Адамзат тарихында шамамен 15 мыңнан артық соғыс болса, соның ішінде ел есінде сақталған, құрбандықтары көп болған жантүршігерлік майдандардың бірі – Ұлы Отан соғысы. Ұрыс даласына қару асынып, бейбіт өмірдің шырқын бұзбау үшін жігерін жасытпай, жеңіске жетер күнді жақындату жолында қазақстандықтар қасық қандарын аямады.
Осындай өр рухты, қайсар батырлардың қатарында қасиетті Қарасай жерінің топырағына аунап өскен ауданның мақтаныш азаматтары да бар. Солардың бірі – ерлігі көптен бері айтылмай кеткен Ұлы Отан соғысының ардагері Әбен Карбозов.
Ел амандығын абырой көріп, соғыс даласына жасқанбай аттанған қарасайлық батырдың ерлігі өшпес өнеге екені анық. Оның өмір белесі мен ерлік жолындағы батырлығын бүгінгі ұрпақ біліп өссе, артық болмас.
Әбен Карбозов 1925 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Қарасай жерінде өтті. Адамзатты алаңдатқан Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда бейбіт өмірді сақтау үшін майданға баруды мақсат етіп, өзінің туған жылын 1924 деп өзгерткен. Осылайша 18 жасында бозбала Әбен сұрапыл майданға аттанған. Ол 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап 1949 жылдың ақпан айына дейін алдыңғы қатарлы атқыштар дивизиясында болды. Мұнда өр кеудесін оққа тосып, неміс фашистеріне қарсыласты. 7 жыл оқ пен оттың арасында жүргенде туған жерде қалған әкесінен айырылды. Өкінішке орай, асқар тауының жерлеуіне қатыса алмай, бір уыс топырақ та сала алмады. Соғыс даласы ешкімді аямайды. Әбен Карбозов бұл қайғыға да қасқая қарсы тұрды. Азаматтық міндетті жоғары қойып, Берлинге дейін барды. Қаруластарымен бірге майдан жолынан партизандарды тазалады.
Соғыстан аман-есен еліне оралған соң, Сәбира анамызбен шаңырақ көтерді. Екеуі 12 баланы дүниеге әкеліп, әрбірін қанаттандырды. Бүгінде олардан тараған немере-шөберелер аталарының қайсарлығын әлі күнге дейін мақтан етеді.
Әбен атамыз Қаскелеңдегі «Буденный» колхозының іргетасын қалаған. Әке жолын қуып, осында Сәбира анамыз екеуі 40 жыл қой бағып, ел алдында сыйластығы жарасқан отбасыға айналды. Шаңырақтың ұйытқысы болған Сәбира апамыз батыр ана, «Алтын алқа» иегері екенін айта кету керек.
Майдангер жайлы жалпы жоғарыда келтірген ақпараттың бәрін оның келіні Биғайша Карбозовамен әңгімелесу барысында білдік. Сондай-ақ атамыздың батырлығы мен табандылығының бағалануы жайында мәліметтерді де естідік.
Ардагердің ерен еңбегі, өшпесі ерлігі қашанда ескеріліп тұрыпты. Мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталған екен. Сондай-ақ көзі тірісінде Қаскелең қаласынан екі бөлмелі пәтердің иесі атанған. Бұл баспананы алу оңайға соқпапты. Оған қол жеткізу үшін Биғайша Садыққызы атасын ертіп жүріп, тиісті құжаттарын жинапты. Қызындай болып кеткен келінінің айтуынша, пәтер алуға сол кезде Қаскелең қаласының әкімі Сағындық Жылқыбаев қолдау білдірген. Сондықтан бұрынғы шаһар басшысына әлі де айтар алғысы шексіз.
Өмір өлшеулі болған соң өзгермейтін заңдылық бар. 2002 жылы Әбен ақсақал 85 жасында дүниеден өтті. Биыл туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай артындағы ұрпағы ағайын-туыстың, Әбен Карбозовтың көзін көрген, ел танитын азаматтардың басын қосып, рухына Құран бағыштап, ас бергелі жатыр.
– Атамыз тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. Өкінішке орай, ортамызда жоқ. Бірақ оның тәрбиесін, батасын алып өстік. Біз – бақытты ұрпақпыз. Есімі мен ерлігін еске алу үшін 11 мамыр күні, сағат 12:00-де Қаскелең қаласындағы «Grand Tau» мейрамханасында рухына арнап ас бергелі жатырмыз. Егер атамызды білетін жандар болса, оқылатын Құранға қол жайып, дастарханнан дәм татса болады, – дейді Әбен Карбозовтың келіні Биғайша Садыққызы.
Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс. Бейбіт ғұмырды, тыныштық заманды орнату жолында жүректілік танытқан ардагерлердің есімдері ұлықталса, әрине құба-құп. Мұны біз сөз еткен Әбен Карбозовтың артындағы ұрпағы да солай ойлайды. Олардың алдағы арманы – ардагердің туған өлкесі Қаскелең қаласынан бір көшеге есімін беру. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе болғандықтан, артындағы бала-шағасы осы істі қолға алып, тиісті мекемелерге хат жазып, ұсыныстарын білдіруде.
Бәрі уақыттың еншісінде екені, рас. Десе де майдангердің ұрпағы Заңдағы кейінгі өзгерістерге байланысты Әбен Карбозовтың есімі «тарихи тұлғалар» тізіміне енсе екен деп аудандық әкімдіктен қолдау күтеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.