Осыдан 30 жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған құтқарушылар қызметі күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп, жауапты әрі сауапты істі атқарып келеді. Адам өмірін сақтап қалуда еш қауіпке қарамастан жедел әрекет ететін құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің жұмысы жеңіл емес. Әсіресе, техногендік, табиғи апаттарда, көктемгі су тасқыны кезінде апат аймағына барып, көмекке ұмтылған құтқарушыларың ісі нағыз ерлік. Сондықтан да оларды бүгінгі күннің батыры десек те артық емес.
Алда келе жатқан қазан айының 19-ы күні елімізде аталған сала мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Осыны ескере отырып, батыл маман иелерінің біркүндік жұмыс барысы қалай жүретіндігін өз көзімізбен көріп, жақынырақ танысу мақсатында ауданымыздың орталығында орналасқан аудандық төтенше жағдайлар бөліміне арнайы барып қайттық.
Бөлімге тиесілі ғимараттың табалдырығын аттай салысымен бізді № 5 Өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Жандос Мырзағалиев қарсы алды. Бұл жерде бізге серіктес болған азамат жайлы айтып өтпеске болмас.
Жандос Болатұлы қызықты да қиындығы да мол құтқарушылық салада жеті жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыттың ішінде ол әріптестерімен бірге түрлі қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келіп, тосыннан тұтанатын қызыл жалынмен арпалысып, біраз адамның өмірін құтқарды. Ал таяуда жауапкершілігі мол мамандықты абыроймен атқарып жүрген азаматтық қорғау капитаны аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты № 5 Өрт сөндіру бөлімінің басшысы болып тағайындалған.
Мақаламыздың негізгі бөліміне қайтып келсек, Жандос Мырзағалиев бізге шағын экскурсия жасамас бұрын мекеменің тарихы мен бүгіні туралы айтып берді.
Қарасай ауданы бойынша төтенше жағдай бөлімі 1969 жылы Алматы облысының өз еркімен құрылған өрт сөндіру қоғамының базасында № 9 кәсіптік өрт сөндіру бөлімі болып жұмысын бастады. Сол кездері бөлімнің жауынгерлік есебінде бар болғаны бір өрт сөндіру ГАЗ-51 автокөлігі шассиіндегі және шаруашылық автокөлік болған. Жеке құрам 16 құтқарушыдан тұрған. Ал 1974 жылы өрт сөндіру депосының жаңа үлгідегі ғимараты салынып, штат 28 адамға дейін ұлғайған. Жалпы 1969-2007 жылдар аралығында мекеме біраз өзгерістерге ұшырады.
Тек 2008 жылы Алматы облысының Қарасай ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімі болып қайта құрылды. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметімен қатар № 5 өрт сөндірушілер бөлімінде 40 қызметкер еңбек етеді. Техника жағына келсек, бөлім өрт сөндіруге арналған арнайы және қосалқы жалпы 10 көлікпен қамтамасыз етілген. Күнделікті бөлімде бес қызметкер кезекшілікке түседі және екі арнайы көлік кезекшілікке дайын тұрады.
Осы екі бөлімнің жұмысын бүгінде біріктіріп, басқарып отырған азаматтық қорғау майоры Бағдат Шәріпбеков. Алғашқы еңбек жолын 2013 жылы орта және аға басшы құрамында бастаған Бағдат Сәрсенбекұлы әр жылдары Алматы облысына қарасты Талғар мен Қарасай аудандарының төтенше жағдайлар бөлімінде және облыстық департаментте әртүрлі лауазымдарда жұмыс атқарған. Тек 2024 жылдың шілде айында Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Тәжірибелі маманның білікті басшылығының арқасында аудандық бөлімнің жұмысы бүгінде жүйелі жүріп келеді.
Жұмысы таңмен таласа басталатын бөлімнің күні қызықты әрі қарбалас өтеді. Кезекшілікке шыққан қызметкерлер таңғы сапқа тұрып, қауіпсіздік ережесін қайталап, бір күндік тапсырмалармен танысады. Сондай-ақ кезекші қарауыл қызметке кіріспес бұрын өрт сөндіру құралдарының, түтікқұбыр мен жеке қорғаныс заттарының жарамдылығын тексереді. Осы жұмыстарды жүргізіп болған соң Жандос Болатұлы бізді алдымен диспетчердің жұмысымен таныстырды.
Жалпы аудандық құтқарушылар тек өрт кезінде ғана өзге төтенше жағдайлар кезінде де көмек көрсетеді. Яғни, мамандар жол-көлік оқиғалары, судағы төтенше жағдайлар, тұрмыстық апаттар, газдың немесе улы заттардың таралуы, құлаған ғимараттар мен табиғи апаттар сияқты оқиғаларда да біріншілердің қатарында көмекке келеді. Құтқарушылар арнайы техника мен жабдықтың көмегімен зардап шеккендерді эвакуациялап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді және апат салдарын жою бойынша жұмыстар атқарады.
Сондықтан бөлімдегі кезекші-диспетчерлік қызметіне орта есеппен күніне 6-7 қоңырау түседі. Оның барлығын диспетчер арнайы журналға енгізеді. Шақыртуға не себеп болғанын және нақты мекенжай туралы қажетті ақпаратты алған соң диспетчер дабыл нүктесін басады. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар формаларын киіп, дереу оқиға орнына шығып, төтенше жағдайға сай жедел әрекет етеді. Егер жағдай отпен байланысты болса, өрт сөндірушілер нақты алгоритм бойынша барлау жүргізеді, адамдарды эвакуациялайды, өрт ошағын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстарын жүргізеді. Жалпы шақыртулардың басым бөлігі өрттерге, тұрмыстық апаттарға және жол-көлік оқиғаларына байланысты.
Мұнан соң біз өрт сөндірушілерге арналған көліктермен таныстық. Бөлімде қажетті құралмен жабдықталған 10 автокөлік бар. Барлығы таза, жедел шақыртуға сақадай сай тұр. Ал қызметкерлер арасында әскери тәртіп. Командирдің әр сөзі – заң. Бұлжымай орындалады. Төтенше оқиға болмаса да өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жұмыс кестелері тығыз. Олардың күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады.
Оған дәлел – бізге көрсетілген ғимараттың ішіндегі оқу сыныбы. Иә, төтенше жағдай мекемелерінде осындай сыныптардың барлығы маңызды. Себебі мұнда мамандар кейінгі өрт шыққан жағдайды тереңірек талқылайды. От қайдан шықты, оның өршуіне не себеп болғанын сөз етеді. Сондай-ақ үйде, пәтерде, автокөліктер мен арнайы техникаларда, ормандағы және даладағы, кәсіпорындар мен қоймаларда электр қалқаншалары, газ қондырғылары мен жабдықтардың ақаулығынан немесе отты абайсыз пайдалану, темекі шегуден туындайтын өрт түрлерін зерттеп, әр жағдайда қандай алгоритм бойынша жұмыс істеу керектігі туралы білімдерін кеңейтеді.
Бұған қоса өрт сөндіру автоцистернасы, автосаты, байланыс және жарықтандыру техникасы, заманауи жеке қорғаныс құралдары, тыныс алу аппараттары, гидравликалық құрылғы, жылу бейнелеу камералары және өзге де өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын қалай қолдану керектігі туралы тағы бір мәрте ақпарат алады. Арнайы сабақтарда құтқарушылар жалпы оқыс жағдайларда қандай іс-әрекет ету керектігі туралы теориялық білімдерін жетілдіріп отырады. Мұндай сабақтар күнделікті өтеді. Сондықтан дабыл болмаған жағдайда таңғы саптан кейін мамандар бірден сабаққа барады.
Оқу-сабақтарынан бөлек төтенше жағдайлар бөлімінің инспекторлары күнделікті жоспарға сәйкес тұрғын үйлер мен нысандарда профилактикалық рейдтер жүргізеді. Мәселен, қазіргі жылыту маусымы аясында мамандар өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша «тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі», «жылыту пештерін қысқы кезеңге дайындау» және «адамдардың көміртегі тотығымен улануының алдын алу» акциялары бойынша күнделікті үгіт-насихат жұмыстарымен айналысады. Одан бөлек олар аудандағы тұрмысы төмен отбасылардың үйлерін аралап, улы газдарды сезетін арнайы құрылғысын да орнатады.
Жалпы төтеншеліктер маусымға сәйкес жұмыс істейді. Жоғарыда аталған жұмыстар күзгі және қысқа мезгілде атқарылады. Ал жаз мезгілінде жұмыстар өрт қаупінің алдын алу мен шомылу маусымындағы қауіпсіздікті сақтау бағытында жүреді. Мәселен, биылғы жазғы мезгіл басталмас бұрын құтқарушылардың дайындығын тексеру мақсатында сәуір айында аудан аумағындағы «Іле-Алатау» ұлттық паркі Ақсай филиалында ерікті өрт сөндіру бөлімшелері және орман шаруашылығы қызметкерлерімен өрт тактикалық жаттығулар өткізіліп, саптық тексеріс жасалды. Бұған қоса маусым айында Қаскелең қаласының №5 өрт сөндіру бөлімімен күн сайын Қаскелең шатқалында механикаландырылған күзет ұйымдастырылып, бақылау жұмыстары жүргізілді. Қосымша еріктілерден тұратын өртке қарсы 11 топ құрылды. Бүгінгі таңда Қарасай ауданының аумағын 57839 гектар мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын жерлер алып жатыр. 28818 гектар жері – егіс алаңы. Оған қоса егіс алаңында 125 км минералданған жолақтар құрылды. Барлық аумақ бақылауда болады.
Шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясының 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес, аудандағы уәкілетті органдар, жергілікті атқарушы органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер, оқу орындары мен еңбек ұжымдары арасында тығыз байланыс орнатылып, үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіледі. Тұрақты үгіт-насихат жұмыстарымен қатар «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында жадынамалар мен брошюралар таратылады. Сонымен қатар қалалық және ауылдық округтермен бірлесіп су қоймаларының иелері қауіпті жерлерде суға түсуге тыйым салынғандығы туралы ақпарат жазылған ескерту және тыйым салу белгілері орнатылады.
Ал көктем кезінде еріген қардың кесірінен су басу қаупін алдын алу бағытындағы шаралар қолға алынады.

Мұның бәрі қарасайлық құтқарушылардың күнделікті атқарып жүрген жұмыстары. Көптеген адамдар мұны білмеуі немесе байқамауы мүмкін. Алайда аудан аумағында орын алып жатқан оқыс жағдайлардың азаюы осы жұмыстардың нәтижесі.
Қуанышымызға орай аудандық құтқарушылармен өткізген күнімізде ауқымды төтенше жағдай жайында қоңырау болмады. Күн тыныш өтті. Десе де әр бөлімнің жұмысымен етене танысқан біз оларға артылған жүктің ауыр, жауапкершіліктің жоғары екенін өз көзімізбен көріп, олардың бүгінгі күннің батыры деген атқа әбден лайық екеніне көз жеткіздік.
Мақаламыздың соңында қауырт жұмысқа қарамастан, бізді жылы шыраймен қарсы алып, өздерінің бөлімдерінің ішкі өмірімен жақынырақ таныстырған Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне алғысызды білдіреміз. Құрметті құтқарушыларымызға кәсіби мерекелері қарсаңында ізгі ниет ретінде мықты денсаулық, сәттілік және әрқашанда үйлеріне аман-есен оралуын тілейміз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
