Елімізде алимент өндіріп алу мәселесі өте өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде бұл мәселеге айрықша мән беріліп, құзырлы органдар тарапынан небір амалдар жасалып жатыр. Осы ретте, аталмыш мәселені шешу үшін Алматы облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және облыстық Әділет департаменті «Әкесінің балаға қамқорлығы» атты акция ұйымдастырып, барлық аудандарда бос орындар жәрмеңкесін өткізіп жатыр. Осындай іс-шара біздің ауданымызда да өткен аптаның бейсенбісінде аудандық кітапханада өткен болатын. Алимент төлемей жүрген ата-аналармен күрес мақсатында өткізілген шараға жұмыс іздеген 100-ден астам борышкерлерден басқа студенттер де қатысты. Оның барысында Алматы облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы төрағасының орынбасары Мұхтар Байкулов сөз сөйлеп, жәрмеңкенің мақсаты мен маңыздылығын айтып өтті.
– Бүгінгі жәрмеңкені біз борышкерлерді жұмысқа орналастыруға немесе жұмысқа орналасуға қатысты кеңестер беру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Себебі өздеріңіз білетіндей бүгінде елімізде әкелері туған балаларынан қашып жүргені ауыр мәселе болып отыр. Тіпті, біздің облысымыз бойынша соңғы 9 айлық статистикалық мәліметке сүйенсек, сот орындаушыларында 16 мыңнан астам алимент өндіру атқару құжаты орындалуда. Оның ішінде 1161 атқару құжат проблемалық, себебі, борышкерлердің жалпы берешегі 848 млн. теңгені құрап отыр. Қарасай ауданның өзінде бүгінде 400-ден астам алимент төлемейтін борышкерлер бар. Сондықтан да бүгін біз борышкерлердің санын азайту үшін осы жәрмеңкені ұйымдастырып отырмыз, – деді Мұхтар Көлбайұлы. Сондай-ақ, ол борышкерлер ұсынған жұмыстан бас тартса немесе жұмыспен қамту орталығына келмесе, азамат атқару құжаттың орындауынан жалтарғаң деп саналып, заңмен жазаланатынын түсіндірді.
Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Абылай Зуайда жәрмеңкеге келгендерге аталмыш орталықтың жұмысы мен жұмыс іздеушілерге арналған бағдарламалар жайында толығырақ мәлімет берді.
Шара барысында келушілер әртүрлі кәсіпорындардан келген өкілдердің барлығымен бетпе-бет сөйлесіп, мүмкіндіктермен танысып, жұмыс іздеушіге қоятын талап-тілектерін тыңдады. Өздерін қызықтырған сұрақтарға да жауаптар алды.
Жәрмеңке соңында 48 азамат нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келесі жылдың ақпан айында басталатын бағдарламаларға ілінгенін айта кеткен жөн.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.