Қарасай ауданының кәсіпкерлері де бұл шараға үлкен қызығушылық танытып, іргелі ірі өндіріс орындарының басшылары мен жұмысшылары да арнайы барып, шетелдік әріптестерінің жұмысын зор ықыласпен тамашалауда. Олардың ішінде «Ас-мар дәмді үй» ЖШС, «Жаңыл» ӨК, «Қазақстан қағазы», «Тиккурила» ЖШС, «Эфес» ЖШС және т.б. бар.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен танысып, әлемнің жасыл технология саласында жеткен жетістіктерін тамашалап қайтуға болатын ЭКСПО көрмесіне бару арқылы тың бизнес-жобалардың өмірге келуіне де жол ашылуы мүмкін.
Шындығында да еліміздің географиялық орналасу реттілігін, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, бұл қажеттіліктің орнын толтыруға тамаша мүмкіндік туғалы тұр. Бұл әлемдік көрмеде «Болашақ энергиясы» экологиялық тақырыбын таңдаған Қазақстанның сағатына 1 трлн. кв энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Ғаламдық деңгейдегі ғылымның даму үдерісін көрсетеді деп күтіп отырған «ЭКСПО-2017» көрмесі – Қазақстанды жаңа қырынан танытуға септігін тигізетін ұлы жоба екені даусыз. Тіпті, осы бастама арқылы елімізге қыруар табыс көзін кіргізуіміз әбден мүмкін. Өйткені, бұрын-соңды қолданысқа шықпаған жаңа технологиялар көрсетілімі бізге экономикалық табыс көзін көрсетуі ғажап емес.
* * *
Жалпы, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысуда қарасайлықтар айрықша белсенділік көрсетуде. Мәселен, осы уақытқа дейін біздің сегіз мыңнан аса жерлесіміз Астананың осы ғажайып бөлігінде болып қайтты.
Ел дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қарасайлық кәсіпкерлер де көрмеден көп нәрсені көкейлеріне түйді.
Ауданымыздағы «Қазақстан қағазы» ЖШС фин кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасып, келешекте бірлесе жұмыс істеудің мүмкіндігі қарастырылды. Атап айтқанда, ол суды тазарту жобасына қатысты болып отыр.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.[:]