Жуырда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оны кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ашты. Күн тәртібі бойынша бірінші кезекте ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев «Ауыл шаруашылығы бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» есеп берді.
Жалпы ауданның жер көлемі 201 мың га. болса, ауыл шаруашылығы бағытындағы 126 мың га., оның ішінде егістік айналым 39,5 мың га (суармалы жері 14 141 га) жайылымдық жерлерінің көлемі – 70 370 га.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында мынадай шаруашылық субъектілері тіркелген:
•2-мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорны;
•27 өндірістік кооператив;
•101 жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
•2332 шаруа қожалығы.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында 20 500 адам жұмыс істейді.
2025 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті ауыл
Шаруашылық тауар өндірушілерінен өтінім берілген дизель отынының жалпы көлемі 361 тонна құрайды. Оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 250 тонна, ал күзгі егін жинау жұмыстарына 111 тоннаға өтінім берілді.
Қарасай ауданы бойынша 991 дана техника тіркелген. Жалпы техника дайындығы 97 пайыз.
2025 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамға 5% жылдық мөлшермен берілетін «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы арқылы Жібек жолы, Ұмтыл, Шамалған округінен 207 млн теңгеге 8 дана отандық ауыл шаруашылық техникасын алуға өтінім құжаттары тапсырылды. Бүгінгі күнге Жібек жолы, Ұмтыл ауылдық округінен 3 дана техника 40 млн теңгеге сатып алынды және 140,7 млн теңгеге 3 дана техниканың өтінімі мақұлданды.
Ауыл шаруашылығының өнімін арттыру мақсатында ауданда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Су үнемдеу технологиясы бойынша 2025 жылғы жоспар 2410 га, оның ішінде тамшылатып суару 1410 га, ал жаңбырлатып суару 1000 га құрайды.
Бүгінгі 1180 га жер теліміне су үнемдеуді енгізу бойынша келісімшарт жасалды. Оның ішінде 710 га жаңбырлатып суару, ал тамшылатып суару 470 га.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге 107 қарыз алушыға 956 млн теңгеге несие берілді және 374 млн теңгеге 13 кооперативтің құжаттары қабылданып, қаржы мәселесі күтілуде.
2,7 млрд теңгеге 313 жобаның өтінім құжаттары жинақталып, «Қонаев» Әлеуеметтік Кәсіпкерлік Корпорациясына өткізілді.
2025 жылдың көктем айларында себілетін егістіктің жалпы көлемі 27 645 га құрайды. Масақты дәнді дақылдар көлемі – 10 773 га.
Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие негізінде Береке ауылында орналасқан «Жетісу» өндірістік кооператив жобасы іске асырылуда. Аталған ферманы іске қосу мерзімі – 2025 жылдың тамыз айы.
Қазіргі уақытта сыйымдылығы 400 басқа арналған, құны 1 млрд теңге болатын жаңа сүт тауарлы фермасының құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр.
Мұнан кейін бөлім басшысы агросектордағы жаңалықтар, несие берудегі жеңілдіктер, субсидияның мән-жайы, «Кең дала» бағдарламасы туралы сұрақтарға жауап берді.
Қаралған мәселе бойынша кеңес мүшелері Несіпбала Әбділдаева, Ұлтусын Бархинова, Жанат Исағұлов, Орынбай Жанәділ, Әлия Даниярова, Сапар Жұмабаев, Талғат Құрмашев өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Ал Қаныбек Айтжанов тамшылатып суару жайын сұраса, Бауыржан Айнабеков жалпы ауыл шаруашылығының маңызын айта келе, С.Жарқымбаевтың өз ісін жетік білетін маман, басшы екенін атап көрсетті.
Келесі кезекте кеңес мүшелері қызмет бағыттары бойынша комиссиялардың құрамы мен алдағы жұмыс жоспарын бекітті.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.