Өткен аптада ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Алматы облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту барысымен танысып, «Жылу орталығы» жылумен жабдықтау кәсіпорнының жұмысын тексерді. Сонымен қатар, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, осы салаға қатысты бірқатар мәселені талқылады.
Қонаев қаласы
«БАКАД» БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ
Сапар кезінде Үкімет басшысына ел арасында «БАКАД» деп аталып кеткен, жалпы ұзындығы 66 км болатын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бүгінгі таңда негізгі жер жұмыстары жүргізіліп, барлық көпірлер мен жолайрықтар салынды. Сонымен қатар, автожолды абаттандыру және жолақысын алудың интеллектуалды жүйесін іске қосу, көлік құралдарын динамикалық өлшеу жұмыстары жалғасуда. Әлихан Асханұлы өз сөзінде автомагистраль өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын атап өтті. Оның айтуынша, ҮАААЖ Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға, Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді, яғни, қала экологиясына да оң әсерін тигізеді.
«Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды, алғашқы инвестициялық жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Әкімдік ҮАААЖ-ға дейінгі радиалды жолдарды тез аяқтауы керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді», – деді Әлихан Смайылов.
«ҚОЯНҚҰС» ТҰРҒЫН АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ
Премьер-Министр өңірді аралау кезінде «Gate City» серіктес қаласындағы «Қоянқұс» тұрғын ауданында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мұндағы жұмыстар 2024 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.
G4 City-ді дамыту тұжырымдамасы бойынша интеграцияланған қала төрт ауданнан тұрады: Gate – іскерлік және қаржы орталығы, Golden – білім беру және медициналық хабтар, Growing – өнеркәсіптік және логистикалық хабтар, Green – туристік кластер. Қазіргі уақытта «Gate City» аумағында магистральдық инженерлік желілер жүргізіліп, «Қоянқұс» тұрғын ауданының құрылысы басталып кеткен.
«G4 City жаңа Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық және туристік орталыққа айналады деп ойлаймыз. Облыс әкімдігі жобаның әлеуметтік бағытына, ең алдымен қаладағы тұрмыс сапасына барынша көңіл бөлуі қажет», – деді Үкімет басшысы.
ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қонаев қаласында 2020 жылы газға ауыстырылған «Жылу орталығы» жылумен жабдықтау ұйымының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта ол шамамен 179,72 Гкал/сағ өндіреді және 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да объектілерді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
Үкімет басшысы жылумен жабдықтау көздерін газға ауыстыру оның энергия тиімділігін арттыруға және атмосфераға шығарылатын зиянды заттар қалдықтарын едәуір төмендетуге мүмкіндік бергенін мәлімдеді
«Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесін беру оның дамуына айтарлықтай серпін беріп, қалаға көшіп келуші халықтың санын көбейтті. Соған сәйкес өңірде жылу энергиясын тұтынуға сұраныстың өсуін ескере отырып, әкімдік жылу көздерінің қуатын арттыру мәселелерін пысықтауы қажет», – деп Үкімет басшысы міндет жүктеді.
ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА ҚОЛДАУ БОЛУ КЕРЕК
Облысқа арнайы келген Премьер-Министр Ә.Смайылов мұндағы бірнеше өндіріс орындарының әлеуетімен танысты. Солардың арасында «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС-і бар. Аталған кәсіпорын 2003 жылы жеке инвестициялар есебінен салынды және гипстен жасалған бұйымдар, құрғақ құрылыс қоспаларын, сондай-ақ мырышталған профильдер шығарады.
Қазіргі уақытта өндіріс 100% қуаттылықпен жұмыс істеуде. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа және таяу шетелдерге: Ауғанстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріне жеткізіледі. 2022 жылы жалпы өндіріс көлемінің 30%-дан астамы экспортқа жіберілді.
Премьер-Министрі өндіріс орындарын аралау кезінде Үкімет құрылыс индустриясында жоғары технологиялық кәсіпорындар құруды белсенді қолдайтынын, бұл импортты алмастыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Шетелдік инвестицияларды тарта отырып, мұндай жобаларды іске асыру инвесторларды қолдау бағытында мемлекеттің сенімді көрсеткіші болып табылады. Облыс әкімдігі жаңа индустриялық жобаларды іске қосу үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыруы тиіс», – деп мәлімдеді Ә.Смайылов.
АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
Алматы облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдегі агроөнеркәсіп саласына көңіл бөлді. Бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Үкімет басшысы алдымен инновациялық технологияларды қолдана отырып, жеміс-жидектерді терең өңдейтін «Fruit Art» ЖШС экспорттық кластеріне барды. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өнімі дамыған елдердің нарықтарына (тамақ өнеркәсібі және бөлшек сауда желілері), соның ішінде ЕО, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяға жеткізіледі.
Алматы облысы – қолайлы климаттық және географиялық жағдайлардың арқасында ірі аграрлық өнім өндірушілердің бірі. Бұл жайында Әлихан Асханұлы нақты айтып, жаңа өнім өңдейтін агрокәсіпорындардың құрылуы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін арттыратынын мәлімдеді. Бұл ретте жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін сақтауды және өткізуді қамтамасыз ету өте маңызды мәселе екені де айтылды.
Премьер-Министр өңірді аралау кезінде облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-шөп, ветеринариялық препараттар, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және т. б. сатып алу мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Әлихан Смайылов аграрийлерді қолдау Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Бұрын өнімділікке тікелей әсер ететін субсидияларды ғана қалдыру үшін субсидиялау жүйесін өзгерту жоспарда болған. Бірақ фермерлермен кеңескеннен кейін біз қолданыстағы кейбір субсидиялау стандарттарын сақтап қалу туралы ортақ келісімге келдік. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азаматтарды қолжетімді бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіс», – деді Премьер-Министр.
Алдағы жылдары Үкімет тарапынан шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлінетіні белгілі болды. Мұндай қолдауды Үкімет басшысы өзі айтты.
Сапар барысында Премьер-Министр Ә.Смайылов былтыр іске қосылған, жылына 15 мыңға дейін өнім шығаратын «Nauryz Agro KZ» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының жұмысымен танысты. Барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорынның өз инкубаторы бар және қазіргі уақытта ет өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр.
«Азық-түлік қауіпсіздігі – бүгінгі күннің басты сын-қатерлерінің бірі. Облыс әкімдігі өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін және агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін осындай жобаларға қолдау көрсетуі қажет», – деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы тез дайындалатын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС кәсіпорнына барды. Өз өнімдерін ішкі нарыққа да, жақын шет елдерге де сатып отырған зауытта 850 адам жұмыс істейді. Өткен жылы мұнда алкогольсіз сусындардың жаңа желісі іске қосылды. Өндіріс қуатты жылына 78 млн бөтелкені (лимонадтар және т.б.) құрады. Қосымша 90 жұмыс орны құрылды.
«Бұл заманауи зауыт – шетелдік инвестицияның қатысуымен іске асып жатқан табысты жобаның нақты көрінісі. Бүгінгі таңда өнімнің 70%-дан астамы экспортқа жіберіледі, бұл өңірдегі тамақ өнеркәсібін дамыту әлеуеті қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті билік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және оларды кеңейту мәселелері бойынша жәрдемдесуі қажет», – деп мәлімдеді Премьер-Министр Ә.Смайылов.
2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ОБЛЫСТА 63 МЕКТЕП, 38 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛАДЫ
Үкімет басшысы облыстағы нысандарды аралаған соң Қонаев қаласында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мәселелері талқылау жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында ол Үкімет Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында ұсынылған кең ауқымды реформаларды іске асыруға кіріскенін атап өтті.
«Онда дамудың негізгі драйверлері ретінде өңірлерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы жылдарда ауылдық аймақтарды өркендетуге басымдық беріліп, ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналатын болады. Бұл ретте еліміздің аграрлық-индустриалды өңірі болып саналатын Алматы облысының алатын орны ерекше», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр өз сөзінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл бағытта «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жаңа ұлттық жобалары іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін облыста 68 мың орынға арналған 63 мектеп және 38 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын ашу жоспарлануда.
«Үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін қосымша 9 мектеп салу қажет. Қаржы министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты бюджеттен тыс қорымыз бар. Оған 120 млрд теңге түсті. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігіне қаражат бөлуге тиісті өтінім беру керек», – деді Үкімет басшысы.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.