Астана төрінде «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Игі шарада Алматы облысының абыройын арқалаған жерлестеріміз, қарасайлық Бекдайыр әулеті құрметке бөленіп, үздіктер қатарынан табылып, сый-сияпатқа кенелді.
Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үлгілі 20 отбасы қызыл кілеммен жүріп өтіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Әр аймақтан келген жеңімпаздарды ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев сахна төрінде құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Әр отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ана мен баланы қорғауға баса мән беріліп отыр. Президентіміз биылғы Жолдауында да азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер жүктеді. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне ықпал етуді және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді», – деді Мәулен Сағатханұлы.
Сенат төрағасы, сондай-ақ жобаның ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпалы зор екенін атап өтіп, әр өңірден келген отбасыларды марапаттады. Оларға естелік сыйлықтан бөлек, 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Үздіктердің қатарында ауданның ғана емес, Алматы облысының намысын ту еткен Қаскелең қаласының тұрғындары – Бекдайырлар әулеті де бар. Өнегелі отбасы «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, республикалық кезеңде облыс намысын абыроймен қорғады.
Қолөнердің қыр-сырын бірнеше буыннан бері жалғастырып келе жатқан бұл отбасы – өнердің, еңбектің және берекенің жарқын үлгісі. Әулет басшысы Қоңыр ағамыз күміс әшекей жасау ісімен танылып, зергер атанса, оның жұбайы Анаргүл Нарботанова ұлттық киім тігу өнерінде шеберлігімен ерекшеленеді. Балалары да ата жолын жалғап, шығармашылық бағытты таңдаған.
Бекдайыр отбасының бұл жеңісі облыстың абыройын арттырып қана қоймай, ұлттық мұраға деген құрметті еселей түсті. Сонымен қатар дәстүрді дәріптеген барша жанның ортақ қуанышы деп білеміз.
Жерлестерімізді жарқын жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Бекзада өнерді жаңғыртқан Бекдайыр әулетіне тек жақсылық тілейміз!
Айта кетейік, 12-рет ұйымдастырылған ұлттық байқауға қатысу үшін өңірлерден биыл үш жарым мыңнан астам өтінім түскен. Олардың арасында еңбек династиялары, сондай-ақ волонтерлік және қайырымдылық істермен айналысатын отбасылар бар. Соның ішінде ең үздік деген 20 отбасы іріктеліп алынды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

