Алғашқа әңгіме ауданымыздың жер-су аттары турасында. Себебі, Ұлт Көшбасшысы өз мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді» деп атап көрсеткен болатын.
Қаскелең қаласы. Бұл елді мекен ежелгі Жібек жолы бойындағы сонау ерте заманда батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай ағылып жүріп жататын үлкенді-кішілі керуендердің аялдап, керуеншілер қонып, демалып, аткөліктерін жемдеп, тынықтырып алатын керуен сарайының орны болған. Ұлғая келіп Тойшыбек деген бекініске айналған. Оны1820-1830 жылдары Қоқан ханының әскері басып алып, өздеріне бекініске айналдырған. 1850жылдары Семей жақтан келген орыс отарлаушы әскерлері алдымен Есікті елді мекенін именденіп, оны Надеждинская станица деп атаған. Сол сияқты Талғарды Софинская, одан соң Алматыны Верный деп атап, артынан Қаскелеңге келген. Содан Қоқан хандығының езгісінен құтылу үшін күрескен қазақтарға көмектесіп, 1858 жылы Қоқан басқыншыларын қуып шықққан. Одан бұрын – 1723 жылы Жоңғар басқыншылары Қазақстанның көп жерін басып алып, елімізді «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» айналдырған. Қаскелең өзенінің бұрынғы аты Қызылкүңгей, Шамалған өзенінің бұрынғы аты Қасқасу болатын.
Үшқоңыр – негізінде үш алқаптан тұратын шөбі шүйгін, ауасы таза, жазда салқын, қыста жылы кең жайлау. Бірінші қоңыр – Кебеже. Бұл ана екі қоңырдан аласа, тұрқы төрт бұрышты кебеже (сандық) сияқты алқап. Екінші қоңыр – Бұрған(алқапқа Шыңбұлақ сайынан арық қазып су шығарған) алқабы. Онда қысы-жазы үзбей отыратын елді мекен, Биокомбинат шаруашылығының қонысы болған. Үшінші қоңыр – Сәт жайлауы. Бұл Екі Нардың етегі. Кезінде, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісінің ту тіккен жері. Бұл жерде атақты Ошақты қыраты бар. Ошақты дегені – сол қыратқа айнала үй тігіп, көп ошақ қазып, қазан асып, ас пісіріп, тойлар, астар өткізіліп тұратын.
Екі Нар. Батыстан шығысқа қарай шөккен нардың жотасына қатты ұқсас екі тау осылай Екі Нар деп атанды.
Кіші Нар – бұл шығыс жағындағы аласалауы. Сондықтан Кіші Нар дейді. Батыс жағындағы үлкенін Үлкен Нар дейді. Екеуінің артында, тау жағында үлкен ойпат бар. Ар жағы ең ұшы болып, қар басып жатқан үлкен таулар. Екі Нардың ең басында жазда қар болмайды. Сондықтан олардың да ең биік жоталарында көк майса шөп өсіп тұрады. Мал жаз бойы сол жерде жайылып жүреді.
Шұбарат. Бұл Үшқоңырға шығатын сайдың аты. Оны өрлеп шығатын жол болатын. Сол жолмен сонау Сорбұлақтан немесе Аққабақтан жіберілген бәйге аттары шауып шығатын. Олар Үшқоңырдағы Сөретөбеге барып тоқтайтын. Шұбарат дейтін себебі, сондай ұзақ жолдан келіп, әлгі жолмен тік өрге аттың аты ғана озып шығады екен. Ал, бәйге аты Шұбарат сол тауға ылғи бірінші болып шығады екен, содан жол Шұбарат атанып кетіпті. Кейін сол Шұбарат жолымен Екейдің Көкбайтал деген сәйгүлігі де озып шыққан. Бұл туралы Қазақстанның халық ақыны Саяділ Керімбеков «Көк сағым» (Көк байтал) деген поэма жазған.
Шөладыр. Қызылкүңгей (Қаскелең), Қасқасу (Шамалған) өзендерінің аралығындағы сайлы, қырқалы адыр.Тау жағы Айғайтасқа тақалып, аяқ жағы Қаскелең қаласы мен Үшқоңыр ауылының бас жағына дейін түсіп тұрған тау. Қайнар, бұлақ, өзен сулары жоқ болғандықтан Шөладыр атанған.
Айғайтас. Шөладыр мен таудың қарлы шыңдарының арасында жатқан көкмайсалы, қайнар,бастаулары, шағын бұлақтары бар, биік тасты жоталары бар жасыл жайлау. Сол тасты жоталарға шығып айқайласаң, даусың көп жерге кетеді. Сондықтан Айғайтас атанған.
Бесқарағай. Айғайтастың жоғары тау жағында бір кішкене шұқыр ойпат бар. Сол жерде бір топ қарағай өсіп тұр. Оның Қызылкүңгей (Қаскелең) өзеніне дейін тау сағалап өсіп тұрған қалың қарағайдан оқшау тұрғанына, көлемінің аздығына байланысты Бесқарағай деп атап кеткен. Сонау шығыс жақтан бүкіл Алатауды бөктерлеп қаптап шыққан қалың қарағай Қызылкүңгей өзенінің шығыс жағынан тоқтайды. Бесқарағайдан батысқа қарай қарағай мүлде өспейді.
Көккезең. Таудың қарлы шыңдарына жақын Бесқарағайдан ары екі ортада жатқан кең, көк майсалы алқап. Әсем жайлау. Жаз бойы шөбі көкпеңбек болып жайқалып тұратындықтан Көккезең деп аталады.
Қасымбек сайы. Бұрын Қарағайлы сайы деп аталатын. Кейін Кеңес өкіметі тұсында сол сайға күзетші (охранник) болып Қасымбек деген қатал кісі отырған екен. Содан «Қасымбек отырған жер» деп аталып кеткен. Айғайтастың күншығыс жағынан төмен қарай Қызылкүңгей өзеніне құятын мөлдір бұлағы бар, бас жағы қалың қарағайлы үлкен сай. Ол сайдың басында Әлімқұл Сыйқымбаев ағаш үй салып көп жыл отырған. Ол кісі атақты ән өлеңдерінің классигі атанған (академиктер З. Қабдолов пен С.Қирабаевтардың бағасы) Нұрсұлтан Әлімқұловтың әкесі.
Көктөбе. Қасымбек сайы мен Қызылкүңгей өзенінің арасындағы жұп-жұмыр биік төбе. Жаз бойы жайқалған көк майса шөбімен мөлдіреп тұратындықтан Көктөбе деп атаған.
Утас (әктас) сайы. Үй ақтауға арналған әк (известь) дайындайтын кен орнын ашып, зауыт салынған сай. Қызылкүңгей өзенінің шығыс жағындағы беткейде, Көктөбеге қарама-қарсы.
Емеген. Қызылкүңгей өзені ағатын үлкен сайдың күншығыс жағындағы жотадағы жайлау. Шағын тоқтау су көлшігі бар. Кейде Райыс деп де аталады. Өйткені, бұл жерде Райыс деген кісі көп жыл күзетші (охранник) болып істеген екен. Содан «Райыс отырған жер» деп аталған. Өйткені, Райыстың да өз ісіне беріктігі, қаталдығы көпке белгілі болған.
Сәукеле. Жандосов ауылының шығыс жағынан төмен қарай Қаскелең қаласының оңтүстік-батыс шегіне дейін созылып жатқан жота, қырат.Сыртынан алыстан қарағанда қыздың сәукелесіндей көрінеді. Сондықтан сәукеле деп аталған.
Мойнақтас. Қызылкүңгей өзенінің батыс жағалауымен тауға баратын жолда биік тас шоқы тұр. Сол тастың арт жағын (батыс жағын) жол кесіп өтеді. Ал, әлгі шоқы тасқа жалғасатын жер түйенің мойыны сияқты. Сондықтан оны мойнақ тас дейді. Ол туралы Саяділ Керімбековтың өлеңі бар.
Ақсай. Бұл сайдың бас жағында, тау етегінде ақ жар бар. Жардың топырағы ақ болған соң сай түгел ақсай атанып кеткен.
Қарғалы.Бұрынғы заманда бұл өңірде қалың ағаш өскен. Тал, теректер жайқалып тұрған. Сол ағаштардың басына қалың қарғалар қонақтап, қысы-жазы жайлап ұя салып, балапандарын көптеп өсірген. Сондықтан бұл өңір Қарғалы аталған.
Тастақ. 1930 жылдарға дейін солай аталып келген. Алматының батыс аудандарынан бастап Каменка атанып кеткен, кейін Таусамалы атанған (қазір Алматыға түгел қосылған) ауылға дейінгі аймақ солай аталып келген. Кейін орыстар келіп көбейгенде, олар сол жерді Каменка деп атаған. Ол жер негізінде құмды, тасты аймақ болатын.
Кемертоған. Ақсай өзенінен бұрып Боралдай қыратының шығыс жағын кемерлете қазып, су шығарған арық Кемертоған аталады. Соның шығысына орналасқан елді мекен Кемертоған ауылы. Бұл қазіргі Іргелі ауылдық округіне қарайды.
Әйтей. Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста асқан ерлік көрсетіп, қаскүнем жауды жерімізден қуып шығуға зор үлес қосқан әйгілі батыр. Ауылда сол батырдың ұрпақтары тұрады. Ауыл бұрыннан Әйтей деп аталып келген. 1937 жылы немістерді Ресейден зорлап айдап алып келіп, осы ауылға бір тобын орналастырған. Сонда коммунистер колхоздың атын Интернационал деп атаған. Кейін ауылдың тарихи аты қайтарылып, Әйтей атанды.
Жалпақсай. Бұрын, ең басында бұл екі ауыл Жалпақсай деп аталатын. Кейінгі жылдары жер өңдеу ғылыми-зерттеу институтын Алматыдан осында көшіргенде, сол институттың директоры Мұхаметжан Ерлепесов ауылдың тау жағынан институттың ғимаратын, тұрғын үйлер салып, сол жерді Алмалыбақ деп атады. Оған дейін бұрынғы Политотдел колхозының атымен аталып келген ауылды айтса, Үкімет институт үйлерін салуға ақша бермейтінін ескеріп, солай жаңаша атаған. Сөйтіп, бір ауыл Жалпақсай, Алмалыбақ болып екі атқа ие болып шыға келді. Тіпті, осы екі ат алып отырған ауылдың арасында шекара да жоқ. Ал, Жалпақсай дегені – осы екі ат алып отырған бір ауылдың шығыс жағында оңтүстік солтүстікке қарай, сонау таудан бастапШамалған бекетіне дейін созылып жатқан кең, терең сай бар. Табанында кішкене бұлақ суы ағып жатыр.Сол сайдың кеңдігін ескеріп Жалпақсай деп атаған.
Батан. Бұл Қарақойлы деп аталатын шағын ауылдың қазіргі аты. Қарақойлылықтар бұл жерге сонау XIX ғасырда Қоқан ханының қысымынан қашып келгенде, осында жайлап отыратын Жаныстардың көмегімен, Қарасу өзенінің шығысын мекендеп қалған. Бұларды Батан, Құнанбай батырлар бастап келген. Батан батырлығымен қоса ақылды, әулие, шебер, өнерпаз, еңбекқор кісі болған. Ол сонау Әйтей ауылының аяқ жағынан бастап Қошмамбет ауылына дейін 7 шақырым терең арық қазып, су шығарған. Арық жолындағы екі терең сайдың үстінен тақтайдан науа тұрғызып, су ағызған. Батырлығымен, іскерлігімен, ақылды, әулиелігімен ел құрметіне бөленген.Бұл ауыл алғаш Қарқойлы деп аталған. 1929 жылы колхоз құрылғанда «Қарасу» колхозы аталған. 1934 жылы НКВД наркомы В. Менжинский қайтыс болғанда совет өкіметі оның атын осы колхозға берген. Оны халық Менжін деп атап кеткен. Колхоз тарағанда Менжинскийдің аты ауылда қалған. Тоқсаныншы жылы Кеңес өкіметі тарап, біз егемендік алғанда ауыл адамдары ауылды Батан деп атауға қаулы алып, жоғары орындарға ұсыныс жасады. Үкімет ол ұсынысты қабылдап, ауыл солай аталды.
Теректі. КазМИС елді мекені (бұрынғы Октябрь ауылы) бұрын Қаралабақ деп аталатын. Әртүрлі ағаштардан қаулап өскен ағаштар солай аталатын. Қазір ол ағаштар жоқ. Теректері ғана жайқалып өсіп тұрғандықтан жүрт Теректі деп атап кеткен.
Үштөбе, Сөретөбе. Қазіргі Батан ауылының жерінде, Кұрөзек пен Ащы сайының арасындағы алқапта жатқан қорғантөбелер. Үш қорғантөбе қатар, бір жерде, жалғыз қорғантөбе батыс жағында жарты шақырымдай жерде, бұрынғы ескі жота жолдың бойында жатыр. Бұрынғы заманда ат бәйгесін жасағанда сонау Аққабақтан осы төбеге дейін жіберетін. Сондықтан ол Сөретөбе аталып кеткен. Бұл төбелер (қорғандар) Есіктегі Алтын адам табылған қорғанға қатты ұқсайды. Бұл қорғантөбелер өте ескі замандарда осы араны мекендеген сақтардың (қазақтардың) мола-қорғандары емес пе екен?
Аққабақ.Шамалған теміржол бекетінен солтүстікке қарай созылып жатқан қабақ (қыраттың күңгей беттері) алыстан ағарып көрінеді. Сондықтан Аққабақ деп аталып кеткен.
Қараой. Сол Аққабақтан Сорбұлаққа дейін үлкен аймақты алып жатқан жайпақ жотадағы алқап. Жусан мен ермен қалың өседі. Солар тығыз өсіп тұрғанда алқап қарауытып көрінеді. Сондықтан Қараой дейді. Ұзыннан созылып жатқан жотаның үстіндегі тегіс жер алыстан қарағанда ойпат сияқты көрінеді. Осыдан да Қараой деп атайды.
Құрөзек. Бұл Батан ауылының оңтүстік-батысы мен Әйтей ауылының солтүстік-батысындағы үлкен жайпақ сай. Ешқандай суы жоқ болғандықтан Құрөзек дейді. Шөбі шүйгін, көк майсалы, тек жусан, ермен өспейді. Батыс жағындағы қыратта Үштөбе, шығыс жағында үлкен қыраттан кейін Жіңішке қарасу деген өзенше (бұлақ) ағады. Оның басы Әйтей ауылының аяқ жағынан басталады. Суы сол сайдағы қайнарлардан шығады.
Шилі өзек. Бұл ретте алдымен өзек сөзі туралы айта кетейін. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Өзек. 1-зат. Жауын, қар суынан пайда болған жер бетіндегі созылып жатқан ойыс жер: ені тар кішірек сай» деп көрсетілген. Мұндай өзектер таулы жерлердің өзінде жиі кездеседі. Кей жерлерде сол өзектің бойында ши қалың өседі. Өзектің су ағатын арасының бойында қамыс өсетін жерлер де болады. Сондықтан халық әндерінде
«Шилі өзек қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр таныс-ай» – деп айтылады. Бірақ, біздің таулы өңірдің мәнін білмейтін ақынсымақтар осы ән сөзін «түзетіп» «Шилі өзен, қамыс-ай» деп жазып та, айтып та жүр. Ши өзен жағасында өспейтінін олар білмейді… Сондықтан ел де шатасып жүр.
Қарасу. Бұл өзен Батан ауылының батыс шағындағы саймен ағып жатқан шағын өзен. Басын сол ауылдың тау жағындағы сазды жерлерден алып, сол ауылдың бас жағында Жіңішке қарасуға қосылды. Терең ойда ағып жатқандықтан, жағаларындағы қыраттардан қарағанда ақырын ғана жылжып ағатын мөлдір су қара түсті болып көрінеді. Сондықтан Қарасу деп аталған. Ол Шамалған теміржол бекетінің шығыс жағынан Қасқасуға (Шамалған) қосылып, аяғы Ақсай өзенімен бірігіп, Іле өзеніне құяды.
Ойық тас. Бұл Үшқоңыр тауының Бұрған алқабының Кебежеге қараған қыратындағы үлкендігі «УАЗ» жеңіл автомашинасының көлеміндей үлкен тас. Оның тау жаққа қараған беті ойылып, сол ойыққа екі кісі жататындай етіліп, бас жағы жастық сияқты етіп биіктетіліп жасалған. Ойықтың есігі менің бала кезімде (1928–1929 жылдар) бір кісі ғана сиятындай тар еді. Мен 1990 жылдары Бекболат ауылында тұратын дос інім Зауытбекпен бірге атпен барғанда сол ойық тастың сол қалпында тұрғанын көрдік. Тек бұрынғы тар ауызы уақыттың, жел мен жауын-шашынның әсерінен, кеңейіп кетіпті. Ал, ішіндегі төсек сияқты қиып жасалған орын дәл сол қалпында екен.
Таңбалы тас. Бұл тас Екі Нардың тау жағындағы алаңда тұр. Үлкендігі кішігірім автобустың аумағындай. Сол тастың дәл үстінде адамның жалғыз аяғының ізі айқын көрініп тұр. Ол аяқтың башпайлары да айқын көрінеді. Оны кім салған? Және қашан салған? Тастың үстіне шығу үшін аттың үстіне ерге тұрып барып шықпасаң, шыға алмайсың. Ол жерге атпен оңай барасың, болмаса таулы, жолсыз жерлермен жүретін жеңіл машинамен баруға болады. Тек Екі Нардың арасында су орып кеткен бір жыра бар. Оны жөндемесе машина өте алмайды.
Шетеңді сайы. Бұл сай Кіші Нардың шығыс жағында оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан терең сай. Оның шығыс жағындағы беткейде шетен деген ағаш өседі. Ол емен сияқты қатты ағаш. Жиі өскендіктен ағаштары жіңішке, ұзын болып тұрады. Сондықтан ол ағаштардан жылқы айдауға арнап құрық кесіп алады, шаңырақ көтеруге арнап бақан дайындап алады. Бұл сайда мөп-мөлдір тұнық бұлақ (кішкене өзенше) ағып, Қасқасуға құйылады. Сол өзеншенің оңтүстік-шығыс жағалауында ұзындығы 200 метрдей, биіктігі 10 метрдей гранит тас (монолит) бар. Өзеншеге қараған беті теп-тегіс, жып-жылтыр айнадай. Сол монолит граниттің ең биік жерінде аумағы кішкене тостағандай тесік бар, сол тесіктен су атқылап ағып тұр.
Төрткүл. Бұл төрткүлдер ауданымызда екі жерде бар. Бірі – Қаскелеңнің аяқ жағында өзеннің Әйтей ауылы жағындағы жағасында. Ұзындығы шамамен 100 метрдей, ені 30-40 метрдей. Бұл жоңғар шапқыншыларымен соғыс кездерінде бекініс ретінде жасалған болуы керек. Қазір сол дуалдардың орны бел-бел болып көрініп жатыр. Екінші төрткүл Еңбекші аулының күншығыс жағында болған. Мұның да аумағы әлгі аталған төрткүлдегідей. Осы төрткүл орынынан адамдар ескі садақ жебелерінін, т.б. бұйымдар тапқан. Бірақ, бұл төрткүлдер зерттелмеген. Сондықтан олардың не үшін салынғанын, кім салғанын ешкім білмейді.
Қошмамбет. Бұл ауыл бұрын Есенбет ауылы деп аталатын. Жаныс тайпасының бір руы. Отызыншы жылдары Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қарынбай Қошмамбетов кенет қайтыс болғанда, сол кісінің атын жаңа ұйымдасқан колхозға береді. Ол кісі бұрын Қазақ АССР-нда нарком болған атақты адам еді. Сол кісінің аты осы ауылда қалды.
Жармұқамбет. Бұл ауылда бұрын Ботбай руының ұрпақтары тұратын. 1930 жылы колхоз құрылғанда оған Абдолла Жармұқамбетовтың есімі берілді. Жармұқамбетов 1918–1919 жылдары қазақ жастарынан полк құрып, ақтар деп аталатын орыс басқыншыларымен күресіп, оларды жеңген соң 1919–1921 жылдарда Өзбекстанның Ферғана аймағында басмашылармен шайқасқан, Фрунземен бірге болған. Басмашыларды жойып, 1926 жылы Мәскеуде кеңестер съезіне қатысады. Сол съезде Фрунзе оны «Қызыл ту» орденіне ұсынады. Сонда көбі қарсы шыққанда Фрунзе сөйлеп, «Басмашылармен соғыста мен үш орден алғанда, менімен бірге шайқасқан Жармұқамбетов бір орден ала алмай ма?» деп орден бергізеді. Одан келген соң Жармұқамбетов Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейді.
Көлащы. Бұл ауылдың батыс жақ іргесінде жалпақ сай бар. Топырағы тұзды. Жаңбырдан кейін жер беті аппақ сор-тұзды болып жатады. Ол сайда тоқтау судан шағын көл де жатады. Сондықтан сол жердің атымен ауыл Көлащы атанған.
Тұрар. Бұл ауыл бұрын Жаныс тайпасының Құлболды ауылы деп аталатын. Ол ауылда Әбіжан Байсалбаев 1918 жылы Жетісуда бірінші қазақ мектебін ашып, ұстаздық еткен. 1930 жылы колхоз құрылғанда Тұрар Рысқұловтың аты берілген. 1937 жылы Тұрар ұсталып кеткенде Кировтың аты берілді. Тұрар ақталғанда оның аты қайтарылды.
Үсенбай ТАСТАНБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.[:]