2013 жылы Тұңғыш Президентінің қаулысымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Сол уақыттан бері атаулы күнді елімізде жылда мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар, кәсіби мерекелерін тойлайды. Биыл да кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімдігінің бастамасымен үлкен спорттық іс-шара өтті.
Аудан әкімдігінің назарынан тыс қалмайтын саламатты өмір салтын қалыптастыру, кеңінен насихаттау мәселелері бүгінде мемлекеттік қызметкерлер арасында да жүйелі жүргізілуде. Биылғы жылы да мерекеге орай «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» ұранымен Шамалған ауылдық округіндегі «Ushqonyr» спорт мектебінде өткізілген спорттық сайыс осының бір дәлелі. Ауданға қарасты қала мен округтерде орналасқан әкімдіктерден және де өрт сөндіру бөлімінен құралған 14 командадағы сайысқа келген әрбір қатысушының дайындықтары ойдағыдай екендігі жарыс бастала салысымен белгілі болды. Айтулы сайыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Ілияс Қалиев қатысушыларға сәттілік тілеп, төл мерекелерімен құттықтады.
– Бүгінде халықтың көңілінен шығуға күш жұмсап, ел еңсесін тіктеуге үлес қосып жүрген барлық саладағы мемлекеттік қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Халықпен кері байланыс орнату, оларды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету, оларға бағыт-бағдар көрсету мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек. Баршаларыңызды келе жатқан мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі аппаратының басшысы. Мұнан кейін ол таяуда облыста көкпардан өткен сайыста аудан намысын қорғап, жүлделі үшінші орынға ие болған қарасайлық көкпаршыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыстады.
Салтанатты рәсімнен кейін спорттық турнирдің жеребесі тартылып, командалар өзара кіл мықтыны анықтауға кірісті. Айта кетейік, аудан әкімінің кубогіне арналған спартакиада спорттың алты түрі бойынша өткізілген. Олар – волейбол, тоғыз құмалақ, үстел теннисі, жүзу, шағын футбол, қазақ күресі.
Тартысты өткен сайыс соңында кіші футболдан өздерінің ептіліктерін танытып, қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Қаскелең қаласы 9-шы өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінен құралған команда ІІІ орынға табан тіресе, Райымбек аулдық округінің құрамасы ІІ орынды иеленді. Ал, жүлделі І орынды Шамалған ауыл округінің теңбіл доп шеберлері қанжығаларына байлады. «Үздік ойыншы» атағы Ислам Ибатжан, «Үздік қақпашы» Дидар Анаркулов, ал «Үздік қорғаушы» номинациясы Абылай Зуайдаға берілді. Сондай-ақ, волейболдан өткен командалық доданың нәтижесі бойынша І орынға Іргелі округінің командасы ие болды. Ал, ІІ орынды Жібек жолы округінің құрамасы қанжығаларына байласа, ІІІ орынға лайықты деп аудандық әкімідігің құрамасы танылды.
Сонымен қатар, спартакиаданың соңғы күні үстел теннисі, қазақ күресі, жүзі, тоғыз құмалақ сынды ойындардың да мықтылары анықталып, жеңімпаз командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.