Мемлекет басшысының бастамасымен 2018 жылы ұлттық бірегейлікті нығайту және дәстүр сабақтастығын жалғау мақсатында Ұлттық домбыра күнін ел болып атап өту қолға алынған. Осылайша бұл мереке шілде айының алғашқы жексенбісіне белгіленіп, бүгінге күнге дейін айтулы мерекенің құндылығы жыл сайын дәріптеліп келеді.
Сонымен қатар еліміздің басты қаласына айналған елорданың да мән-маңызын ұлықтау ұмыт қалған емес. Бұл ретте 6 шілде – Астана күнінің мерейлі мереке екенін ескеріп, шілде айының басында игі шаралардың легі бір-біріне жалғасып жататыны анық.
Қос мерекені атап өту Қарасай жерінде де жыл сайын дәстүрге айналған. Айтулы күндердің қарсаңында аудандық аурухананың перзентханасында ерекше шара өтіп, жақында ғана босанған 20 анаға айрықша құрмет көрсетілді.
Перзентханаға аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов арнайы барып, тоғыз ай толғатып, сәбилерін бауырына басқан 20 ананың қал-жағдайларын біліп, ақжарма тілегін білдірді. Бұл ізгі ниетке Қарасай аудандық клиникалық ауруханасының директоры Бауыржан Сатыбалды да ортақтасып, аналарға зор денсаулық тілеп, бала денсаулығы үшін уақтылы екпе алуды ұмытпау керек екенін алға тартты.
Шара барысында аналар мен сәбилерге аудан әкімдігі атынан ерекше сый-сияпаттар табыс етіліп, аудан әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы әр отбасының үйінде ұлттық аспап тұрсын, сәбилердің жолдары ашық болсын деген тілегін айтып, әрбір анаға домбыра мен нәрестеге арналған жөргек қалталарын сыйға тартты. Одан кейін аудан өнерпаздарды аяулы аналар мен сәбилерге ән арқылы құрметтерін көрсетіп, өнерлерін паш етті.
Өз тілшіміз.

