Ұстаз деген – ұлы есім. Осынау жауапкершілігі зор саланың жүгін арқалап жүрген кәсіби маманның бірі Шолпан Оспанова десек артықтық етпейді. Осы орайда білім саласында үздіксіз қызмет ету арқылы бала жанының бағбанына айналған жаны ізгі жан туралы аз-кем сыр тарқатуды жөн санадық.
Бүгінде Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Батан ауылы орта мектебінің тізгінін ұстаған Шолпан Айтқұлқызы өзінің ең алғашқы еңбек жолын Жамбыл ауданы Ақсеңгір орта мектебінде мұғалім болудан бастаған.
Одан әрі Қарасай ауданы білім бөлімінің әдіскері, кейін әдістеме кабинетінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, үлкен тәжірибе жинақтады.
Еңбек жолында түрлі жауапты қызметтерді атқара отырып, саланың майталман маманына айналған Шолпан Оспановаға Қарасай ауданы Жамбыл ауылы, Жамбыл атындағы орта мектепті басқару міндеті жүктелді. Аталмыш білім ошағында жемісті еңбек еткен, білікті басшы кейін дәл осы аудандағы, Жамбыл ауылындағы №2 орта мектебінің директоры болып тағайындалды.
Осы тұста айта кетерлігі Шолпан Айтқұлқызы өз қызмет жолында жаңадан ашылған мектептерді басқару ісін қолға ала отырып, мектепті аяғынан тік тұрғызуға мұрындық болды.
2021 жылдан бері Қарасай ауданы Батан ауылының орта мектебінің директоры қызметін атқарып келе жатқан Шолпан Айтқұлқызы қай білім шаңырағында қызмет атқарса да ең бірінші темірдей тәртіпті ұстануымен ерекшеленеді. 70-ке жуық мұғалім еңбек ететін Батан ауылындағы орта мектеп ұжымын өзінің ұйымшылдығының арқасында сүттей ұйытып отырған білікті басшының іскерлігі кім-кімге болса да үлгі етуге тұрарлықтай. Мектепте бүгінде 700-ге тарта оқушы білім алса, олардың әрбірінің жанын ұғып, баламен балаша сөйлесіп, оларды толғандырған мәселенің оң шешімін табуына ықпал етіп келе жатқандығы да ол кісінің мейірбан екендігінің белгісі деп білемін. Мектебіміздің білім саласындағы жеткен жетістіктері директордың іскерлігімен тікелей байланысты екендігі сөзсіз. Бұл тұрғыда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нелля Сейдалиева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Біржан Айтқалиев және әдіскер Жәмилә Құрманбаевалардың да еңбегі орасан зор екендігі белгілі.
Шолпан Оспанова белгілі бір қатып қалған қағидамен емес, жұмыстың өнімділігі үшін таң атпай іске кірісіп, уақытпен санаспай жұмыс істейді. Мұның өзі басшының өз ісіне берілгендігінің бір көрінісі.Мектебіміздің ең басты ерекшелігінің бірі айнадай тазалығында. Күннің райы қандай болса да біздің мектептің тазалығы мен тиянақтылығы бас сұққан әрбір жанның жанын жадыратып сала береді.
2021-2023 жылдар аралығында оқушылар мен мұғалімдер аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда, конкурстарда, сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, топты жарып жүргені де білім шаңырағындағы білімге деген құштарлықтың айғағы.
Шолпан Айтқұлқызы туралы сөз қозғағанда ол кісінің білім саласындағы жетістіктерін айту ләзім. Атап айтқанда, 2019 жылы Халықаралық IQ орталықтың «Үркер» Алғыс хатымен, «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалының Құрмет грамотасымен марапатталып, абырой биігінен көрінді.
Сонымен қатар, «Білім беру және ғылым қызметкерлерінің Қарасай аудандық жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің және Қарасай ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып, ел алдында еткен еңбегі еленуде.
Одан бөлек Стамбул қаласында «YI Global teaching Istanbul» іс-шарасына белсенді атсалысқаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталған. Біз білікті басшы жетістіктерінің бір парасын ғана атап өттік. Барлығын тізбектеу, әрине мүмкін емес.
Батан ауылының орта мектебі аралас мектеп болғандықтан, оқу ордасында түрлі ұлттың балалары білім алады. Сонымен қатар, алыстан атамекенін аңсап келген қандастардың балалары да осы мектептен дәріс алады.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, ынтымақ пен бірлікті ту еткен мектепте барша ұлттың баласы бір отбасының баласындай тату-тәтті білім нәрімен сусындап жатқанының өзі көпті сүйсінтпей қоймайды.
Шолпан Оспанова туралы әңгіме өрбіткенде ол кісінің үлкенге құрметі мен кішіге деген ізеті туралы да сөз қозғауды жөн санадым. Мектеп ұжымы бүгінде Батан ауылының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жақан Саламатов, ел ағасы Амангелді Толынбеков сынды ардагерлермен де тығыз қарым-қатынас орната отырып, өскелең ұрпаққа өнеге болар тағылымды іс-шараларды жиі өткізеді. Осындай тәлімі зор іс-шаралар барысында мектеп оқушылары ақсақалдардың ақ батасын алып, өсиетін тыңдайды. «Батаменен ел көгерер» десек, осындайда тәрбие мен білімді ұштастырған білім ордасының болашағы жарқын, келешегі кемел екеніне сенесің…
Иә, Шолпан Айтқұлқызы ұлағатты ұстаз, білікті басшы ғана емес отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Өмірлік серігі Ерлан Момбаев екеуі Аяжан, Алмас атты алтын асықтай ұл мен қыз өсіріп, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Отбасында да жұмысында да шынайы бақытқа кенелген жаннан ескен мейірім жылуын сезініп, бір ұжымда жемісті жұмыс істеудің өзі бір ғанибет дер едім.
Лаура ОРАЗОВА,
Батан ауылы орта мектебінің
кітапхана меңгерушісі.