелді Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы Қоғамдық келісім және даму орталығының аудандық филиалы ұйымдастырды. Жиынды аталған орталықтың жетекшісі Дидар Өтемісов ашып, жүргізді. Шараның басты ерекшелігі – «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі филиалының өкілдерінің басқосуы.
Дидар Мұхтарұлы «Ахыска» аудандық филиалының тыныс-тіршілігіне тоқталып, оның 2014 жылы тіркелгеніне 10 жылдан астам уақыт өткенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, осы кезең ішінде филиал этносаралық татулықты бекемдеуге және мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарды. Бұл жерде тұрақты түрде мәдени іс-шаралар, шығармашылық кештер мен көрмелер ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ аналар мен жастар кеңестерінің жұмысы жанданып, халықтар арасындағы достықты нығайтатын жобалар сәтті жүзеге асырылуда.
Аталған жиынға осы жылдар бойы филиалда жетекшелік еткен тәжірибелі заңгер, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Илимдар Камилов да қатысқан еді. Оның басшылығымен қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ол этномәдени байланыстарды дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Илимдар Әлиұлы өз кезегінде ағымдағы жылдың 1 шілдесінде ҚР Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Қазақстан халық кеңесінің құрамында болады. Оның айтуынша, бұл жаңа институт бірден екі қоғамдық консультативтік органды – Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясын алмастырды. Ол халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік органға айналды. Негізінде, бұл – қоғамдық диалогқа арналған жаңа ауқымды алаң. Кеңестің заңнамалық бастама жасау құқығы болғандықтан, оның мүшелері жаңа нормаларды ұсынып, заң шығару үдерісіне тікелей ықпал ете алады.
Спикер сондай-ақ ҚХА-ның 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істегенін атап өтті. Оның құрамына 130 ұлт пен этнос өкілдері кірген еді. Олардың кейбіреулері енді Халық кеңесінен орын алады. Кеңес құрамында әр сектордан тең дәрежеде 126 адам болады. Олардың қатарында тек ҚХА өкілдері ғана емес, сонымен қатар мәслихат депутаттары мен қоғам қайраткерлері де бар.
Кеңеске ҚХА-ның этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі функциялары толығымен берілді. Сонымен қатар ол ішкі саясатты жетілдіруге үлес қосып, мемлекеттік идеологияға, Конституция ережелеріне қатысты мәселелерді ілгерілетумен және түсіндірумен айналысады. Халық кеңесінің барлық мүшелерін Президенттің өзі жеке тағайындайды.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы педагогикалық еңбек ардагері, «Ахыска» республикалық этномәдени орталығы аудандық филиалының аналар кеңесінің төрайымы Гүлханым Үрішанова айтып берді. Аудан педагогтарының қолдауымен филиал жастарды қамтитын түрлі байқауларды жиі ұйымдастырып тұрады. Мәселен, Қаскелеңдегі аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының базасында аудан мектептерінің түрік ұлтынан шыққан оқушылары арасында қазақ тілін білуге арналған «Тілін құрметтеген ел – өзін құрметтейді» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Кейінірек Жандосов ауылындағы О. Жандосов атындағы орта мектептің базасында түрік тілін білуге арналған «Ana dilim – guzel turkçem» атты байқау ұйымдастырылды.
– Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуге міндеттіміз, бірақ сонымен бірге өз ана тіліміз – түрік тілін де ұмытпауымыз керек. Мен де, менің көптеген әріптестерім де түрік ұлтының балалары тығыз қоныстанған республикамыздың мектептерінде түрік тілі сабақтарын енгізу қажеттілігі туындады деп есептейміз. Бұл қадам біздің жаңа Конституциямызға толық сай келеді. Мұндай сабақтар өскелең ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятуға, оларды озық ұлттық дәстүрлер рухында тәрбиелеуге көмектеседі. Түрік ұлтының балалары көп оқитын мектептерде түрік тілін оқыту бойынша бұл бастаманы мемлекет қолдаса екен дейміз, – деп атап өтті Гүлханым Сүлейменқызы.
Дөңгелек үстел аясында жастар атынан Бекболат ауылының тұрғыны, Қарасай ауданы бойынша «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Ясми Мчедлидзе сөз сөйледі. Ол «Ахыска» аудандық филиалында жастар кеңесінің жұмысына жетекшілік етеді. Биыл бойжеткен Қаскелең гуманитарлық-техниқалық колледжін бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі дипломын алды.
– Қазақстан – менің Отаным. Осында туып-өстім, білім алып жатырмын, дамып, қоғамға пайдамды тигізе аламын. Бұл мекен маған өз орнымды табуға мүмкіндік берді. Менің ата-бабаларымды құшақ жая қарсы алып, олардың аман қалуына мүмкіндік берген қонақжай қазақ халқына алғысым шексіз. Сондай-ақ төбеміздегі бейбіт аспан үшін, тұрақты дамып келе жатқан мемлекетте өмір сүру мүмкіндігі үшін, осы елдің маған берген барлық мүмкіндіктері үшін алғыс айтамын.
Берекелі қазақ жеріне бейбітшілік пен бақ-береке, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің одан әрі нығаюын тілеймін. Қазақстан әрдайым әртүрлі этностар үшін қонақжай және достық құшағын жайған қара шаңырақ болсын, – деді Ясми.
Дөңгелек үстел жұмысына түрлі салалардың дамуына өз үлестерін қосып жүрген түрік халқының басқа да көптеген өкілдері де қатысты. Олардың қатарында Юсуф Асланов, Фамиша Aкифов, Исрафиль Мидилов және білім беру саласының майталмандары, белгілі спортшы әрі бокс жаттықтырушысы Сададин Усейнов пен Шамалған ауылының тумасы, талантты музыкант әрі композитор Сабир Гусейнов болды.
Айта кетейік, Сабир Гусейнов Чайковский атындағы музыкалық колледжді «домбырашы және дирижер» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда ол Дүниежүзілік ахыска түріктері қауымдастығы (DATÜB) президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі ретінде халықаралық жобаларды жүзеге асырып жүр. Ол өзінің жансақтау бөлімінде жатқанда өмір үшін күрескен қиын сәтін еске алып, сол сәтте өзінің басты миссиясы домбыра тартып, күй шығару екенін терең түсінгенін толқыныспен бөлісті.
Шараның ерекше әрі әсерлі сәті – Шамалған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Қатубаевтың түрік тілінде сөз сөйлеуі болды. Ол Шамалған ауылының әрқашан көпұлтты әрі тату мекен болғанын, мұндағы әр этнос бір-біріне құрметпен қарайтынын атап өтті. Ақсақалдың бұл қадамы бүкіл түрік халқына деген шынайы құрметтің белгісіндей қабылданып, екі елдің арасындағы жақсы қарым-қатынастың жарқын көрінісі болды.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Дидар Мұхтарұлы бұл кездесу пікір мен ұсыныстар алмасудың жақсы мүмкіндігі болғанын, сондай-ақ алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарын айқындауға көмектескенін атап өтті.
– Бірлік пен келісім әрқашан дені сау қоғам тұрақтылығының негізі болып қала береді. Бұл құндылықтарды сақтау бағытындағы жұмыстар Қазақстанның сәтті дамуы мен реформалардың жүзеге асуы үшін жалғаса береді, – деп түйіндеді модератор.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

