Қарулы күштер ел тыныштығының тірегі. Сондықтан әрбір азамат үшін әскер қатарына барып, Отан тыныштығы үшін борышын өтеу парыз. Жыл сайын Қарулы күштер қатарын 40 мыңға жуық жас қазақстандық сарбаз толықтырады. Олардың жартысы көктемгі, ал қалғаны күзгі шақыртуда сапқа тұрады. Дегенмен қолына шақырту түскен сәтте сылтау іздеп жалтаратындар да аз емес.
Бұл мәселені шешу үшін елімізде соңғы жылдары мемлекет тарапынан әскердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірталай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «несиелік демалыс». Яғни әскерге шақырылғандар арасында несие алған адамдар аз емес. Олардың көбі несиенің үстемеақысы көбейіп кетеді деп қорқып, әскерге барудан жалтарып жатады. Сондықтан жас әскери міндетті мен олардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізді. Оған сәйкес азамат әскерден келгенше оның несие төлеу мерзімі 12 айға тоқтатылады.
Мұнан бөлек бір жылдық мерзімді әскери қызметін өтеп келгендер университеттерге ешқандай тест тапсырмай-ақ түсе алады. Ал әскери борышын өтеп келген жастардың екі жыл ішінде ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, әңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ әскерге барып келген азаматтар да ЖОО-ның әскери кафедраларына емтихансыз, гранттық негізде, ақылы не тегін оқып жатқанына қарамастан, университетте оқи алады. Кафедраға қабылдану үшін білім алушы бірінші курстан кейін іріктеу комиссиясының жұмысы кезеңінде ректордың атына өтініш жібереді. Кейін медициналық куәландырудан өтіп, әскери кафедраға тегін қабылданады.
Оған қоса мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген қосалқы (запасқа шығарылған) үлгілі жауынгерлерге ҰБТ-сыз, сонымен қатар ЖОО есебінен де оқу құқығы беріледі. Оқуға іріктеу төрт талап бойынша жүзеге асырылады. Олар: жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі; тәртібі; тәуліктік нарядта қызмет атқару барысында арнаулы міндеттерді орындауы және психологиялық жағдайды бағалау. Мұндай студенттер үшін шәкіртақы қарастырылмаған. Өйкені бұл мемлекеттік грант емес, университет есебінен білім алу. Егер университетте бос гранттар болса, студенттің оқу үлгерімі жақсы болса, мемлекеттік грантқа ауысуы мүмкін. Тек осындай жағдайда ғана стипендия ала алады. Жалпы, мерзімді әскери қызметі аяқталғаннан кейін екі жыл ішінде азамат жоғары оқу орнына түсуі керек.
Бұл бастаманы іске асыру үшін Қорғаныс министрлігі 80-ге жуық жоғарғы оқу орнымен келісімшарт жасаған. Оның арқасында соңғы екі жылда көптеген қазақстандық азаматтар тізімдегі университеттерде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан аталған жеңілдіктің нәтижесі жақсы деуге болады.
Тегін оқуға мүмкіндік алғандар қатарында біздің Қарасай ауданының жастары да бар. Анығырақ айтқанда, жыл сайынғы жоспарға сәйкес, 2024 жылы көктемдік шақырылым болып, ауданымыздан жасы 18-27 аралағындағы азаматтар бір жылдық борышын өтеуге жіберілген еді. Олардың арасынан 32-сі әскери қызмет кезінде жақсы жетістіктерге жетіп, әскери даярлық бойынша алдыңғы қатарға шығып, өздерін тек жақсы жағынан көрсете білді (тізімі төменде). Сол талпыныстарына сәйкес Қорғаныс министрлігі келісімшарт жасасқан жоғарғы оқу орындарының бірін таңдап, тегін оқуға мүмкіндік алды.
Жас сарбаздарды жетістіктерімен құттықтап, құрмет көрсету мақсатында таяуда ауданның бірқатар округтерінде салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Оның барысында округ әкімдері әскери міндетін орындап келгендерді жеткен жетістіктерімен құттықтап, министрліктен жіберілген сертификаттарын салтанатты түрде табыстап, алдағы оқуда сәттілік тіледі.
Бұл аудан үшін де жас сарбаздардың өзі мен отбасысы үшін де тамаша жаңалық болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
