Қыстың қырауы шалып, жер бетіне қар толассыз түскенде ең маңызды жұмыстың бірі – жолдарды уақтылы тазалау. Қарасай жерінің аумағы ауқымды болғандықтан, бұл іске тыңғылықты қарау әрқашан маңызды. Өйткені аудан шекарасы арқылы республикалық және облыстық тасжолдар өткендіктен, жүретін көліктердің саны көп кездеседі. Сондықтан трассаларды күтіп-ұстау назарда болуы тиіс.
Қарасай ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, республикалық тасжолдың ұзындығы 71 шақырымды қамтиды және оған «QazAvtoJol» ҰК» АҚ жауапты. Аталған мекеме өздеріне тиесілі жолдарды қардан тазалап, көктайғақтың алдын алады. Ол үшін 20-дан астам арнайы техника қызмет етеді.
Ал облыстық маңызы бар жолдарға келер болсақ, оның ұзындығы – 245 км. Қыс мезгіліндегі күтіп-ұстау жұмысын «Дизайн-центр-диполь» компаниясы атқарады. Олардың иелігінде 14 техника, 3500 тоннадан астам инертті материалдар бар.
Аудандық деңгейдегі 150 шақырымды құрайтын жолдардың қардан тазалау жұмыстырын биыл «Орсеп» ЖШС атқарады. Бұл мердігер мекеме тарапынан 15 арнайы техника (суретте), 30 жұмысшы күші жұмылдарылмақ. Одан бөлек 2000 тонна көктайғаққа қарсы инертті материал дайындалған.
Жалпы айтқанда, Қарасай ауданында жолдарды қысқы күтіп ұстау, қардан тазарту және көктайғаққа қарсы материалдар себу жұмыстары алдына ала бақылауға алынып, тұрақты түрде қадағалануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
