Біздің елде азаматтардың құқығын сақтау бойынша тиісті жобалар мен шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Соңғы жылдары өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлес көрсеткіші де едәуір төмендеген. Олар үшін оңтайлы болатындай жаңа жүйенің де маңыздылығы зор. Соның бірі ретінде биылғы жылдың алғашқы айынан бастап іске асып келе жатқан бірыңғай жиынтық төлем механизмін айтуға болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жақында жасаған мәлімдемесіне сүйенсек, 2019 жылдың қаңтарында шамамен үш мың бірыңғай жиынтық төлем төленген. Жалпы, бірыңғай жиынтық төлемді ЖСН-ді теру арқылы екінші деңгейлі банктер (Халық банк, Форте банк, Цесна банк, Kaspi bank, Шинxан банк, Банк Центр Кредит) мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік есепшотына аударуға болады. Мемлекеттік корпорация болса аударылған әлеуметтік төлемдерді (МӘСҚ, БЖЗҚ, ӘМСҚ) және төлеушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті бюджет салығына үлестіреді.
Бірыңғай жиынтық төлемді «Қазпошта» АҚ сайты мен терминалдарының көмегімен онлайн түрде, оның ішінде «Каспи» банкінің мобильді қосымшасымен де төлеуге болады. Ал, «e-Gov» электронды үкімет арқылы онлайн төлем жасау ағымдағы жылдың ақпан айының аяғына дейін іске қосылады. Сонымен қатар, жоғарыда айтылған екінші деңгейлі банктер мобильді қосымшасымен төлем жасауды қашан жүзеге асыруды өздері хабардар етеді.
Бірыңғай жиынтық төлемнің тағы бір ерекшелігі – өзін өзі жұмыспен қамтығандарға зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді және ол – жаңа салық түрі емес, төлемнің төрт түрін жасауға негізделген. Нақты айтатан болсақ, жеке табыс салығын әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақы қорларына аударымдар жасауға болады.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.