Алматы облысында жыл соңына дейін барлық ауданда халық театры ашылады деген әңгіме шыққан кезде, жұрттың бәрі елең етті. Сондықтан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы республикалық және облыстық деңгейдегі қалалардан сыртқа шыға алмай, шідерлеулі аттай кібіртіктеп жүргенде бұл жаңалық өнер десе ішкен асын жерге қоятын күллі қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа парағын ашты. Бұл бастамадан кейін әр ауданның өнерпаздары театр атауына лайық екенін іс жүзінде дәлелдеді. Осы ретте күні кеше облыс орталығы Талдықорғанда біздің Қарасай ауданының «Қарасай жастары» театры да халықтық атауын қорғап, қойылым қойды.
Алдымен спектакль басталмас бұрын бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу болды. Баспасөз жиналасында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Әлия Жакыпова, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Әлдібеков, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, «Қарасай жастары» театрының жетекшісі Бағлан Қалманов театр әлемі жайлы, оның ауданда ашылуының мәні мен мағынасы туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Қарасай жастары» театрының ашылу кезеңіне көз жүгіртсек. Театр 2018 жылы ақпан айында Қарасай аудандық мәдениет үйінің жанынан «Қарасай жастары» театры болып құрылып, өз жұмыстарын бастаған болатын. Өнер ұжымы өздерінің алғашқы сахналық қойылымына жазушы Нағашыбек Қапалбектің «Қарасай батыр» атты тарихи драмасын арқау етті. Әртістік шын шеберлігін паш еткен жастар Қарасай бабаның жаугершілік замандағы өмір көрінісін суреттеп, оны бөрілі байрақ ұстаған батыр тұлға ретінде көпшілікке таныта білді. Сонымен қатар, театр сүйер қауымға тағылымды ой салып, ұрпақтың амандығы қаншалықты қымбат екенін түсіндіруге тырысты. Келесі кезекте көпшілік назарына драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын ұсынған болатын. Бұл қойылымда қазіргі қоғамда белең алып жатқан, өзекті мәселелерді қозғап, қоғам дертіне дабыл қақты. Өнер деп қанатын кеңге жайған театр, драматург Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» драмасын ерекше құлшыныспен сахналады. Шын достық, адал махаббатты баяндайтын екі сахналы спектакльде махаббат пен сатқындықтың арасы бір-ақ қадам екенін, кіршіксіз, таза сезімнің бар екенін дәріптейді. Өмірде қаншама тағдырлар бар, адасып және адаспай жүрген…
«Бейтаныс таныстар» моноспектаклі бірнеше кейіпкерлерді тоғыстырып, өмірлік тауқыметтерін баяндап береді. Сондай-ақ, театр балаларға арналған «Бремен музыканттары» атты ертегілерімен кішкентай бүлдіршіндердің жүрегіне жол тартты. Осылайша, театры қойылымдарын сәтті шығару арқылы өз көрерменіне жол таба білді. Шығармашылық ұжымда Сержан Елікбай, Жарқын Рақымқаш, Шынар Бержанова, Жанар Бақытқызы, Нұрбол Даңғыл, Алишер Мукашев, Абылай Қырғызбай, Нұрдаулет Нұрымжан сынды таланттар еңбек етуде. Өнерпаздарға арнайы штат бірліктері бөлінбегендіктен мәдениет үйінің қызметкерлері мен сырттан келген жастар айлық жалақысыз жұмыс істейді. Театр аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылғандықтан декорациялар, кейіпкерлер киімі мәдениет үйі және демеушілер тарапынан шешілуде. Ендігі кезекте штат бөлінетін болса, өнерпаздардың шабыттарын арттырып, аудан халқын түрлі қойылымдарымен таң қалдырудан жалықпас еді. «Ел іші – өнер кеніші» екенін ескерсек, театр әлеміндегі мүйізі қарағайдай аға буынның бәрі, сол айналып кетейін, ауыл дейтін алтын бесікте тербетіліп өскендер. Аудан өнерпаздарының басын біріктіріп ашып, енді тәй-тәй басып келе жатқан «Қарасай жастары» театры тарихы сан мыңдаған жылдарға жалғасар өнердің қара шаңырағына айналарына сеніміміз мол.
Ресми бөлімнен кейін «Қарасай жастары» театры Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Бақыт Беделханұлының «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша «Жүректің көзі ашылса…» атты поэтикалық драмасымен шымылдығын ашты. Шығарма барысында Абай өскен ауыл, ағайын-туыс, дос-құрбы әуелеген әнмен сол дәуірге жетелеп әкетті. Сол сәтте Абайдың келуі, айнала қоршаған үлкен-кіші Абайдың өлеңдерін алма-кезек оқып, әуелі бізді ақын әлеміне енгізіп барып, поэманы толықтай ашады. Қойылымда поэма бастан-аяқ пайдаланылмағанымен зерек көрерменге керек жерін кесіп алып, сыбаға ретінде ұсына білген. Қазіргі қоғамдағы менмендік, қанағатсыздық, ашкөздік, қаскөйлік осыдан бір ғасырдың ар жағында жазылған поэма арқылы көрсетілді. Шығарманың ұлылығы мен режиссердің шеберлігі үндесе келіп, аз уақыт ішінде санаға ой салар дүниені көрсете білді. Ал, оны сахналаған аудандық Мәдениет үйі мен «Үшқоңыр» этно-фолькролық ансамблінің мүшелері мен жекелеген әнші-күйші өнерпаздар екенін ескерсек, аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылғанына көз жеткізесіз. Қандай да бір шығарманың бағын ашып, көрерменге ұғынықты жеткізу үшін режиссердің де еңбегі зор екенін білген дұрыс. Бұл ретте, әрине, режиссерлік қырынан танылған Бағлан Қалмановты да ерекше атаған жөн. Оның осы тарихи драманы сахналау барысында өнерге деген шын жанашырлығын, біліктілігі арқасында әртістерді лайықты етіп таңдағанын байқауға болады.
Қойылым соңында сахнаға көтерілген Алматы облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаев «Қарасай жастары» театрының актерлерін Алғыс хаттармен марапаттап, әлі де қолдау көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар, театр жетекшісі Бағлан Мұратұлына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды. Рухани қазынасына еселеп үлес қосар театр болуы – өнер ошағының негізгі мақсаты атаусыз қалдырмады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.