Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына – 20 жыл. Мерейлі датаны атап өту мақсатында облыс орталығы – Қонаев қаласында салтанатты шара өтті.
Мерекелік басқосуда өңірге қарасты аудандық ХҚКО қызметкерлерінің еңбектері бағаланып, құрметке бөленді. Олардың арасында Қарасай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өкілдері де бар екенін айрықша айтуға болады.
Қалалық Мәдениет үйінде өткен шарада Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Қанатұлы сөз сөйлеп, алдымен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің ыстық ықыласын жеткізді. Одан кейін «Электронды үкімет» порталының тиімділігін айтып, мамандардың жұмысын жоғары бағалап, әр аудандағы ХҚКО-ның қызметкерлеріне лайықты марапаттарын табыстады. Құрмет иелерінің арасында жерлестеріміздің де мерейлері үстем болып, еңбектері еленді. Атап айтқанда, Қарасай ауданы бойынша халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шыңғыс Джемісбаев Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығына орай арнайы төсбелгімен марапатталса, аталған бөлімнің маманы Алма Султанбаеваға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ Маржан Култаева, Жеңіс Бейсбаева, Венера Умирбекова, Гүлзира Ағыбаева, Динар Алымкулова сынды бөлімнің білікті мамандары облыс басшысының Алғыс хатына ие болды.
Барлық марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Жерлестеріміздің ел алдындағы қызметтері бағаланып, жұмыстары жемісті болсын дегіміз келеді.
Айта кетейік, ХҚКО елімізде тұрғындарға сапалы және қолайлы қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелердің бірі болып табылады. Ол 2005 жылы бір терезе қағидаты бойынша ашылған. Бүгінде бұл орталық 1296 мемлекеттік қызмет түрін ұсынады. Шамамен олардың 90-95% электронды формат түрінде де көрсетіледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

