Қарасай жұртшылығының біразы «BeyAzhTrans» компаниясымен жақсы таныс деген ойдамыз. Өйткені коммуналдық қызмет көрсететін аталған мекеменің жұмысына қатысты тұрғындар тарапынан осы уақытқа дейін талай сын да, арыз-шағымдар да айтылғанын жоққа шығара алмаймыз.
Енді бұл компанияның ауыз су жүйелері мен электр энергиясын қамтамасыз ету қызметтері түгелдей мемлекеттің меншігіне өтіп жатыр. Қазіргі уақытта «BeyAzhTrans» мекемесінің тұтынушыларына осы бағыттағы жұмыстар егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Оның анық-қанығын біз де біліп көрген едік.
Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бекзат Кәрімовтің сөзіне сүйенсек, 2024 жылдан бастап сапасыз қызмет көрсетуіне және дебиторлық берешегіне байланысты «BeyAzhTrans» компаниясын тексеруге аудандық әкімдік тарапы бастамашыл болған. Нәтижесінде прокуратура Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын анықтап, 2017 жылы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен аталған шарт жарамсыз деп танылды. Аталған шешім апелляциялық және кассациялық сот сатыларында өзгеріссіз қалдырылды.
– Сот шешімдеріне сәйкес қазіргі уақытта «BeyAzhTrans» компаниясына тиесілі, яғни коммуналдық меншіктегі қосалқы трансформаторлар, су ұңғымалары, сумен және электрмен жабдықтау желілерінің бәрі мемлекеттің теңгеріміне өткізілуде. Осыған байланысты алдағы уақытта «Таусамалы Қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі су жүйесі бойынша қызмет көрсетсе, электр энергиясына «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на қарасты Қарасай аудандық электр торабы жауапты болады. Қазіргі таңда тұтынушыларға аталған жағдай түсіндіріліп, абоненттердің жеке дербес шотына қатысты жұмыстар реттелуде, – деді Бекзат Жұмағалиұлы.
Бөлім басшысының сөзін негізге алап отырып, жоғарыда аталған екі мекеменің өкілімен де тілдесіп көрдік. Айтуларынша, «BeyAzhTrans» компаниясының бұрынғы тұтынушылары автоматты түрде өздерінің абоненттері болады. Қазіргі таңда тиісті түсіндіру жұмыстары мен құжат жағы рәсімделуде.
– Жалпы «BeyAzhTrans» мекемесінен «Таусамалы Қызметке» 47 ауылдың су мұналары мен суды қорғау нысандары балансқа өтуі керек. Қазіргі таңда соның 32-сін қабылдап алдық. Оның ішінде Райымбек, Іргелі, Әйтей, Ұмтыл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендер бар. Мұнда тұратын тұрғындардың бәрін ауыз су қалыпты жағдайда берілуде. Алдағы уақытта Шамалған мен Елтай ауылдық окугтерінде қабылданбаған нысандар бар. Бұл бағытта қазір жұмыстар атқарылуда және оны осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бәрі біткеннен кейін абоненттерге әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы қосымша хабарлаймыз. Осы ретте тұрғындарға айтарым, егер қандай да бір сұрақ туындап жатса, Қаскелең қаласы әкімдігінің екінші қабатындағы «Таусамалы Қызмет» мекемесінің абонеттік бөліміне жолықса болады. Ал енді төлем жүйесіне келетін болсақ, бұрынғыдай «Yurta» және «ИВЦ» арқылы бұрынғы жеке дербес шот нөмірімен төлей береді, – деп түсіндірді «Таусамалы Қызмет» КММ-нің директоры Айдос Жігітов.
Сонымен қатар электр энергияға жауапты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тиісті жабдықтарды және абоненттерді тіркеу жұмыстарын да шілде айына дейін аяқтауды жоспарлауда. Бұл жөнінде Қарасай аудандық электр торабының бас инженері Азамат Тезекбаев түсіндірді.
– «BeyAzhTrans» компаниясына тиесілі коммуналдық қызметтер мемлекет меншігіне берілуіне байланысты электр энергиясын тарату қызметі «Алатау Жарық Компаниясына» өтуде. Қазіргі уақытта абоненттерге дербес шот ашу жөнінде құжаттар қабылданып жатыр. Ал ол жөнінде жергілікті әкімдік тарапынан арнайы хабарландыру таратылуда. Құжат қабылдау жұмыстарын шілде айына дейін аяқтаймыз деген ойдамыз, – деді бас инженер Азамат Тезекбаев.
Байқағанымыздай, бір мекемеден екіншісіне қабылдау жұмыстары жедел атқарылуда. Бұл тұрғындар үшін қуантарлық жаңалық деген ойдамыз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

