Қарасай аудандық кітап-ханасының оқу залында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының аясында «Ана – қоғамның ұйтқысы, ұлттың тірегі» атты пікір алмасу кеші өтті. Тағылымды іс-шараның мақсаты – ананың қоғамдағы орнын дәріптеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың рөлін айқындау және ұлттық-рухани құндылықтарды ұлықтау.
Бұл кешке «Анаға құрмет» музейінің қор сақтаушысы Жанат Мұхтарова, Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Зоя Ордаева, Египеттегі Айн-Шамс университетінің түлегі, ҚМБД ұстазы Балжан Сағымбек және «Сәуле Сапар» оңалту орталығының мәдени-көпшілік секторының маманы Әтіргүл Гүңшебайқызы қатысты.
Кездесу барысында қонақтар ана мәртебесі, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру және қоғамдағы өзара қолдау мәдениеті туралы пікір алмасты. Сонымен қатар көркем әдебиеттегі ана бейнесі, кітап пен кітапхананың рухани тәрбие берудегі маңызы сөз болды.
Іс-шараның аясында Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері Мейрамбек Жақымбетов «Бозторғай ана» және «Әдемі қыз» әндерін, Нұршуақ Сұраужан «Ақ-Дариға» әнін орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының дарынды оқушылары ана туралы өздерінің орамды ойлары мен пайымды пікірлерімен бөлісті.
Кеш соңында Қарасай аудандық кітапханасының әдіскері Кенжегүл Сопбаева қорытынды сөз сөйлеп, анаға құрмет көрсету мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап өтті.
Тағылымды кездесу ананың отбасы мен қоғамдағы орнына тереңірек үңіліп, мейірім мен қамқорлықтың, ұрпақ тәрбиесі мен рухани сабақтастықтың мәнін ұғынуға мүмкіндік берді. Анаға құрмет – адамдықтың белгісі, ұлтқа құрметтің бастауы!
Гүлмира САДЫҚ,
Қарасай аудандық кітапханасының кітапханашысы.

