Елімізде жастардың саясатын жүзеге асырып, оларға әлеуметтік және тұлғалық дамуына қолдау білдіру мақсатында тиісті жұмыс атқарылып келеді. Сол үшін осы бағытты қызмет ететін арнайы ұйым құрылған болатын. Ол – Жастар ресурстық орталығы.
Бүгінгі таңда аталған мекеменің әр облыста және оған қарасты аудандарда тиісті орталықтары бар. Ал онда жұмыс істейтін мамандардың білімді әрі білікті болып, жастардың мүддесі мен қажеттіліктері үшін қызмет етуі қашанда маңызды.
Міне, осы бағытта жақында ауданымызда ресурстық орталық мамандарына арналған семинар форум өтті. «Аul Resort» демалыс аймағында ұйымдастырылған шараның басты тақырыбы «Bolashaq bugin» деп аталды. Облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған ауқымды жиын ерекше форматпен көптің есінде қалды.
Жастардың басы біріккен ауқымды басқосуға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев арнайы қатысты. Одан бөлек облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуіталиев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Ахметов сынды жастар жұмысына етене жақын бірқатар мекеменің өкілдері форум барысында ой бөлісті.
Семинарда алдымен әр ауданнан келген жастар қауымы топ-топқа бөлініп, көшбасшыларын анықтады. Одан кейін «Jas Talks» деп аталатын пікірталас алаңында бейнекөрініс арқылы облыс бойынша жастардың бір жыл бойы атқарылған жұмыстары көрсетілді.
Форумда бірінші болып сөз кезегін алған Ғани Айдарұлы аталған шараның маңыздылығына тоқталды.
– Алатаудың әсем бір баурайына жиналып, еліміздің бүгіні мен болашағы туралы, оған жастардың қосар үлесі хақында ой толғап, пікір алмасуға келгендеріңіздің өзі қуанарлық, құптарлық. Ал біз аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, білген-түйгенімізді кейінгілерге жеткізуге тиіспіз.
Жаңа ғана көрсетілген бейнематериалдан жастардың атқарған жұмыстарын көрдік. Онда сіздердің маңдай терлеріңіз, бойларыңыздағы күш-қуат, атқарылған қыруар жұмыс, аудан әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарларының еңбегі аңғарылады. Мемлекеттік қызмет бағытында белгілі бір биіктерді бағындыру үшін ең алдымен жүректегі жалын мен бойдағы қуат қажет екенін айтқым келеді. Алдымен түрлі жастар құрылымдарында еріктілер қатарында еңбек етіп, содан кейін ауыл, аудан деңгейіндегі баспалдақтардан сүрінбей өткен жастар, сөз жоқ, осы жолда өз мақсаттарына жетеді.
Бүгінде облысымызда 430 мың жас тұрады. Бұл барлық тұрғынның 28 пайызын құрайды. Ал осы шаңырақ астында солардың ең үздіктері жиналып отыр деп ойлаймын. Демек, еліміздің болашағы үшін жауапкершілік те өздеріңізге жүктелмек. Сондықтан алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.
Жастарға қатысты заң ғылымдарының кандидаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Қазыбек Дәуіталиев те орамды ойын білдіріп, ел Президентінің байыпты бастамалары жайлы сөз етті. Сондай-ақ ол жуырда ғана қабылданған Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығы жайында кең көлемде баяндады.
Дәл сол сияқты бұл жиында басқа да жастар жанашырларының тарапынан біраз игі істерге қатысты ойлар ортаға салынды. Атап айтқанда, «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Жасұлан Бостандықұлы жас өрендерді қолдауға қатысты атқарылып жатқан игі істері жайлы баяндаса, «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының Қонаев қаласындағы филиалының өңірлік менеджері Жазира Жұмахан мен Қоғамдық келісім және даму орталығының қоғамдық институттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Ақжарқын Дүйсенғали салалық бағыттағы жұмыстың ерекшеліктері мен жастарға қатысты бағдарламалар жайында пікір білдірді.
Семинардың алғашқы күніндегі ерекше есте қаларлық тұсы – белсенді жастардың IQ зияткерлік ойынында бақ сынауы. Одан кейін форум салтанатты түрде ашылып, оның соңы жастардың ерекше басқосуына ұласты.
Жастар жиналған шараның екінші күні семинар-тренингке жалғасты. Оның барысында бірнеше спикер жастардың кәсіп бастауы, бизнесті жоспарлауы, мамандық таңдауы, интернет алаяқтардан қорғану, жасанды интеллектті ұтымды пайдалану сияқты өзекті тақырыптардың аясында ой бөлісіп, маңызды мәселелерді алға тартты.
Семинар форумды облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кеңешов қорытындылады. Ол өз сөзінде осы шараға белсене қатысып, ұшқыр ойларымен көзге түсіп, ерекшеленген замандастарын марапаттады.
Екі күнге жоспарланған бұл форум жастар үшін жай ғана ақпарат алмасу ғана емес, жаңа, тың идеялар тоғысқан алаңға айналды. Олардың әрбірі кәсіби біліктіліктерін шыңдап, болашаққа батыл қадам жасауға жігерлене түсті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
