Жаз мезгілі басталғалы бері аптап ыстықтан қорғанып, су жағалаған тұрғындардың қарасы қалыңдады. Алайда қарапайым қауіпсіздік ережелеріне салғырт қараудың соңы орны толмас өкінішке апарып соғып жатады. Таяуда Қарасай ауданы аумағында адам өліміне әкеп соққан бірнеше қайғылы оқиға тіркелді.
Нақтырақ тоқталсақ, Тұрар ауылында қайғылы жағдай орын алды. 2009 және 2010 жылғы екі жасөспірім үрлемелі матрасты жалға алып, суға түсуге мүлдем тыйым салынған, қауіпті деп танылған К-28 суқоймасына барған. Бірақ, табиғаттың тосын мінезі мен абайсыздық екі бірдей жастың өмірін қиды. Су ортасында жүргенде кенеттен соққан қатты жел үрлемелі матрасты алысқа алып кетіп, аударып жіберген. Нәтижесінде екі бала да суға батып кетті.
Дәл осы күні тағы бір оқыс оқиға судың жағасында орналасқан демалыс орындарының бірінде тіркелді. Бетін салқын суға бір шайып алғысы келген ересек ер адам абайсызда тепе-теңдігін жоғалтып, ағыны қатты өзен суына құлап кеткен. Ағысқа қарсы тұра алмаған азамат та суға батып, көз жұмды. Бір күннің ішінде үш бірдей адамның өмірін жалмаған бұл жағдайлар судың ойын көтермейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы орайда, аудан аумағындағы мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Мамандар тарапынан белсенді түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен арнайы рейдтер ұйымдастырылуда. Соның бірі сәрсенбі күні белгіленген жоспарға сай өткізілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, бөлім мамандары шомылуға қатаң тыйым салынған қауіпті аймақтар мен су айдындарын жаппай аралады. Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар тек арнайы рұқсат етілген, құтқарушылары бар қауіпсіз жерлерде ғана шомылу қажет екенін, балаларды су бойында ересектердің қарауынсыз қалдыруға мүлдем болмайтынын шегелеп айтты. Сонымен қатар қайғылы жағдайлардың басты себебінің бірі саналатын суға мас күйінде түсудің зардаптары ескертілді. Рейд кезінде арнайы орнатылған «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгілерге қарамастан, суға түсіп жүрген ересектерге қатаң түрде ескерту жасалып, олардың қасындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер жайлы мәліметтер алдағы уақытта тиісті шара қолдану үшін жазып алынды.
Қарасай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Нұрсұлтан Сабировтың берген ресми мәліметіне сүйенсек, шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар мен полиция қызметкерлері бірлесіп, аудан аумағындағы су айдындарында 10 ауқымды рейдтік іс-шара өткізген. Нәтижесінде, бекітілген талаптарды елемей, су айдындарында шомылу қағидаларын өрескел бұзған 10 жеке тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Бүгінгі таңда тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған бұл профилактикалық іс-шаралар тоқтаусыз жалғасуда.
Айта кету керек, бүгінде Қарасай аумағындағы негізгі ірі су көздері болып Қаскелең, Шамалған, Ақсай және Қырғауылды өзендері саналады. Аталмыш тау өзендерінің бойында «Үшқоңырирригация» мекемесінің теңгеріміндегі жеті бірдей су қоймасы орналасқан. Қазіргі уақытта олардың барлығы транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, аудан аумағында жекеменшік иелігіндегі 10 шағын тоған бар.
Жоғарыда аталған су қоймалары мен тоғандардың барлығы тек қана ауыл шаруашылығы алқаптарын, егістік жерлерді суаруға арналған техникалық нысандар болып табылады. Ондағы судың құрамы таза емес, түбі тегістелмеген, су ағысы қатты әрі иірімдері көп болғандықтан, шомылуға мүлдем жарамсыз және адам өміріне өте қауіпті. Бір сөзбен айтқанда, дәл қазіргі уақытта Қарасай ауданының аумағында арнайы жабдықталған жекеменшік бассейндерден басқа, халықтың шомылуына рұқсат етілген табиғи өзендер мен көлдер жоқ. Сондықтан, құтқарушылар әрбір азаматты өз өмірі мен балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Су тілсіз жау, оның артында үлкен қауіп бар екенін ұмытпаған жөн.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

