Елімізде әлем назарын аудартқан тарихи орынның бірі – Таңбалы шатқалы. Оны ежелгі Жетісуды әр кезеңде мекендеген бағзы жұрттың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен хабар беретін мұралар жиынтығы шоғырланған орын деп таниды. Ол Алматы қаласынан 170 шақырым солтүстік-батыста, Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылының маңында орналасқан.
Жалпы ауданы 3800 гектарды алып жатқан аумақ бейне бір ашық аспан астындағы алып көрме іспетті. Таңбалы шатқалы есте жоқ ескі заманнан қалған жәдігерлердің көп шоғырлануымен ерекшеленеді. Сонысымен де бірегей. Мұнда әртүрлі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш орындар бар. Олар — қола дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі ғасырларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары. Бәрі бірігіп үш мың жыл бойы осы жерді мекендеген ертедегі және кейінгі кездегі халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен құрайды. Мұндағы негізгі жәдігер – жақпар тастардың бетіндегі петроглифтер. Оның ұзын саны үш мыңнан асады. Жартасқа қашап салынған сансыз суреттер галереясы негізінен қола дәуіріне тән.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілген осынау баға жетпес құндылықты сақтау үшін 2003 жылдың қазанында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы құрылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жасалды. Қорық-мұражай ескерткіштерін археологиялық құжаттандыру, картаға, суретке түсіру, тас суреттерінің жиынтығын жасау, консервациялық жұмыстар, геологиялық зерттеулер жүргізілді. Ғылыми қызметкерлермен бірге қорықшылар, инженерлер, экскурсоводтар және туристік бағыттар бойынша гидтерді біріктірген штат бірліктері бөлінді. Қарабастау елді мекенінде сапаршы орталығы салынып, онда тастағы суреттердің нақты көшірмелері мен бейіттерді қазу кезінде табылған қыш құмыра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар, тағы басқа жәдігерлер көрмеге қойылды. 2014 жылы қорық-мұражай ЮНЕСКО қорының ерекше қорғалатын мұражайлар қатарына кірді.
Қарабастаудағы бас кеңсе ғимаратында спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. Бүгінде мұнда саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасалып, сапар орталығы ретінде ғимарат бой көтерген. Қорық-мұражайдағы мамандар туристерді қабылдап, туған өлкенің өткенінен, рухани әлемінен әсерлі әңгіме өткізеді. Таңбалыға шетелдіктер де көптеп келеді. Жылына орта есеппен 5 мыңнан аса саяхатшының тастағы тарихқа тамсануы оған деген ықыластың артқанын білдіреді. Ғылыми-зерттеу және мәдени-рухани мекеменің негізгі міндеттерінің бірі мұражай қорын сақтау болып табылады. Қызметкерлер жыл сайын ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында бақылау-барлау жұмыстарын жүргізіп, жаңадан табылған археологиялық мұраларды есепке алып, оларды бүлінуден қорғау мақсатында іс-шаралар атқарады. Тізімге алынған әрбір ескерткіш ұлт байлығының рухани қазынасы екені анық.
Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау – қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі. Көптеген тарихи-мәдени мұралар адамдардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырды. Қазақ елінің басынан өткен аумалы-төкпелі замандарда мұндағы құнды жәдігердің қаншасы тоналғаны белгісіз. Қолды болмаған қорымның бүгінге жеткені санаулы ғана. Уақыт табы да тасты өз дегеніне салып, тау жыныстары жарылып, кей тұстары мүжіліп тұр. Ашық далада ыстық-суықтан, жауын-шашыннан тастағы суреттің көбі көмескіленген. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да тарихи-мәдени мұраларды зақым келтіруден қорғауға үлес қосқаны құба-құп. Ескерткіштерді сақтау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз елінің өткеніне жанашырлықпен қарайтын ұлтжанды етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл мақсатта оқушылар экскурсиялары ұйымдастырылып тұрады.
«Таңбалыдағы» тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, зерттеу және насихаттау бүгінде мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан іс. Мұражайдың қор сақтау бөлімі жартас суреттерін қалпына келтіру және ғылыми-зерттеу бағытында тыңғылықты жұмыс жасау үстінде. Мамандар жыл сайын археологиялық зерттеулер арқылы «Таңбалы» аумағынан жартас суреттері мен қорған-қабірлердің, тұрақтардың орнын тауып, зерттеп, тізімге алып келеді.
Шатқал алты топқа бөлініп, әр топ бойынша туристерге көрсету бағыттары белгіленген. Оны түгел аралап шығуға шамамен төрт сағаттай уақыт кетеді. Қорық-мұражай аумағында автокөлікпен жүруге тиым салынған. Өйткені машина дүрілінің өзі құнды жәдігерге әсер етуі мүмкін деп саналады. Сондықтан келушілер көлікті тұраққа қалдырып, жаяу барады. Шатқалдағы тарам-тарам сүрлеумен жүріп отырып, бағзыдан қалған бірегей мұраны қолмен ұстап, көңілге түюдің әсері теледидар мен кітап-журналдан көргеннен әлдеқайда өзгеше. Жартас бетіне қашалған өнер туындылары ежелгі бабалардың ой-санасы, тіршілігі, қоршаған ортамен байланысынан мағлұмат береді.
Мәселен, таста шекілген «Күн басты» мен «Ай басты» аталып кеткен суретте екеуін айнала он екі адам қоршап, билеп жүргені бейнеленген. Неше мың жылдар өтсе де, композиция анадайдан көзге анық көрінеді. Күнге табынушылардың саны дәл 12 болуы тегін болмаса керек. Жылдың 12 айдан тұратынын, адамның жасы 12 жыл сайын бір мүшелге толып отыратынын ұлы далада ғұмыр кешкендер баяғыдан-ақ топшылаған-ау деген ойға жетелейді. Сол сияқты бұғы, қабан, таутеке, бұқа, құлан бейнелері, топталып аң аулау сәті, жылқыны жүгендеп міну, ту ұстаған салт атты, екі дөңгелекті арба жегілген түйе сияқты көріністер өте ертеде бедерленген. Кейінгі түркі дәуірінде жаңартылған кескіндер де кездеседі. Әр бейнеде белгілі бір мазмұн бар. Отандық ғалымдардың пікірінше, мұндағы суреттерде қазақ өнер тарихының, философиясының бастауы жатыр.
Бұл аумақта табиғатта өте сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Соның бірі – «Регель қызғалдағы» деген атпен тіркелген. Ол Қазақстанда ғана өсетін гүл. Халқымыз оны ежелден «Лалагүл» дейді. Лалагүл Шу-Іле тауларында тасты және жартасты беткейлерде, көбінесе қара жалаңаш тауларда кездеседі. Ал Алматы облысында тек Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылдық округінің аумағында ғана өседі.
Аңырақай жазығы жақтағы бұл маң – қызғалдақтың осы түрінің ежелден көптеп шоғырланған орнының бірі. Табиғат аясында өзінің әдемілігімен ерекшеленетін Регель гүлі сәуір айының аяғы мен мамырдың басы аралығында 10-15 күн ғана гүлдейді. Сабағы өте қысқа, гүлінің түсі ақ сары, ашық күлгін болып келеді. Тарақ тістер тәрізді көптеген өсінділері бар жалғыз ғана жапырағы бар. Сонысымен де ерекшеленеді. Жапырағы жолақты матаға ұқсайды. Лалагүл тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынған.
Қызғалдақтың сирек түрінің гүлдеуіне байланысты Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабастау елді мекенінің маңында орналасқан «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында биылғы мамыр айында «Регель қызғалдағы» атты республикалық фестиваль өткен еді. Жалпы қорық-мұражай аумағында өсімдік пен аң-құстың көптеген түрі кездеседі. Шара осындағы бес мың жылдық тарихы бар жәдігерлерді кеңінен насихаттаумен қатар табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған.
Сол шараға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих және археология факультетінің ұстаздары мен студенттері және Америка, Африка, Польша, Түркия, Ресейдің жас ғалым-зерттеушілері келді. Шетелдік ғалымдар Таңбалы табиғатын тамашалап, шатқалдағы жартастарға қашалған жәдігерлерді аралап көріп, музей қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Фестиваль аясында суретшілердің табиғат аясында Регель қызғалдағын салу және таспен бейнелеу, сурет көрмесі шаралары ұйымдастырылды. Оған Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің ұжымы атсалысты. Ашық далада сурет салып, гүлді таспен бейнелеу жұмыстарына шетелдіктер аса қызығушылық танытып, жас суретшілер көрмесіне жоғары баға берді.
Үмбетәлі мұражайы жанынан ашылған сурет үйірмесіне қатысушы оқушылар бұған алдын ала дайындықпен барыпты. Олар Регель гүлінің өсетін жерлерін зерттеп, әр түрлі форматта гүлдердің суреттерін салып, ол жұмыстарын осында алып келіп, көрмеге қойды. Жас суретшілер сондай-ақ белгілі қылқалам шеберлері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Әуелбек Ысқақов пен Ахат Манаповтың жетекшілігімен Таңбалы шатқалының көрнекті бір жотасында көлемі үй орнындай жерге табиғи тастармен Лала гүлін бейнелеп, оны бояды. Арасында жартас бетіндегі ежелгі суреттермен танысып, әсерленген жастар қолдарына байлы бояуларын алып, Таңбалы табиғатын әр қырынан салып, өздерінің шеберліктерін ашық аспан астында шыңдады. Оларға кәсіби қылқалам шеберлері Ә.Ысқақов пен А.Манапов мұндай жағдайда сурет салу нүктесін, кеңістікті көре білу жайлы түсіндіріп, өздері де кенеп бетіне табиғатты айшықтап, шеберлік сағатын өткізді. Суретші-оқушылар әр жерге отыра қалып, өз беттерінше шамамен үш-төрт сағаттай плэнер сурет салу жұмыстарымен айналысты.
Соңында «Таңбалы» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Сарбасов пен директордың ғылыми жағынан орынбасары Ринат Шәріпов бұл тарихи-мәдени орынды табиғатымен біртұтас қалпында сақтаудың әлемдік маңызына тоқталды. Бір күнге созылған қызықты іс-шараға белсенді атсалысқандары үшін жас суретшілер мен ұстаздарын алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Өз кезегінде жас суретшілер үйірмесінің жетекшісі, Ү.Кәрібаев музейінің меңгерушісі Әуелбек Мұсаханұлы бұл іс-шараның Қазақстан Суретшілер одағының биылғы 90 жылдығына орайластырылғанын да ерекше атап өтті. Қылқалам иелерінің мерейтойына арнап алда тағы бірнеше шаралар жоспарланғанынан хабардар етті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.