Қарасай ауданы үшін өткен 2019 жыл табысты жыл болып, аудандағы барлық саладағы жұмыстар өз деңгейінде орындалды, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артта түсті. Аймақта бірнеше маңызды нысандар бой көтеріп, бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылып, көптеген тұрғындар жұмыспен қамтылды. Осы өзгерістердің барлығы өткен аптаның жұмасында Шамалған округінде болған аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың биылғы алғашқы халықпен есепті кездесуінде айтылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес, қазіргі кезде егемен елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру кездесулері өтуде. Осы ретте өткен аптаның жұмасында аудан әкімінің Елбасы туған ауылдағы Шамалған орта мектеп-гимназиясында тұрғындар алдында алғашқы есептік кездесуі болды. Жиынға Алматы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Илияс Шайнусипов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бірқатар бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Алдымен аудан басшысы Жандарбек Далабаев халық алдында жылдық жұмысын қорытындылап, аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әр салаларда атқарылған істер мен алдағы міндеттерді тарата айтты. Ол өткен жылы іргелі істер атқарылып, жүйелі жұмыстар жемісін бергенін атап көрсетті. Оның ішінде барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, кейбір көрсеткіштер бойынша облыста көш ілгері тұрғанын жеткізді. Баяндама барысында әр саладағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, ауылдарда атқарылған ауқымды жұмыстарды назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ, Жандарбек Ермекұлы тұрғындарды мазалап жүрген ауыз су, жол, газ және жарық мәселелері бүгінде қалай шешіліп жатқаны туралы да кеңінен айтып өтті. Өткен жылы жеткен жетістіктер мен бағындырған биіктер кеңінен қамтылған баяндама тыңдалған соң, тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікір айтуға, сұрақ қоюға кезек берілді.
Есептік кездесуде алғашқы сауалды осы ауылдың тұрғыны, ауған соғысының ардагері Елхан Сайфулин қойып, тұрғындар, әсіресі, үлкен кісілер кешкі уақытта қол-аяқты сергітіп, таза ауа мен демалуға болатын сквер жасалса деген өтінішін білдірді. Ал, ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Молбаев округтегі Қарасай батыр мектебінің қасындағы жолда бағдаршам мен жаяу жүргінші өтетін жер жоқтығын алдыға тартып, осы мәселені шешіп беруді өтінді. Тағы бір ауыл тұрғыны ауданымызда бір жағдай болып қалса, тез жиналып көмектесуге дайын ерікті жандар үшін арнайы бір штаб және де ауылды жерлерге ақпарат тезірек жету үшін радио ашса, сондай-ақ, ауданымыздағы Үшқоңыр тауындағы әдемі жерлерді басқа да адамдарға көрсету үшін туристік жол картасын жасаса деген ұсыныс білдірді. Мұнан бөлек шамалғандықтардың тарапынан жаңадан пайда болған көшелерге атау қойылмағаны туралы, алдағы уақытта Қарасай мешітінің қасынан салынатын саябақтың ішіне балаларға арналған ойын алаңын салу сияқты тағы да басқа бірқатар өтініш-тіліктер айтылды. Өз кезегінде ауыл тұрғындарын тыңдаған аудан әкімі аталған мәселерді шешу үшін тиісті бөлім басшылары мен Шамалған округінің әкімі Ержас Тоқтасыновқа нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, аудан басшысы кездесу барысында Шамалған округіне де тоқталып, қол жеткізген табыстарды тілге тиек етті. Атап айтқанда Жандарбек Ермекұлы жақында ашылған «Úshqońyr» спорт кешені, Мәдениет үйі жаңарту жұмыстан өтіп, келер жылы қолданысқа берілетіндігін, халықтың билікпен тығыз қарым-қатынас орнату үшін жақында ашылған сервистік әкімдік туралы да айтып өтті.
Шамалғандықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берген аудан әкімі жиын соңында 2020 жылы өңірімізде атқарылатын жұмыстарды бірлесе атқарып, үлкен жетістіктерге бірге жетейік, деген тілегін білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.