1 қыркүйек күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Сенат және Мәжіліс депутаттарының бірлескен отырысына қатысып, Парламенттің жаңа, яғни, төртінші сессиясын ашып берді. Қос палатадағы халық қалаулыларына жіктеп тұрып жеті міндет жүктеп, жұмысқа жіті кірісуді тапсырды.
Парламенттің осы орайдағы алтыншы қаралымының сессиясында Президент алда қабылданатын заңдар жайлы айтып, оның бірқатар міндеттерін де айшықтап айтып берді.
Жалпы, халықтың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын одан әрі жақсарту, экономиканы қарқынды дамыту, халықты жұмыспен қамту сияқты бірқатар тапсырмалардың төңірегінде мүдделі сөз қозғады.
Сондай-ақ, бұл сессияда аталған заң жобаларынан бөлек Елбасымыздың «қылмыстық заңнаманы ізгілендіретін» Заң туралы атап айтқаны да белгілі. Үстіміздегі жылы 21 маусымда қабылданған Заңның ерекшелігі – баламалы жаза шараларын қолдану. Осы мақсатта жаза өтеушілер қатары қоғамдық жұмысқа тартылады, айыппұл мөлшері азайып, 6 айдан 8 жылға дейін төлеу мерзімі ұзартылады.
Сонымен қатар, экономикалық, қызметтік 11 ауыр қылмыс бойынша бас бостандықты шектеу көзделіп отыр. Ал, сыбайластық қылмыс бойынша айтатын болсақ, гуманизм тұрғысында бұған да жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, ауыр қылмыс жасаған азамат бұрын сотты болмаған жағдайда, жазасын жалпы режимдегі колонияда емес, қауіпсіздігі төмен мекемелерде өтейтін болады.
Біздің ойымызша, саналы адамға сапалы заң ешқашан кедергі бола қоймас. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, Заңдарды қастерлеп, оған бойсұну азаматтық борышымыз деп білемін.
Думан ДОШКЕЕВ,
Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы.