Жылда қыс мезгілі басталғаннан кейін ауданымыздың барлық аймақтарындағы жолдарды қар мен мұздардан тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі. Биыл да түскен қардың мөлшері аз болсада ауданымыздағы тазалау шаралары өз деңгейінде атқарылып жатыр.
Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде аудандағы жолдарды күзгі-қысқы мерзімде күту жұмыстарымен «Казахавтодор» ЖШС-нің Алматы облысындағы филиалы «ДЭУ-14», «Дортехмонтажсервис» ЖШС мен «ДРСУ-8» ЖШС мекемелері айналысуда. Бүгінгі күні әрбір мекемеге бекітілген тиісті аумақтар бар.
Нақтырақ айтқанда, «ДЭУ-14» мекемесі бульдозер, автогрейдер, трактор сияқты 8 арнайы техникалармен ауданымызға қарасты республикалық маңызы бар жолдарына (Алматы – Бішкек, Алматы – Жандосов, Алматы – Нұр-Сұлтан) тазалау жұмыстарын жасауда. Ал, 253 шақырымды алып жатқан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын оған жауапты «ДРСУ-8» ЖШС 20 арнайы техникамен тазалауда.
Ауданымыздың жолдарына келетін болсақ, қардан тазалау жұмыстарына 1000 текше метр инертті материалдар, 12 тонна дизель отыны мен 6 мың литр бензин дайындалып, аударғыш көліктер, автогрейдер, тиегіштер мен алдыңғы үйінді және құм шашатын қондырғысы бар Камаздар сияқты жалпы саны 20 арнайы техникалар жұмылдырылды. Олар аудан орталығымен бірге 23 ауылдардағы 109 шақырым жолдарды жол қозғалысындағы қауіпсіздіктің алдын алу бойынша оларды тек қардан тазалап қана қоймай, сондай-ақ,тайғанақ жерлерге инертті материалдар мен тұз себуде.
Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің айтуынша, қаңтар айында жауған қардың көлемі жылдағы нормадан төмен болғандықтан, тазалау жұмыстары өз ретімен жасалуда.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.