Өткен аптада Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде «AMANAT» партиясы мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған инклюзиялық спорт фестивалі өтті.
Сайыстың негізгі мақсаты – инклюзиялық спорт-мәдени іс-шараларды өткізу арқылы ерекше білімге мүдделі мектеп оқушыларын өзімен тең мүмкіндікке ие құрдастарымен достық байланысты күшейту, әлеуметтік белсенділікті, сенім мен өзара сыйластықты арттыру, достық қарым-қатынасты нығайту.
Аталған жарысқа Алматы облысының Іле, Қарасай, Ұйғыр аудандарынан келген үшінші және сегізінші сыныптар арасынан 30-ға жуық оқушы қатысып, жарыстағы жүлделі орынға бақ сынады. Аталған аудандардан келген оқушылардың ішінде 10 оқушы ерекше қажеттілігі бар балалар болды.
Бұл іс-шарада жас спортшылар қазіргі кезде жақсы дамып келе жатқан «Бочча» деп аталатын ойын түрінен жарысқа түсіп, жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтқанда, кіші сыныптар арасында І орынға Қаскелең қаласындағы Н.Әлімқұлов мектебінің «Болашақ» командасы ие болса, ІІ орынға Қарасай ауданының Батан ауылынынан «Тұлпар» командасы лайық деп таынылды. Ал ІІІ орынның жүлдесі Іле ауданының «Сұңқар» командасына бұйырды. Сондай-ақ үлкен сыныптар арасында да бірінші және екінші орынды Қарасай ауданының оқушылары қанжығасына байлаған болса, үшінші орынды Ұйғыр ауданының «Жалын» командасы жеңіп алды.
Жарыс соңында командаларға өз жүлделерін табыстау үшін ортаға «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері» жөніндегі кеңес төрағасы Сұлтан Нұрғайыпұлы, Алматы облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Болатжан Саймасайұлы және Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабекұлы, сондай-ақ Алматы облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының төрайымы Айгүл Матанқызы, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Елболсын Сәкенұлы, облыстық татар және башқұрт мәдениеті қоғамының төрағасы Ильдар Юлдабаев сынды қонақтар шығып, жеңістің нәтижесін айтып, оқушыларға жүлделі марапаттарын табыстады.
Ұйымдастырылып отырған іс-шара рухы биік, мүмкіндігі шексіз жандарға әрдайым жан-жақты қолдау бар екенін сезіндірді.
Шұғыла ТЫНЫС.