Қазір біздің қоғамда балалардың ой-қиялына қанат бітіретін, білімге деген талпынысына жол ашатын, болашаққа сенімді қадам жасауына ықпал ететін ұйымдардың қажеті қатты білінеді. Әсіресе, сөйлеу тұрғысында тілін дамытып, жан-жақты өсуіне және айналасын тануына қолдау көрсетудің маңызы зор.
Баланың болашағы үшін жұмыс істейтін мұндай мекемелердің біразы Қарасай жерінде де орналасқан. Әрбірінің өз мақсаты, межелі міндеті, жеткен жетістігі бар. Солардың бірі – Қаскелең қаласында орналасқан «Ақылдым» сөйлеу орталығы.
Әрбір ата-ана өз баласының келешегі жарқын болуы үшін тәй-тәй басқан қадамынан есейген шағына дейін жанын салып, барын беретіні анық. Осы кезеңде бүлдіршіннің айналасын тануы, жақын ортамен тіл табысуы, байланыс орнатуы өте маңызды. Сонымен қатар мектепке дейін білім алуы басты назарға алынады.
Әрине, әр баланың даму деңгейі жасы мен денсаулығына байланысты әртүрлі қалыптасады. Сол үшін олардың сана-сезімінің орнықты жетілуіне мән берген жөн. Оның ішінде ерекше балаларды қатарынан қалдыртпай, болашағына сенімді қадам басуына барлық жағдайды жасау керек. Ал бұл мақсатта нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан жоғарыда атап өткен «Ақылдым» сөйлеу орталығын айрықша атап өтуге болады. Мұнда зияты зақымдалған, сөйлеу тілінің тежелісі, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы, психикалық дамуының тежелуі, психикалық және сөйлеу тілінің дамымауы, тұтықпасы, сондай-ақ зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы, аутизм сияқты белгілері бар балалармен білікті мамандар білек сыбана белсенді түрде айналысады.
«Ақылдым» орталығының білім жолындағы іргетасы 2019 жылы қаланған. Сол кезден бастап күні бүгінге шағын ғана орталық талай баланың зейінін ашып, білім баспалдағына емін-еркін шығуына ықпал етті. Мұндай нәтижелер ата-аналардың қуанышына айналып, үміт сәулесін сөндірмей, үлкен армандарға жетеледі. Бұл ретте орталықтың жетекшісі білікті логопед, дефектолог Анар Қилыбаеваның елеулі еңбегін ескермеске болмас. Оның байыпты басшылығымен мықты мамандар бір ортада бірлігі жарасып, мекеменің мызғымас тірегіне айналды.
Осындай ұйымшыл ұжымы бар «Ақылдым» сөйлеу орталығының аядай ғана бөлмесі бүгінгі таңда ата-аналардың ақ батасымен, көпшіліктің тілеуімен ауқымы кең мекемеге айналды.
Жанға жайлы әрі замануи үлгіде жасалған бұл ғимараттың жақында салтанатты түрде ашылуы өтті. Бұл қуанышты сәтке балалардың ата-аналары да ортақтасып, әрбірі ізгі тілектерін арнап, мекеменің алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал назардағы нысанның қызыл лентасын орталықтың директоры Анар Жапсарбайқызы мен оның өмірлік жары, үнемі қолдаушысы әрі ақылшысына айналған Ержан Иманқұлов қиды.
Ашылу салтанатынан кейін ата-аналар қауымы орталықтың ішімен танысып, балаларының қандай жағдайда білім алатынына куә болды. Мұндағы әрбір бөлменің баланың дамуына қандай қызмет атқаратыны жайлы мекеме басшысы Анар Жапсарбайқызы жан-жақты таныстырды.
Одан кейін құрметті меймандардың барлығы спортзалда бас қосып, «Ақылдым» сөйлеу орталығының жұмыс барысынан хабардар болды. Ол жайында да Анар Қилыбаева кеңінен әңгімелеп, осындағы білім алушылардың даму барысы қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
Ал орталықтың білікті мамандары балалардың даму жолындағы жаттығуларын ата-аналармен бірге орындап, әрбір іс-қимылдың маңыздылығы жайында ақпарат берді. Атап айтқанда, АФК тренерлер, мектепалды даярлық тобының тәрбиешілері Жазира Меземхан мен Сәнім Өміртаева, логопед, дефектолог Дария Мырзақұлова, логопед, психолог Өміргүл Жанатхан, логомассаж бен сенсорлы интеграцияға жауапты Гүлмира Сәрсенбаева балалармен жұмыс барысы қалай өтетінін көрсетті.
Жиын соңында мекеме басшысы, нейропсихолог, игратерапист Анар Жапсарбайқызы орталықтың барлық қызметкерін жеке-жеке таныстырып, әрбіріне жүктелген міндеттің қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар олардың осындай елеулі еңбектерін айрықша атап өтіп, ризашылық ретінде өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
«Ақылдым» сөйлеу орталығы алдағы уақытта ақылды балалардың жолын ашып, әрбірін қатарынан қалдырмауды мақсат етуде. Аз уақыт ішінде білім алушының дамуын жақсы деңгейге жеткізу – бұл мекеменің басты мақсаты. Осы бағытта Анар Жапсарбайқызы бастаған мықты мамандар қажыр-қайраттарын аямай, баланың білімге деген құштарлығын оятуды көздейді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

