Еліміздің бірқатар аймағында су тасқыны салдарынан орын алған жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессия отырысын онлайн-форматта өткізді. Президент өз сөзінде Бірлік күні қарсаңында өтетін бұл жиынның мемлекет үшін күрделі кезеңмен тұспа-тұс келуінің маңызы зор екенін жеткізді. Өйткені ел басына күн туған шақта, шынымен береке-бірлігіміз, ынтымағымыз сыналатыны рас.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сессия барысында елдің дамуы үшін қордаланған мәселені шешу керектігін жеткізіп, күш біріктіру арқылы болашақ жетістіктердің берік тұғыры қалыптасатынын айтты. Ол үшін түрлі салада түбегейлі өзгерістер орын алуы қажет екені маңызды. Бұл – өте құптарлық шешім деп білемін.
Президент сондай-ақ Ассамблеяның сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталу себебіне де тоқталды. Анығын айтқанда, халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғымда жатыр екен. Әрі осы атаулар арқылы бірлік пен ынтымақ – басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала бермек.
Жалпы соңғы уақытта мемлекетіміз күрделі сынақтардың тарихи кезеңін бастан өткеруде. Мұндай сын-сағаттарда біздің бірлігіміз, бірлесе атқарған жұмысымыз нәтиже берсе, алынбайтын қамал болмас. Бұл жайында Мемлекет басшысы да өз сөзінде қадап айтып, қиындықтың шешімі ынтымақта екенін түсіндірді.
Расын айтқанда, елдің еңсесі тік болу үшін біздің татулықта бас қосуымыз маңызды. Ол үшін халқымыздың бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешіп, Отанымыздың болашағы жолында аянбай еңбек етуі басты міндет болуы тиіс. Сонда ған әділетті қоғам қалыптасады деген ойдамын.
Дидар УТЕМИСОВ,
Қоғамдық келісім және даму орталығының Қарасай аудандық бөлім басшысы.