Ақлия Бекбайқызы – қаламгер ұстаз, Еңбекшіқазақ, Қарасай ауданының құрметті азаматы, «Асылым, ардағым», «Сөнбесін шырағың», «Қара қайрақ», «Сағынышым – Әбекем…» атты кітаптардың авторы. Ғасырдан- ғасырға жалғасқан ұлт дәстүрін, отбасы құндылығын, қара шаңырақтың қадір- қасиетін сақтап, дәріптеп отырған ғажап ана, дана әже. Шығармаларындағы осы мәселелер Қарасай ауданының бірқатар мектептерінде, колледждерінде насихатталып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ұлы дала аналары» облыстық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. А.Бекбайқызы – «Ел анасы» атағының иегері.
Құлпы (Әбекеңнің әжесі). Қасиетіңнен айналдым, Қара шаңырақ. Бір әулеттің түп-тамыры, бақ- берекесінің ұйытқысысың сен.Сенің ошағыңның отын өшірмей, түтінін түзу етемін деп шарқ ұрдым. 37-нің қасіретінде жалғызымнан келген қара қағазды қан жұтқан жүрегімде 8 жыл сақтадым.Тіпті аяулы жары келініме де білдірмедім.Тым жас қой, немеремді ертіп жүре берсе, бір шаңырақтың күйрейтінін түсініп, бүтін бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ- Әбенімнен айрылмадым.Замана зобалаңынан қорғап бақтым.Ал 41-дің қырғынында келінімді өз қолымнан ұзаттым да, бұғанағы қатпаған баладан Азамат жасадым. Әулеттің тұмары болған, бабаларының қолының табы қалған қасиетті қара қайрақты сақтап, өзіне табыстадым.
Ақылия. Қара шаңырақ, сенде қандай тылсым күш бар? Ошағыңның сөнуге айналған отын тұтатамын деп шарқ ұрдым. Тағдыр мені Әбекеңмен жолықтырғанда, оған тек жар ғана емес, шаңырағын өркен жайдырып, қайта жаңғыртатын рухани мықты медет керек екенін түсіндім. Ол әкесіз жетім, мен анасыз жетім, орны ойсыраған жетімдіктің орнын бір-бірімізге деген адал махаббатпен толтырып, тектілік тамыр жайған ошақтың отын бірге тұтаттық.
Рахима ана (Әбекеңнің анасы). Жалғыз жәдігерімді асқар тау- әкесі жоқ дегізбей, өзімнің тәрбиеммен емес, ұлтымның тәрбиесімен өсірдім. Ер баланы топқа салдым, көпке қостым.Түздің шаруасын жасаттым.Ұлтының бар құндылығын уызында қандырып, жүрегіне дархан даласына деген махаббатты ұялаттым. Намысы қайнап, жігері тасып тұратын.
Ақылия. Сол жігерден, алып күштен мен сарқылмас қуат алдым, өшпес от алдым. Мен оған тәңірімдей табындым.Әрбір парасатты азаматтың артында ақылды да дана әйел тұрады десе, мен сол болуға өмір бойы талпындым. Қос қанаты- қос ұлымызды, қызғалдақ қызымызды дүниеге әкеліп,оларды өзіміздің тәрбиемізбен емес, ұлтымыздың тәрбиесімен өсірдік. Мен үш бірдей қасиетке – бабаларының көзі болған Қара қайраққа, ұрпағына қалған аманат Қара кездікке, қасиетті Қара шаңыраққа ие болдым.
Иә, ене мен келіннің бұл диологы – Ақылия Бекбайқызының «Қара қайрақ» кітабының желісімен сахнаға қойылған мюзиклдің тобықтай түйіні, Өмірәлиевтер әулетінің ащы шындығы. Бастарынан қандай зұлматты кешірсе де, қара шаңырақты шайқалтпай, ұрпағын қызғыштай қорғаған қазақ аналарының құдіреті бойжеткеннің қара шаңырақ алдындағы парызын өмірінің ұраны етті. Қазақ үшін қара шаңырақ алтын діңгек екендігі, отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие мәселелері автордың қаламынан туған «Асылым, ардағым», «Шырағың сөнбесін», «Қара қайрақ» сынды кітаптарының негізгі арқауы. Қаламгер ұстаз ұлт тәрбиесінің негізі адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы – отбасынан басталатынын, сыйластық, меймандостық, имандылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, ізгілік, мейірім, өнерпаздық, кісілік келбет, бәрі-бәрі осы кішкентай ғана Отаннан бастау алатынын жан- жақты дәріптейді. Қасиетті қара шаңырақ өсіп-өнген ұрпақтың иіліп кіріп, именіп тұратын киелі мекені,тәу ететін қастерлі орны екенін бүгінгі ұрпаққа ұғындырылады. Ұстаз ана ынтымақты, берекелі, жарасымды отбасылық өмірді насихаттауға бағытталған жүйелі жұмыстарында кітаптарын кеңінен пайдаланады.
Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Бүгінде анамыз бабадан жеткен өз жұртының салт-санасын, әдет- ғұрпын күзетіп, өз шаңырағының төрінде, жарқын із, ғибратты тағылым қалдырған отағасының ісін жалғап отыр. «Алланың берген қуатына мың шүкір, менің өмірімнің мәні – әуелі отбасым, екінші ұстаздық. Отбасымда әулетімнің ендігі үлкені ретінде береке-бірлік, ынтымақтың ұйытқысы болуды басты парызым деп санап келдім, тірлігім де солай бола бермек», – дейді ана «Сағынышым- Әбекем…» естелігінде. Отбасынан тамыр алып тараған, өсіп-өнген ұрпағының бас қосатын киелі орны осы шаңырақ. Атаулы күндерде, қазақтың мерекелері айт, наурызда барлығы қадамын қара шаңырақтан бастап, ұл-қыз, немере, шөберелер әженің ақ дастарқанының басынан табылады. Балалары жұма сайын қара шаңыраққа иіліп сәлем беріп, ата-бабаға Құран бағыштайды.Бұл үйдің ешкімге ұқсамайтын өз отбасылық дәстүрлері мен заңдылықтары бар.Соның бірі – тәрбиелік мән мен рухани дән болған кітапты қадір тұту, оқу.
Ойдың заманнан озуы, тілдің тас жаруы, ақылдың қыр асуы тек қана кітапты көп оқығаннан деп ұғынған отағасы Әбен аға отбасылық кітапхана жасақтап, әлемдік көркем туындылардың жауһарларын жиған. Оларды немерелерімен бірге оқуды, одан әрі талдап, пікірлесуді дәстүрге айналдырған. Бұл игі істі ақылман апайымыз одан әрі жалғап, кітапхананы байытумен келеді.Бір шаңырақтың мұражайы іспетті бұл бөлмеде әулет тарихы тізіліп тұр. Кітап оқу кісілікке, кемелдікке, кемеңгер көрегендікке тәрбиелейтінін ұрпағының санасына сіңірген анамыз кішкентай шөберелеріне Абай мұраларын аманаттап, олардың атына қолтаңбасын қалдырып отыратынын көргенде келешек ұрпағын кітап оқуға, Абай тереңіне бас ұруға, зерттеп-зерделеуге шақырып отырғанын көріп таң қаласың. Ертеңгі ұрпақ асыл әженің аманаттаған қазынасынан неге нәр алмасқа деген ойға келесің.
Өмір көрген, өріс көрген үлкендермен бас қосу бір ғанибет қой, шіркін! Олардың бір ауыз сөзінің артында тұтас бір тарих тұрғандай, ал ары мен ұяттың жалауы тәріздес ақ жаулығы көп сырды аңғартқандай. Сән мен салтанат түнған кең залдағы тәрбиемен астасқан дастарқанның иесі Ақылия апайдың асынан ұлтымыздың иісі аңқып тұрды десем, артық айтқандық емес.Қарынға салынған май өз уысының пішінімен тәрелкеде тұр. Жұп-жұқа, қытырлап тұрған шелпегі қандай! Ал ақ ірімшік салынған хрусталь ыдысын көтеріп ап, әрқайсысымызға сала жүріп, бұл асты данышпан Абай сүйіп жегенін, оның дайындау тәсілін айта жүргені тіпті керемет. Осылайша жылы-жұмсағын, тәтті-дәмдісін бабына келтіріп жасап, ауызашарға келгендерге құрақ ұшты. Мөлдіреген сорпасы, артынша балбырап піскен қазы-қарта, жал-жаясы бәрі-бәрі ақ анамыздың баяу, әуезді үнімен айтылған әңгімесімен желініп жатты. Ғасырлармен сүрленген дала дәмін бүгінге дейін сақтап, оны дастарқанында дәріптеп отырған ананың бұл тағы бір қыры.
«Адам алдымен Аллаға құлшылық етіп, бойындағы бар білімін, өзіндегі бар қасиетті біреуді үйретуге жұмсаса, сонда адам дер едім. «Өзім үшін өмір сүрем, біреу үшін емес», дейтіндерге түбегейлі қарсымын. Өмірге енді қадам басқан, тәжірибесі жоқ бүгінгі жастарға үйреткеннен ләззат алам, рахаттанам, бұл менің өмірлік ұстанымым.Ұстаз ретінде заман көшінен қалмай, жаңа платформаларды да да меңгеруім сондықтан»,– дейді қария. Ұлт дәстүрін заңнан биік санаған ол салт-дәстүрлі ел мықты, әрі тұғыры берік болатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді.
Бұл үйден береке-бірлікке табан тірескен, әулет намысын ту еткен ынтымақты істі алға оздырған салиқалы ұрпақ өсіп келеді. Өйткені мұнда отбасының маздап жанған отын өшірмей, ата-ана үлгісін үкілеп, қара шаңырақтың қасиетін ұлт ұйытқысына айналдырып отырған ошақтың анасы отыр.
В. ҚЫДРБАЕВА,
Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қара шаңырақтың қадір-қасиетін ұлықтаған ұлағатты ұстаз
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Знай наших » Қара шаңырақтың қадір-қасиетін ұлықтаған ұлағатты ұстаз