Ауданымыздың айнасы – «Naqty» газетінің жарық көргеніне 90 жыл толып отыр екен. Бұл, сөз жоқ, тек редакция ұжымы ғана емес, оның бүкіл оқырманына да ортақ мереке деп есептеймін.
Өз басым «Заман жаршысы» (басылымның бұрынғы атауы) газеті редакциясының есігін 2009 жылы тамыз айының бас жағында алғаш рет аштым. Бас редакторы белгілі журналист, марқұм Өтесін Құбиев, ал орынбасары сол кездің өзінде елге жақсы танылып қалған қазіргі бас редактор Атлана Исаева болып шықты.
Өтекең менімен әбден сөйлесіп, мән-жайды толық білген соң (отбасылық жағдаймен Жамбыл облысынан қоныс аударып келгенмін ғой), бір тілшілік орынның бос екенін айтып, жұмысқа қабылдады. Міне, сол уақыттан қасиетті Қарасай жеріндегі 14 жылға созылған қызметім байыпты басталып жүре берген.
Сөйтіп, аудандық газетте тілші ретінде біраз тер төктім. Жарқ еткен жақсылықтарды жазып, кейде кеткен кемшіліктер мен орын алған олқылықтарды көрсеттім. Ел-жұртпен етене жақын жүрдім, ауданнан шыққан атақты тұлғалар жайында қалам тербедім, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажына назар аудартуға күш салдым. Әрине, бұл кез келген ақ ниетті тілші атқарар жұмыс қой, негізінде.
Көп ұзамай баспасөз саласындағы бұрынғы мол тәжірибем ескеріліп, бас редактордың орынбасары болып бекітілдім. Өйткені Атлана қызым басқа жұмысқа ауысып кеткен еді. Бұл ретте де жаман жұмыс істемеген секілдімін. Сонда мен бүйттім, мен өйттім деп барлығыңыздың бастарыңызды ауыртпай-ақ қояйын, құрметті оқырман! Оның бәрі де мұрағаттағы газет бетінде «сайрап жатыр». Бірақ мақтанғаным емес, адал еңбек еткенім анық, айқын.
Қарасай жерінде небір ғажап жандармен таныстым. Осы орайда, жүз жасаған, ауданның абыздары атанған, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қос қазыналы қария – Үсенбай ата Тастанбеков (кезінде осы газеттің редакторы болған) пен Сейітхан ата Исаевты айрықша атар едім! Елді, жерді, аймақ тарихын өте жақсы білетін марқұмдар газеттің нағыз белсенді тілшісі еді, жиі-жиі жазғандарын әкелетін. Сол сияқты асыл аналар – аудандық әжелер алқасының төрағасы Ақылия Бекбайқызының, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызының әлі күнге дейін мақалалары жарияланып тұрады. Бұл ретте, сонымен қатар, ардагер ұстаздар Ақлима Көсемова, Қалида Қосшығұлов, марқұм Ағабек Шалғынбайұлы және қазіргі аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Несіпбала Әбділдаева, еңбек ардагерлері Орынбасар Жанәділ, Баян Мұхамедиярова, Нағима Сағатова, Тұрсынбала Шуашева, Елеусіз Ахметкерімұлы, Қанат Тәкебаев та талай мәрте жергілікті басылым бетінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелерді көтеріп отырды, мұндай игі істері осы күнге дейін жалғасуда.
Бүгінгі бас редактор Атлана Исаеваның да орынбасары болдым, тілші қызметін атқардым. Қазір зейнеткермін. Дегенмен аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесімін.
Осы тұста атап айтатын мәселе, басшылардың зор сенімін арқалап, аса жауапты жұмысқа үлкен белсенділікпен батыл кіріскен Атлана Жанатқызы газеттің атын ғана емес, затын да өзгертті! Ол жетекшілікке келгелі басылымның көркемделуі, әсіресе, мазмұны барынша жаңарды. Осылайша заманның тынысы мен тамырын тап баса алатын іскер, ілкімді, жігерлі, жаңашыл басшы басылымның мәртебесін көтеріп, мерейін өсірді. Материалдық-техникалық базасы жақсарды. Тіпті, талай уақыт өз баспанасы болмай, әр жерді сағалап жүрген редакцияның жаңа жеке ғимаратқа қоныстануының өзі неге тұрады!
Аудандық газеттте Танзиля Мұхтарова деген өте тәжірибелі тілші бар. Сол сияқты Айгүл Қыстықбаева да дизайнер ретінде көптен бері жемісті жұмыс істейді. Ал арт-менеджер Иван Елисеевтің шеберлігі өз алдына!
Қазір редакциядағы Дидар Мухамадиев атты тамаша тілші жігітті де ел-жұрт жақсы біліп қалды. Редактордың орынбасары ретінде оны, шын мәнінде, Атлана Жанатқызының оң қолы деуге әбден болады. Сондай-ақ жас тілшілер Бұрым Орынбасар мен Ақтоты Мырзабекқызының да тәжірибесі артып, екеуі де газет ісінде ысылып қалды.
Міне, осындай ұйымшыл ұжымға, өзім де әбден бауыр басып қалған басылым қызметкерлеріне «Мерейтойларың құтты болсын, айналайындар, Алла алда да жолдарыңды ашық қылсын!» деген ақ ниетімді білдіремін.
Сөз соңын газетке арнаған мынадай жыр-шумақтарымен аяқтағым келеді:
Толғаулы тоқсанға да келдің бүгін,
Уақыттың да шығарып келдің үнін.
Өзіңнен оқиды ел оқырманның
Арманын, аңсарын, мөлдір мұңын.
Айтқандарың сан алуан да салмақты,
Көтересің көп жайды да жан-жақты.
Жерің, әй, қасиетті Қарасайдың
Азаматын да әспеттейсің ардақты.
Өз орның бар ақпарат айдынында,
Мыңдаған оқырманның – байлығың да.
Құшақ жайып жақсылыққа қуанасың,
Адамдардың сүйесің барлығын да.
Халқыңның құлағы һәм тілісің,
Газеттердің ішінде сен, сен, ірісің.
Өмірдің қыр-сырына байлайтұғын
Байыпты басылымның бірісің.
Ойлары тілшілердің ұшқыр болсын,
Қаламдары қайралып үшкір болсын.
Ел мен жердің бағы мен қамы үшін
Әр ісі де пайдалы, ұтқыр болсын.
Алда да сан жұлдызың жана берсін,
Атағың да алыстарға бара берсін.
Жазғандарың жалпыға үлгі болып,
Көне тарих қойнауында қала берсін!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қарасай ауданының Құрметті азаматы.