Елімізде әр саланың дамуына үлестерін қосып келе жатқан мамандардың мемлекетіміз үшін атқарып жатқан жұмыстарын елеп, оларға құрмет көрсету мақсатында жылда аталып өтетін кәсіби мерекелер бекітілген. Ағымдағы жылы оның қатары кеңейді. Яғни, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қыркүйек айының 15-і санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының кәсіби мерекесі деп белгіленді.
Осыған байланысты біз ауданымыздың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айгүл Сатыбековамен жүздесіп, аталған салаға қатысты әңгіме өрбітуді жөн көрдік. Маманмен тілдесе отырып, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қызмет етіп жатқан мамандардың жұмысымен тереңірек таныстық. Сонымен қатар мекеме тарапынан Қарасай ауданы бойынша ауыз судың, тамақ өнімдерінің сапасын, қоршаған ортаның жай-күйін бақылай отырып, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың таралуын болдырмай, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы толығырақ сөз еттік.
– Айгүл Мадиярқызы, уақытыңызды бөліп, сұқбат беріп отырғаныңызға рақмет! Бүгінгі әңгімемізді алдымен өзіңіз басқарып отырған басқармадан бастасақ. Қарасай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінің негізгі жұмысы қандай? Басқармада қанша адам қызмет етеді? Жұмыстарыңызда қандай өзгерістер орын алуда?
– Тазалық – көзге көрінбейтін, бірақ сезілетін құндылық. Ол болмаса әлемге, тіршілік иелеріне ауқымын елестету мүмкін емес кесір тиеді. Сондықтан жалпы адамзат үшін тазалықты ұстану жай ғана ұстаным емес, өмір салтына айналу керек. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінің де негізгі бағыты – осы. Яғни адамдарға айналаны тазалықта ұстаудың маңыздылығын жеткізу және олардың тазалыққа байланысты ережелер мен талаптарды қатаң ұстануын қадағалау болып табылады.
Бүгінде бұл бағытта жұмыс істеп жатқан мекемелердің бірі, әрине біздің Қарасай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы. Жалпы басқарма санитариялық-гигиеналық бақылау, техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімі, эпидемиологиялық бақылау бөлімі, қызметті жоспарлау және талдау бөлімдерінен тұрады. Мұнда жеті мемлекеттік қызметші және үш қосалқы қызметкер еңбек етуде. Жылда кадрлардың біліктілігін арттыру, олардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру жөнінде басқарма тарапынан қажетті жұмыстар жүргізіліп отырады. Сондықтан қоластымдағы қызметкерлерімнің барлығы да өз ісін жақсы білетін, білікті де білімді мамандар деп айта аламын.
Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің басқарманың негізгі бағыты – тазалық. Ал функциямызға техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың сақталуына бақылау, халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын, радиациялық бақылауды жүзеге асыру кіреді. Одан бөлек мына міндеттер кіреді: тексеріске жататын өнімді, оның ішінде тамақ өнімін талапқа сай болуын қадағалау, құзіретінің шегінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторингтеу, профилактикалық іс-шараларды жүргізу, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіру және тағы да басқа бақылау мен тексеріс шараларын жүргізу.
Жұмысымызда орын алып жатқан өзгерістерге келетін болсақ, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жоспарлы тексеру тәртібі оңтайландырылды. Цифрлық технологияларды енгізу (электрондық есеп беру, бақылау жүйелері) бойынша және ҚР ДСМ нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша орын алуда. Сондай-ақ жұмыс уақыты бойынша да біраз түзетулер болды.
– Басқарма тарапынан жыл сайын жоспарға сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылатыны белгілі. Енді осы жайлы сөз етсек. Бүгінде Қарасай жеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қандай? Оны жақсарту мақсатында қандай жұмыстар істелуде?
– Әрине, бұл өте маңызды әрі өзекті мәселе. Бүгінде Қарасай ауданының аумағында санитариялық-эпидемиологиялық аухал тұрақты деп бағаланады. Алайда кей кезеңдерде (мысалы, маусымдық жұқпалы аурулар немесе вирустық инфекциялар көбейетін уақытта) ахуал күрделене түсуі мүмкін. Әсіресе, тұмау, ЖРВИ, ішек инфекциялары, тамақтан улану жағдайлары назарда ұсталады.
Соңғы жылдары COVID-19 пандемиясы да жүйенің тиімділігін арттырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осы ретте эпидемиологиялық қадағалау мен жедел әрекет ету механизмдері жетілдіріліп, цифрлық бақылау құралдары енгізіле бастады. Аудан аумағында санитариялық-эпидемиологиялық аухалды тұрақты ұстау мақсатында басқарма мамандарымен жыл сайын егу (вакцинация) науқандары ұйымдастырылады, медициналық ұйымдармен бірлесе отырып, скринингтер, профилактикалық тексерулер және аудан халқының тұтынатын ауыз су сапасына тұрақты түрде санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында зертханалық зерттеулер жүргізеді. Оған қоса халық арасында санитариялық мәдениетті көтеру мақсатында брошюралар, әлеуметтік желідегі посттар, түсіндіру, кездесулер ұйымдастырылады, әсіресе, ауылдық жерлерде санитариялық-гигиеналық дағдыларды қалыптастыруға көңіл бөледі.
Жалпы Қарасай ауданында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту бағытында жүйелі түрде кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың денсаулығын сақтау мен жалпы өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Дегенмен, бұл салада тек мемлекеттік органдар емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі де маңызды. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы вакцинация алу, санитариялық қағидаларының талаптарын сақтау секілді қарапайым ережелерге мән беру – бәріміз үшін ортақ міндет.
– Айгүл Мадиярқызы кейінгі жылдары әлемде оның ішінде біздің елімізде де көптеген жұқпалы аурулардың өршуі белсендеді. Осы ретте келесі сұрағымыз аудандағы жұқпалы аурулардың таралуы бойынша жағдайғы байланысты болмақ. Өткен жылмен салыстырғанда бүгінде жұқпалы аурулар деңгейі қандай қалыпта? Вакцинация жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Иә, өкінішке орай өзіңіз атап өткендей, кейінгі жылдары дүниежүзі бойынша оның ішінде, әрине, біздің Қазақстанда да жұқпалы аурулардың таралуында қайта белсенділік байқалып отыр. Бұған себеп ретінде халықтың көші-қоны, климаттың өзгеруі, санитариялық талаптардың сақталмауы және вакцинациядан бас тарту сияқты факторларды айтуға болады.
Қазіргі сәтте ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, кейбір инфекциялық және паразитарлық сырқаттанушылықтар бойынша өсу динамикасы бар. Нақтырақ айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда: скарлатина 9 жағдайдан (2.75) – 75 жағдайға (20,45), желшешек 33-тен (9,41) 118-ге (32,18), туберкулез 77-ден (21,96) 81-ге (22,09), дерматомикоздар 17-ден (4,85) 112-ге (30,54) дейін өскен. Алайда бір қуантарлығы, жедел таралатын жұқпалы көкжөтел 115 (32,80) жағдайдан 7 (1,91) жағдайға, қызылша 477-ден (136,06) 41-ге (11,18), ВГА 24-ден (6,85) 11-ге (3,00) дейін төмендеген.
Жоғарыда аталған індеттердің көбінің алдын-алудың тиімді жолы – вакцинация. Сондықтан ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес Қарасай ауданында жоспарлы түрде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында туберкулезге, вирустық гепатит «В», қызылшаға, сіреспеге, көкжөтелге, полиомиелитке, АПВ-ға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Ал тұмау мен ЖРВИ-дің белсенді эпидемиологиялық маусымына байланысты күз мезгілінде декреттелген контингент арасында жаппай тұмауға қарсы вакцинация басталады.
Вакцинамен басқарылатын сырқаттанушылықтарды алдын алу үшін екпемен қамтылған халық арасында оңтайлы көрсеткіш 95 % құрау қажет, бірақ, өкінішке орай, қазіргі уақытқа ондай көрсеткішке қол жеткізе алмадық. Қарасай ауданында екпеден бас тартқандар саны жылдан-жылға артуда. Оның басты себебі көптеген ата-аналардың екпеге сенімсіздік танытуы, жеке көзкарастары, интернеттегі шындыққа жанаспайтын, ғылыми дәлелсіз ақпараттарға сенуі болып отыр. Әлбетте, бұл мәселе назарға алынған. Біздің және денсаулық сақтау мекемелердің мамандарының тарапынан түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Дегенмен нәтиже әлі қанағаттанарлықтай болмай тұр.
– Таяуда ғана жаңа оқу жылы басталды. Сондықтан да бұл саланы да қозғап өтпеске болмас. Аудан аумағындағы білім ошақтарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Әсіресе, біраз өзгерістер енгізілген мектептегі тамақтандыру жүйесі жайлы. Бүгінде оны қалай тексеріп, бақылап отырсыздар?
– Қарасай ауданы аумағындағы барлық білім ошақтарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы қанағаттанарлық. Жыл басынан бері білім беретін мекемелерінің қызметіне арыздар, наразылықтар келіп түспеді. Сондай-ақ инфекциялық сырқаттанушылықтардың бұрқ етпе жағдайлары тіркелмеді.
Қазір басқарма бақылауында 76 жалпы білім беретін мекемелер, оның 68-і ыстық, алтауы буфеттік, екеуі кейтринг арқылы тамақ ұйымдастырылған. Иә, биылғы оқу жылында бірқатар мектепте тамақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай ас мәзірін жетілдіру, тағам сапасын арттыру және санитариялық талаптардың орындалуын қатаң бақылау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мектеп асханаларында дайындалатын тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты түрде қадағалау мақсатында арнайы комиссиялар құрылып, күнделікті бақылау жасалады.
Осы білім беру ұйымдарында тамақтану стандартын енгізу және оның талаптарын сақтау бойынша медицина қызметкерлеріне арналған әдістемелік ұсынымдарды Қазақ тағамтану академиясы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірлесіп, ЮНИСЕФ Қазақстанның қолдауымен әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Ол бойынша 62 жалпы білім беретін мектептің және 13 жекеменшік мектептің медицина қызметкерлеріне басқарма мамандары оқыту семинарларын өткізді.
– Айгүл Мадиярқызы, соңғы жылдары Қарасай ауданында құрылыс саласы белсендеп, асхана, кофехана секілді көптеген тамақ ішетін орындар ашылуда. Ал мұндай мекемелердің санитарлық талаптарға сәйкес болуын қадағалау сіздердің құзыреттеріңізде екен белгілі. Осыған байланысты біздің сауалымыз – бүгінде аудандағы тамақтану орындарының жағдайы қаншалықты талапқа сай? Жыл басынан бері бұзушылықтар табылды ма? Табылса оған қандай шара қолданылды?
– Иә, бүгінгі күні аудан аумағында ондай мекемелер саны жетерлік. Бірақ олардың көбі тексерістен өтпей, ресми тіркеліссіз жұмыс жасайды.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы талаптарға сәйкестігін тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес жоспарлы тексерістер жүргізіп отырамыз. Бірақ, бұл жерде бір айта кетерлігі, біз бұрынғыдай кез келген сәтте жоспардан тыс барып, тексеріс жасай алмаймыз. Тек ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың ҚР заңнамасының талаптарын бұзу фактілері туралы шағымдар түссе ғана, оның үстіне шағымданушының қолында талаптың бұзылғандығы туралы фото, видео, чек секілді дәлел бар болған жағдайда жоспардан тыс тексеріс жүргізе аламыз.
Ал аудандағы қоғамдық тамақтану орындарының жағдайы қаншалықты талапқа сай дегенге келетін болсақ, қанағаттанарлықтай десем болады. 2025 жылдың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы талаптарға сәйкестігін тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес екі қоғамдық тамақтану орындарында жоспарлы тексерістер жүргізіліп, анықталған санитариялық қағидалардың бұзушылықтары негізінде ҚР ӘҚБК-нің 425-бабының 1-тармағы бойынша айыппұлдар салынып, ұйғарымдар берілді. Сонымен қатар ағымды жылдың осы мерізімінде жеке немесе заң тұлғалардан қоғамдық тамақтану орындарына «е-Otinish» азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеу бірыңғай платформасы арқылы бір арыз тіркелді, қазіргі уақытта нысандарда жоспардан тыс тексеру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Объектіде санитариялық қағидалардың бұзушылықтары анықталған жағдайда ҚР ӘҚБК-нің баптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.
– Қарасай жерінде ауылдар көп болғандықтан, тұрғындардың біразы мал асырайды. Әрине, мал бар жерде жағымсыз иіс те бар. Бұл айналадағыларға қолайсыздық тудыратыны анық. Осы ретте мұндай жағдай туындағанда сіздердің тарапыңыздан қандай шаралар қолданылады?
– Мұндай мәселе кез келген ауданда кездеседі. Себебі қазақ халқы ежелден мал асыраған. Бүгіннің өзінде де көптеген адамдар тобыр болмаса да үйлерінде 1-2 мал ұстайды. Ал мал бар жерде, өзіңіз айтқандай жағымсыз иіс те бар. Әсіресе, жаз кезінде иіс мәселесі күрделене түседі. Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығына сәйкес мал ұстау орны эпидемиялық маңызы бар объектілердің тізбесіне кірмейді және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жатпайды.
Сондықтан тұрғындар мал ұстау орындарынан шығатын жағымсыз иістің адам өміріне, денсауылығына зиян келтіріп жатқандығын айқындау үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы ұйымдардың және (немесе) ҚР сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген өзге де зертханаларға жүгініулері қажет.
– Тағы бір маңызы мәселе – аудан аумағындағы сібір жарасы көміндісі. Жалпы сібір жарасы жұқпалы аса қауіпті ауру болғандықтан, оған қарсы күреске ерекше көңіл бөліну қажет. Таяуда Қаскелең аумағында осы аурудың көміндісі орналасқан жерге жақын қоныстанған тұрғындар тарапынан «оның көзін жою керек» деген секілді бірқатар шағым айтылған еді. Бұл мәселе бүгінде оң шешімін тапты ма? Жалпы аудан аумағындағы сібір жарасы көмінділері қандай жағдайда?
– Әлбетте, сібір жарасы қауіпті індет саналатындықтан, оған қарсы күреске ерекше көңіл бөлінуде және мемлекеттік бақылауда тұр. Біздің Қарасай ауданының аумағында бүгінде сібір жарасының стационарлы 10 ошағы тіркелген. Қарасай ауданының ветеринариялық бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе тексеріс жүргізу барысында көмінділер орналасқан ошақтардың аумақтары қоршалып, тақтайшалар қойылғандығы анықталды.
Басқарма мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік тапсырыс шеңберіне сәйкес, аудан аумағында орналасқан сібір жарасы көмінділерінің аумағынан 180 топырақ сынамалары алынып, Жетісу облысының Ұлттық сараптама орталығының аса қауіпті инфекциялық аурулар зертханасына жеткізілді. Нәтижесінде, сібір жарасының қоздырғыштары анықталған жоқ.
Жалпы қазіргі уақытта халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, денсаулық сақтау мен ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың және күйдіргі ошақтарында, сондай-ақ күйдіргі қоздырғышын жұқтыру, күйдіргі бар материалмен жұмыс істейтін, күйдіргі қоздырғышының болуына сынама алуды және зерттеуді жүргізетін зертханалардың мамандарына, мал соятын пункттердің, мал соятын алаңдардың және ішкі сауда объектілерінің 80 жұмыскеріне сібір жарасына қарсы вакцинация жүргізу жоспарланған. Бұған қоса аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бағытында халық арасында күйдіргінің алдын алу бойынша басқарма мамандары тарапынан әлеуметтік парақшаларда дәрістер оқылып, әңгімелер жүргізілуде. Халық көп шоғырланған сауда орталықтарында және базарларда радио рубка арқылы ақпараттық сауаттылықты арттыру мақсатында мақалалар оқытылуда. Медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастырылып, оқу-жаттығу жұмыстары өткізілуде.
– Бүгінде көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру мен арттыру мақсатында мемлекеттік мекемелерге цифрландыру жүйесі белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл өзгеріс сіздердің басқармаларыңызды да айналып өтпегені рас. Қазіргі сәтте жұмыстарыңыздағы цифрлы қызмет деңгейі қандай?
– Қарасай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасындағы цифрландыру бұл қоғамдық денсаулықты қорғау саласындағы бақылау мен қадағалау қызметтерін заманауи ақпараттық технологиялар көмегімен тиімді ұйымдастыру процесі болып табылады.
Қазіргі уақытта басқарма мамандары халыққа мемлекеттік қызмет көрсету барысында «e-License.kz», жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді уақытында тіркеп, тез арада қабылдау үшін «e-Otinish», халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында зертханалық, зертханалық-аспаптық зерттеулерді бақылау үшін «ekpo.nce.kz», тұмау және ЖРВИ-дің барлық жағдайларын күзетші және жоспарлы эпидемиологиялық қадағалау шеңберінде есепке алу мақсатында «ilisari.kz», ал қағазбастылықты қысқарту, бұйрықтар, хаттамалар электронды түрде рәсімдеу барысында электрондық құжат айналымы қолданылады. Бұл қосымшалардың барлығы біздің жұмысты айтарлықтай жеңілдетуде.
– Айгүл Мадиярқызы, ағымдағы жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары өздерінің кәсіби мерекелерін тұңғыш рет атап өтті. Осы ретте бүгінгі сұқбатымызды пайдалана отырып, әріптестеріңізге айтқыңыз келетін тілегіңізді білдірсеңіз…
– Кез келген уақытта да халықтың санитариялық-эпидемиологиялық тазалығын қамтамасыз ету негізгі мәселелердің бірі болатындықтан, біздің жұмысымыз табандылық пен асқан кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан осы жауапкершілігі мол саланы таңдап, аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерімнің еңбегі ұшан теңіз деп білемін.
Әріптестерімді, тазалықты қадағалап, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу жолында тынбай еңбек етіп жүрген абзал жандарды кәсіби мерекеміз – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршасына зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына амандық пен береке тілеймін. Елімізде ешқандай қиындық болмасын, халқымыз ауырмасын, әр адам бейбіт күннің шуағында өмір сүре берсін деп тілеймін!
– Айгүл Мадиярқызы, берген сұқбатыңызға рақмет! Қарасай ауданының аумағында санитариялық-эпидемиологиялық аухалдың тұрақты болуы, әрине, бірінші кезекте басқарма мамандарының жоғарғы біліктілігі мен қажырлы еңбегі. Сондықтан Сізді және Сіз басшылық етіп отырған ұжымыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
