Жақында Береке ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Қазақстан – спорттық ұлт!» атты эстафеталық ойын өтті. Бұл жарыс Береке ауылдық мәдениет үйінің спорт ұжымдарынан құралған таеквондо және каратэ киокушинкай үйірме қатысушылары арасында өтті.
Жалпы, барлық эстафеталық ойындар адам денсаулығы үшін маңызды. Оған қатысушылар тез, тура жүгіру кезінде бар күшін салуға дағдыланады. Шапшаң епті қимылдауға үйренеді. Ұйымшыл болып, команда мүддесі үшін жақсы нәтиже көрсетуге тырысады. Айналаны бағдарлап аз уақытта өзінің және қарсыласының әрекетін байқап үлгереді. Сонымен қатар ойыншының икемділігі мен төзімділік қабілеттері арта түседі. Міне, осы спорттық қасиеттердің барлығы біздің эстафетамызда анық байқалды. Командалардың спорттық деңгейін Береке ауылдық Мәдениет үйінің директоры Мақпал Жаркетерова, акроботика үйірмесінің жетекшісі, цирк әртісі Хамит Шайзахов, «Үшкоңыр» спорт мектебінің ұстазы, Береке ауылдық мәдениет үйінің волейбол үйірмесінің жетекшісі Әйгерім Құспекқызы бағалады.
Мақсат Мақсұтов бастаған таеквондо тобы «Арыстан» атты атаумен сынға түсті. Ал, Ерік Дәулетқалиев жетекшілік еткен каратэшілер «Сұңқар» деп аталып мықты қарсылас бола білді. Екі команда да жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Ұжым арасында өткен жарыс болғандықтан, достық жеңді десек артық айтқандық болмас. Алайда, жарыс қорытындысы бойынша әр команда өздерінің спорттық қабілеттеріне байланысты тиісті марапаттары мен сыйлықтарын алды. Осылайша, тәуелсіздігінің 30-жылдығы аясында саламатты өмір салтын ұстану бағытында «Қазақстан – спорттық ұлт» атты эстафеталық ойынымыз өз мәресіне жетті.
Лаура ХАБУЛОВА,
Береке ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері.