Қарасай ауданында шаруашылық және суару жұмыстарына пайдаланылатын 16 су қоймасы бар. Олардың барлығында «Суға түсуге тиым салынады» деген белгілер орнатылған. Десе де аудан тұрғындарының көбі ескерту белгісіне қарамастан суға түсе беретіні белгілі. Сондай немқұрайлықтың салдарынан ауданымызда жыл басынан бері бір адам қаза тапса, таяуда олардың саны үшке дейін өсті. Ашып айтқанда, тыйым салынған Тұрар су торабында екі азамат суға түсеміз деп жүріп батып кетті.
Қарасай ауданында шомылуға арналған арнайы жабдықталған орындар мүлдем жоқ. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Данил Лебедевтің айтуынша, қазіргі кезде «Үшқоңырирригация» кәсіпорнының балансында 7 коммуналдық су қоймасы мен 9 жеке тоған бар. Алдағы уақытта жеке тоғандарға ескерту белгілерін орнату жоспарлануда. Соған қарамастан аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандары шомылу маусымы басталғалы бірнеше су айдындарында тұрақты түрде тексеру іс-шараларын жүргізіп келеді. Осындай профилактикалық тексеріс кезінде ерекше назар Ұмтыл ауылдық округіндегі K-30/1 су қоймасына аударылады.
Рейдтік жұмыстардан бөлек жазғы кезеңде аудандық төтеншеліктер еріктілермен бірлесіп, тұрғындарға күнделікті судағы қауіпсіздік ережесі жазылған плакаттар, парақшалар мен жаднамалар таратуда. Сонымен қатар, халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жуырда өткен кезекті рейд барысында құтқарушылар демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, тиым салынған аймақта шомылудың адам өміріне қауіпті екенін ескертті.
Нәтижесінде ереже бұзушыларға әкімшілік шара қолданылып, әрқайсысына 13700 теңге көлемінде айыппұл салынды. Биылдың алғашқы жарты жылдығында дәл осындай құқықбұзушылық үшін 12 адамға жалпы 164 мың теңгеден астам айыппұл тағайындалған. Ал кәмелет жасқа толмаған балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша заңды өкілі ата-анасына әкімшілік жауапкершілік қолданылды.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
