Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында елімізде жұмыс берушілер мен жастар арасындағы еркін диалог алаңын қалыптастыру арқылы бос жұмыс орындарымен таныстырып, орналастыру мақсатында түрлі шаралар атқарылуда. Соның бірі таяуда Іргелі ауылдық округінің аумағында орналасқан «Group of companies Altyn Juldyz» ЖШС-нің базасында өтті. Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен болған «Career day» өңірлік нарықта сұранысқа ие мамандықтардың әлеуметтік беделін көтеру және кәсіптік білім беру ұйымдарымен әлеуметтік әріптестіктің жаңа нысандарын дамытуға бағытталды.
Шараға арнайы келген Алматы және Қонаев қалаларының, Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарының колледждерінің тігінші, өндірістік оқу шеберлігі, арнайы пән оқытушысы мамандықтарының студенттері кәсіпорындағы жұмыстың ерекшелігі, жетістіктері және алдағы жоспарларымен танысты. Сондай-ақ тігін өндірісінің негізгі кезеңдерін де көріп қайтты.
Облыстық еңбек мобильдігі орталығының өкілі Олжас Нұржұманың айтуынша, студенттерге кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізу, оларға көгілдір жұмыстың ерекше мәнін айтып, көрсету өте маңызды. Бұл ретте «Altyn Juldyz» тігін фабрикасында өткен экскурсияның мотивациялық мақсаты – болашақ колледж түлектерін кәсіби өсуге жақсы негіз бар осы кәсіпорынға жұмысқа тарту болды. Алынған дағдылар өз бизнесін, яғни шағын тігін шеберханасын немесе студиясын ашуға көмектеседі.
Мұнан бөлек Олжас Нұржұма қазіргі таңдағы басымдықтарға, атап айтқанда, еңбек мобильдігі орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша жұмысқа орналасу, мемлекеттік гранттар арқылы өз кәсібін ашуға берілетін мүмкіндіктер туралы айтып өтті.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, «Altyn Juldyz» фабрикасында тігіншілерді оқытатын жеке оқу орталығы бар. Онда қалаушы адамдар үш айлық арнаулы курсты өте алады. Қатысушыларға жол және тұру ақысы, сондай-ақ еңбек мобильдігі орталығы арқылы шәкірітақы төленеді.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Ербол Жанбіровтың мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың басынан бері осындай шараларға мыңнан астам оқушы қатысқан. Мұндай бастамалар колледждердің жұмыс берушілермен ынтымақтастығын нығайтады, студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыруға және оларды кейін жұмысқа орналастыруға көмектеседі.
Ашық есік күнінде келген қонақтарға кәсіпорынды мекеме директоры Заманбек Алтынғадысұлы мен бас технолог Зоя Оразова таныстырды. Бұл фабрика 15 жыл бұрын құрылған. Қазіргі уақытта мұнда 200-ден астам адам еңбек етуде. Десе де әлі бос орындар бар. Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған.
Негізінен аталған фабрикада арнайы тапсырыс бойынша кәсіби формалар тігіледі. Мәселен, әскерилер, құқық қорғау органдары, спортшылар, теміржолшылар және басқа да бірқатар сала өкілдерінің арнайы киімдері. Жұмыс конвейерлік принцип бойынша ойластырылған. Бес жыл бұрын мұнда түрлі сала өкілдеріне арнайы аяқ киім тігуде қолға алды.
Қызметкерлер саны көбейген сайын тапсырыстарды қабылдаудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.
Айта кетерлігі, бұл жерге студенттер оқытушыларымен немесе өндірістік оқыту шеберлерімен бірге келген. Аға шебер Перизат Әбиева Алматы қаласында орналасқан «Қызмет көрсету және азық-түлік саласындағы Алматы облыстық инновациялық технологиялар колледжінің» атынан қатысты. Оның айтуынша, оқу орны мен кәсіпорын сегіз жылдан бері бір-бірімен тығыз жұмыс істеп келеді. Сондықтан колледждің көптеген студенттері осыннан өндірістік оқудан өтуде.
– «Altyn Juldyz» фабрикасының өндірістік базасы өте жақсы, – деп атап өтті Перизат Манапқызы. – Бұл заманауи тігін машиналары, сандық басқаруы бар кесу машиналары және т.б. Студенттеріміз өндіріс процесінің барлық кезеңдерімен – матаны таңдаудан, үлгілеуден және пішуден бастап, дайын өнімді қабылдауға дейін таныса алды. Ашы есік күні пайдалы әрі жемісті болды деп ойлаймын.
Шарада барысында «Career day» акциясы аясында «Altyn Juldyz» тігін фабрикасының басшылығына да қызметкерлерді жатақханадан орналастыру мәселесін ойластыру туралы ұсыныс жасалды. Көптеген адамдар осында жұмыс істегісі келеді, бірақ кептелістер мен қашықтықтықтың кесіренен ары-бері жүріп тұру қиын. Расында да, тұрғын үй мәселесін шешу кәсіпорынға жүзден астам бос тұрған жұмыс орындарын толтыруға, соның нәтижесінде қабылдайтын тапсырыстар санын ұлғайтуға, кәсіпорын мүмкіндіктерін кеңейтуге және кіріс бюджетін арттыруға септігін тигізер еді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

