Қарасай ауданның аумағында орналасқан елді мекендерді толықтай газбен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын. Өткен аптада Әйтей ауылдық округіне қарасты Сауыншы ауылында газ құбырларын тарту жұмыстары басталды. Ол аяқталған соң, ауданның газдандырылу көрсеткіші 100 пайызға жететін болады.

Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат болып саналады. Ол бизнесте де, күнделікті қолдануда да аса қажет. Сондықтан тұрғындарды таза көгілдір отынға көшіру олардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға оң әсерін тигізетіні анық.
Бұл ретте соңғы жылдары Қарасай ауданында халықты толықтай магистральды газ құбырына қосып, табиғи отынмен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде аудан аумағындағы елді мекенге кіретін ауылдардың ішінде 300-ден астам тұрғын үйі бар Сауыншы ауылы ғана орталық газға қосылмаған соңғы ауыл болып қалды. Аудан басшылығы тарапынан ауылды магистральды газ құбырына қосу үшін бастапқы құрылыс жұмыстарына 5 млн. теңге бөлініп, мердігер мекеме «Влад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған еді. Алайда жобалау-сметалық құжаттама 2021 жылдың шілде айында әзірленіп, уақыты өтіп кетуіне байланысты қайта санау жұмыстары жүргізіліп, жоба мемлекеттік сараптамаға берілді. Ал ағымдағы жылы бұл жоба соңғы кезеңіне жетіп, өткен аптада Сауыншы ауылында газ құбырларын тарту жұмыстары басталды.
Мердігер компания «Влад» ЖШС-нің өкілі, прораб Нұргелді Уразовтың айтуынша, жалпы жұмысты аяқтау үшін жеті ай берілген. Тартылатын газ құбырының ұзындығы 15 км 600 метрді құрайды. Оның 14,400 шақырымы – жердің үстімен үйлерге жақынырақ орналасқан, ал 850 шақырымы – жер астымен жүргізілетін магистральды газ құбырлар. Қазіргі сәтте жұмысшылар жер астынан магистральды газ құбырларын жүргізуге дайындықтарды аяқтау барысында. Бұған тоғыз жұмысшы жұмылдырылды. Алдағы кезеңдерде тағы үш топ жұмысшы күші тартылатын болады.
– Біз газ құбырларын тартуды өткен аптаның сенбісі күні бастаған едік. Жалпы жұмыстың кештеу басталғанына алғашқы жоба бойынша құбырлар жүргізілетін жерлерде үйлердің салынып кетуі себеп болды. Сондықтан біз жобаны қайта қарап, нысандарды айналып өту жолдарын қарастырдық. Бұл кезеңнен өттік, енді жұмыс жоспарға сай жүргізіле бастады.
Бүгінде жердің астынан жүргізілетін магистральдық құрбырларды дайындау барысындамыз. Бұл жұмыстарды біз қараша айының басына дейін аяқтауымыз керек. Ал жер үстіндегі құбырларды желтоқсан айының аяғына дейін жүргізіп бітуіміз қажет. Біздің жұмыс біткен соң, конкурс бойынша бекітілген арнайы компаниялар тұрғындарға газды үйлеріне дейін тартуға көмектеседі, – деді Нұргелді Уразов.
Сауыншы ауылы магистральды газ құбырына қосылып, арнайы компаниялар арқылы тұрғындар өз үйлеріне газды тарта бастаған сәтте Қарасай ауданы 100 % таза көгілдір отынмен қамтылады. Осылайша біразға дейін әлеуметтік мәселелер қатарында болған аудандағы газдандыру мәселесі толығымен шешімін табады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
