Жақында Талғар қаласында асық ату және бес асықтан 2013-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті. Қала орталығындағы №49 мектепте өткен сайысқа асық атудан алты, бес асықтан екі команда қатысты.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша, командалық есепте Қонаев қаласынан келген асық атушылар 13 ұпай жинап – бірінші, Еңбекшіқазақ ауданының командасы 12 ұпай жинап – екінші, Кеген ауданының командасы 10 ұпай жинап – үшінші орынды жеңіп алды.
Ал жекелей жарыста Кеген ауданынан келген жас өрен Нұрмұхамед Ерлік – бірінші, Қонаев қаласы, Кербұлақ ауылынан келген Мырзабек Мейрамбек – екінші, тағы бір кегендік Нұрмұхамед Мансұр – үшінші орынға ие болды.
«Командамыз жас болғанымен, жетістіктеріміз аз емес. Бар-жоғы бір жылдың ішінде біз республика чемпионатында үшінші орынды жеңіп алдық. Жамбыл ауданынан Жандос деген баламыз асық атудан Қазақстан республикасының рекордын жасап, «Алтын сақа» иегері атанды. Жалпы, ұлттық ойындардың жас ұрпақтың бойында ептілік, шапшаңдық, дәлдік сияқты қабілеттер мен тез және дұрыс шешім қабылдау қасиеттерін қалыптастырудағы маңызы өте зор», – дейді Алматы облысының бес асық бойынша бас бапкері Назымбек Байырбаев.
Жеңімпаздар тамыз айының ортасында Алматы қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды.
Майра ЖУНУСПАЕВА,
«Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі.
Талғар ауданы.