Елімізде қазанның екінші жексенбісінде аталып өтетін мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында ауданның ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту және спорт бөлімінің, «Ұлттық құндылық» пен «Кәусар бұлақ» қорларының ұйымдастырумен ерекше балаларға арналған «Шексіз әлем» атты фестиваль өтті.
– Мүмкіндігі шектеу-лі балалар мен жас-өспірімдердің таланттар байқауының мақсаты – мүгедек жандардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, қолдау көрсету, ынталандыру, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, «Ұлттық құндылық» қорының директоры, ерекше баланың анасы Зухра Серікқызы.
Фестиваль бағдарламасы бес номинациядан тұрды: ән, би, күй, қолонер және сән. Мүгедектігі бар жандардың қолымен жасалған керемет бұйымдар мен суреттердің көрмесі қонақтарды таңғалдырды. Кештің шымылдығын балалар қолдарына кішкентай ту ұстап, «Туған ел» әнімен ашты. Әр номинация бойынша балалар өнерлерін көрсетіп, демеушілер дайындаған сыйлықтарға ие болды.
Ал көрермендер әрбір өнерпазға қошеметтеп қол соғудан жалықпады. Кеш өте әсерлі өтті, көзімізге толған жасты да жасыра алмадық. Мүмкіндігі шектеулі, дарынды балалардың таланттарын айқындап, алдағы уақытта оларды дамытып, қолдау беруді мақсат ететін мұндай іс-шаралар жалғасын табатынына сенімдіміз.
Денсаулықта шектеу болғанымен, шығармашылықта, өнерде шек жоқ. Бұл байқау – өз-өзіңе, болашаққа сенудің жолы. Талант – бұл жетістікке жетудің және өзіңе сене білудің қабілеті. Жанымызда жүрген ерекше жандарға жүрек жылуын сыйлап, қолдау жасап, көмек көрсету – әрбір адамның азаматтық парызы екенін естен шығармайық.
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.