Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр майдангер, қаһарлы партизан, еліне сіңірген еңбегі ерен ардагер, Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, бірнеше орден-медальдің иегері атамыздың әрбір айтқан сөзінің ғибраты мол, атқарғаны үлгі-өнегеге толы.
Үсенбай Бақтиярұлына газетіміздің барша оқырмандары атынан «Жасай беріңіз, ардақты Ата!» деген ізгі тілегімізді білдіре отырып, төмендегі мықты шәкіртінің екі жыл бұрынғы мақаласын жариялауды жөн көрдік.
Өмірде өшпестей жүрегіңе ұялайтын, есімі есіңе сақталып, ешқандай жамандыққа қия алмайтын, жақсылығы мен жайсаңдығы, кісілігі мен кішіпейілділігі тар кеудеңе сия алмайтын, парасат-пайымы мол, сый-құрметке бөленген тау тұлғалы азаматтардың болатыны айдан анық. Олардың қашанда беделі биік, мәртебесі жоғары. Өзінің адал еңбегімен, қарапайым қалпымен, сары алтындай салмақты сабырымен, ақыл-абыройымен жұрт жүрегіне жол тапқан сондай асыл жанның бірі – соғыс және еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің және өзге де марапаттардың иегері, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, журналист-жазушы Үсенбай аға Тастанбеков.
…Үсекең ол кезде Жамбыл аудандық газетінің редакторы еді. Басылымның соңғы бетіне жазылатын аты-жөнінен жақсы білем. Орта мектепті қаладан бітіріп келіп, ауылда жұмыс істеп жүрген мен сол кездегі аудандық «Екпінді еңбек», облыстық «Коммунизм таңы» газеттерін қолдан түсірмей үнемі оқып жүретінмін. Оқып ғана қоймай, өзім де қолыма қалам алып, осы екі газетке хат-хабар, мақала, кейбір өлеңдерімді жіберіп тұрушы едім. Обалы не, жазғандарым көп жағдайда жарық көріп те жататын. Бір-екі рет ыңғайы келгенде редакцияға бас сұғып, жазған мақала, өлеңдерімді тастап кеткен де едім. Сонда кейбір газет қызметкерлерінің бет-жүзін көріп, танысқан жайым бар еді. Бірақ, газет басшысын көрудің реті келмеген.
1963 жылдың жаз айы болатын. Аманкелді атындағы кеңшардың бір топ жастары тау етегінен шөп шауып, жинап жүргенбіз. Түс кезінде ауылдан келген бір адам бөлімше басқарушысының мені кеңсеге шақырып жатқанын жеткізді. Дереу жұмысты тастап, кеңсеге келдім.
– Сені аудандық газеттің редакциясы шақырып жатыр. Телефон шалды, келсін дейді, – деді бөлімше басқарушысы.
– Неге шақырды екен? – десем ол анық білмейтінін айтты.
Ертеңіне автобусқа отырып, аудан орталығына келдім де, бірден редакцияға соқтым. Мені бұрыннан танитын редакция қызметкерлері Ақан Тұрғынбаев, Ханымбүбі Ақжолова жақсы қарсы алып, жағдайымды сұрап жатыр.
– Мені не үшін шақырдыңыздар? – дедім.
– Бізде бір орын босап жатыр, – деді Ханымбүбі апайым. – Сен бізге баяғыдан жазып тұрасың. Сол орынға өзіңді лайық деп ұсыныс жасап жатырмыз.
Мен тосын жаңалыққа бір жағынан қуансам, бір жағынан жүрексініп те қалдым. Редакцияда тілші болып істеу оңай деймісің, ол қолымнан келе ме? Ой үстіндемін…
– Қазір редактор келеді, тоса тұр, – деді Ақан.
Расында да көп ұзамай редактор кабинетіне келіп кірді. Орта бойлы, шашын артына қарай қайырған аққұба кісі екен. Костюмінің өңірінде әскери адамдар қадап жүретін қызыл ала белгілері бар. «Е, соғысқа қатысқан адам ғой» деген ой түйдім.
Кабинетке ілесе кіріп сәлемдестім де, өзімнің аты-жөнімді айтым. Біледі екен. Өзім жайлы сұрады. Орта мектепті Алматыдан бітіргенімді, ауылда жұмыс істеп жүргенімді, мектеп қабырғасынан бері газетке хат-хабар жазатынымды, өлең шығарумен әуестенетінімді айтып шықтым…
Не керек, жолым болды. Сол күні арызымды жазып, «Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің тілшісі» деген куәлік алдым.
Редакциядағы алғашқы күндерім бөлімдердің жұмысымен танысу, баспаханадан келген газет беттерін оқысып, қателерін көрсету, оның басылу барысымен танысып, шығып жатқан газет нөміріне кезекшілік жасау, біртіндеп редакцияға түскен хат-хабарларды өңдеп қорту, газетке мақала жазу сияқты жұмыстармен байланысты болды. Телефон арқылы жер-жерден хабар алу да машақаты көп жұмыс екен. Осының бәріне бірте-бірте үйрене бастадым.
Мені газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне бекітті. Бастығым – Ақжолова Ханымбүбі апайым. Айтқандары «Сен ауылдан келдің ғой, ондағы қайнаған жұмыстың ортасында жүрдің. Демек, ауыл шаруашылығын жақсы білесің». Бірден келістім. Өйткені, ауыл тіршілігінде кездесетін кәсіптің барлық түрін атқарып шықтым десем де болғандай. Расында да ауылда болған алты жыл ішінде қой да бақтым, тұқым сеуіп, егін ордым, шөп шауып, жинадым, жүгері суардым, мал азығын тасыдым, трактормен жер жырттым, комсомол ұйымына жетекшілік жасадым, тіпті, геологтармен бірге кен бұрғылау жұмыстарына да қатыстым. Қысқасы, ауылда мен араласпаған жұмыс қалған жоқ. Сол кездегі науқандық жұмыс ыңғайы солай еді. Әр кәсіптің қыры мен сырын үйренуге тура келген. Жас кезіңде тер төгіп, еңбекте шыңдалып өсудің пайдасы көп екенін есейе келе әркім-ақ жақсы біледі деп ойлаймын.
Міне, мен редакцияға осылайша еңбек деген өмір мектебінен өтіп келген едім. Ауыл шаруашылығы тақырыбына материал дайындау аса қиын соға қойған жоқ. Дайындаған кейбір мақалаларды кейде редактордың өзі оқитын. «Қане, қарап жіберейік» деп қағазға шұқшия үңіліп, қатесі болса көрсетіп, нүкте, үтіріне дейін қарап, ұнаған жерлері болса, қалай аяқтауға, тақырыпты тауып қоюдың маңыздылығына назар аударудың қажеттілігін асықпай-саспай айтып отырушы еді. Әрине, журналистік жолға түскен біз секілді жастарға тәжірибелі қаламгердің ағалық ақылы, ұстаздық өсиеті шеберлік шыңдау үшін өте қажет екенін жақсы түсінетінбіз.
Бірде Үсекең кабинетіне шақырды. Отыруымды өтінді.
– Журналистің негізгі міндеті не деп ойлайсың? – деді ол бетіме қарап. Жауабымды тосқан жоқ, сөзін жалғастырып кетті. – Қолына қалам ұстаған әрбір журналист өмірден жаңалық іздеуі, оны оқырманға жеткізуі керек. Белгілі бір мәселе төңірегінде қоғамдық пікір қалыптастыруға ұмтылуы маңызды. Ол үшін өмірге араласу, адамдармен пікірлесу, ой қорытып, көрген-білгенін қағазға түсіру арқылы жаңалықты жұртқа жариялау, ал жұмыста кемшілік болса, дабыл қағу қажет. Бұл түсінікті шығар.
Мен басымды изеген болдым. Мұны неге айтып отыр екен деп ойлап қоям.
– Онда тыңда. Сенің жазған-сызғаныңның бәрін бақылап жүрмін.
– Аяқ алысың жаман емес, біраз төселіп қалдың. Енді іссапарға шығып, материалдар жазуың керек. Сені «Рославль» совхозына жіберейін деп отырмын. Бұл ауданның ең шалғайында орналасқан ірі шаруашылық. Шыны керек, бұл совхоз туралы газетімізде аз жазылады. Шалғайда жатыр. Барып-келу оңай емес. Сондықтан тілшілеріміз ол жаққа ат ізін сирек салады және онда газетке хат жазып тұратын штаттан тыс тілші де жоқ. Байқап жүрген шығарсың, газетте жарияланған хабарлардың басым бөлігі жақын шаруашылықтардан. Бұл жағдай алыс ауылдардың оқырмандарын ренжітеді. Сол себепті сен «Рославльге» барып, осы олқылықтың орнын толтырып қайт, – деп, редактор бұл жолы нақты тапсырма берді.
Атын естігенім болмаса, аудан орталығы Ұзынағаштан 150 шақырым жерде жатқан «Рославль» совхозында болмаған едім. Жолға жиналдым. «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» дегенмен, алғашқы іссапарым сәтті болды. Совхоз партия ұйымының хатшысы Жәніке Күңірбеков деген азаматпен танысып, шаруашылық жайында мол мағлұмат алдым. Ол шаруашылықтың тың совхозы болып құрылғанын, егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысып, экономика өркендегенін, онда көптеген ұлт өкілдерінің ынтымақтаса еңбек етіп жүргенін, қазіргі уақытта егін орылып, астық бастырылып жатқанын, шопандардың жайлаудан түсіп, күздеуде отырғанын тәпіштеп әңгімелеп берді. Барған күннің ертесінде бас агрономды қасыма қосты. Егінді алқапты аралап, қырмандағы қызу еңбекті көрдім. Сондай-ақ, мәшине-трактор шеберханасында, орта мектепте болдым. Партия ұйымының жұмысымен таныстым. Совхоздың тіршілігіне байланысты сұрақтарымның бәріне жан-жақты жауап алдым. Ең бастысы, көптеген қарапайым еңбек адамдарымен кездесіп, әңгімелескенім есімде қалды. Сөйтіп, алыс ауылға сапар шеккен алғашқы қадамыма көңілім толып, қойын дәптерімді қажетті деректерге толтырып қайттым. Осыдан соң газет беттерінде «Рославль» совхозы мен оның еңбеккерлері жайында талай мақала мен сұхбаттар, хабарлар мен суреттемелер жарық көргенін қазір разы сезіммен еске аламын.
Бұдан кейін де талай іссапарларға шығып, журналистік өмірдің қызығы мен қиындығын көрдік. Осының бәрі редакторымыз Үсенбай ағаның жас журналистерді тәрбиелеу мен шеберлігін шыңдаудағы үлкен еңбегінің бір айқын көрінісі болса керек.
Тағы да бір мысал. Аудан орталығында әлдебір маскүнемнің лаңы салдарынан үйінің өртеніп кеткен оқиғасы жөнінде бір тұрғыннан шағым түсті. Оны құқық қорғау органына тексеру үшін жібере салуға да болар еді, алайда, Үсекең мені шақырып алды да осы оқиғаны тексеріп, сын мақала жазуымды тапсырды. Бардым. Жаздым. Жазғаным фельетон жанрына ауысып кетті. Бұзақы масмүнем ғана сыналған жоқ, шақырғанда оқиға орнына келмей қалған кезекші милиционер де сын садағына ілінді. Материалды қызметкерлер түгел оқып шықты. Пікірлер айтылды, түзетулер жасалды. Ұжымдық дүние пайда болды. Редактор қол қойды. Сөйтіп газетте «Атың шықпаса үй өрте» деген фельетон жарқ ете қалды. Бұл да Үсенбай ағаның қызметкерлерінің бойындағы қабілет-қарымды сынауының өзіндік бір әдісі шығар, бәлкім…
Газет редакциясының мен жұмысқа орналасқанда өзінің жеке ғимараты жоқ екен. Қаскелеңнен көшіп келгеніне екі-үш айдың жүзі ғана болыпты. Өйткені, сол жылдары көрші Қаскелең мен Жамбыл аудандары біріктіріліп, аумақтық өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасы болып құрылған екен де, бір ғана газет шыққан. Енді екі аудан бөлінгенде Жамбыл ауданынан бұрынғы газет қайтадан қазақ тілінде жарық көрген. Газет редакторы болып бұдан бұрын Қаскелең және Еңбекшіқазақ аудандарында редакторлық қызмет атқарған Үсенбай Тастанбеков тағайындалыпты. Редакторымыз Қаскелеңнен келіп қызмет істеді. Онымен бірге жауапты хатшы Нұрсұлтан Жүнісбаев, Уәлихан Шыңғысов және көлік жүргізуші Үсенбай деген жігіт барып-келіп еңбек етті. Газетте сол жылдары Әбен Бөпебаев – редактордың орынбасары, жоғарыда айтқан Ханымбүбі Ақжолова, Ақан Тұрғынбаев, Заманбек Жәкенев – бөлім меңгерушілері, Махан Әміреев, Нұрманбет Қизатов – фототілші, бір-екі жылдан соң бізге Жұматай Қалығұлов, Садуақас Бигелдиев келіп қосылды. Сондай-ақ, Шолпан, Жұмақыз деген қыздар машинисткалар еді. Редакцияның сол кездегі құрамы осындай болатын. Газет редакциясы алғашында тұтынушылар одағының екі бөлмесінде болды да, кейін жаңа ғимаратқа көшті. Баспахана да соған орналасты.
Осылайша менің редакторым Үсенбай Тастанбеков газет жұмысының білгірі еді. Тәжірибесі де, ұйымдастырушылық қабілеті де мол болатын. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан екен. Жараланып оралған. Бір аяғын сәл сылтып басатын. Кеудесіне әскери төсбелгісін үнемі тағып жүретін. Сол сұрапыл ауыр күндердің қасіретін кешкен оқиғаларын жыр етіп әңгімелеп беретін. Және соғыстағы өмірі жайында естеліктер жазып жүрді. Кейін олардың басын құрап, кітап етіп шығарды. Газет жұмысының ауырлығына қарамастан, шығармашылық жұмысын тоқтатқан жоқ.
Үсекеңнің адами қасиеттерінің өзі өзгеше еді. Ол өте сабырлы, қарапайым, жылы жүзді, ақкөңіл адам болатын. Редакция жігіттеріне әзіл-қалжың айтып, жігерлендіріп отыратын. Кемшілік жіберіп қойғандар болса, дауыс көтермей-ақ ұғындырып, қайталамайтындай етіп, ұялтып айтатын. Қызметкерлерімен еркін сөйлесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ асатын, өтініштерін аяқсыз қалдырмауға тырысатын. Адамдар ол кісіні басшы ретінде ғана емес, адамгершілігі мол ақылшы аға, қамқоршы ретінде сыйлады. Ол Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетіне екі жылдай басшылық жасады да, басқа ауданға ауысып кетті.
Алайда, өмірімде үлкен із қалдырған, журналистік жолға салған алғашқы редакторларыммен бұдан кейін де талай кездесіп, әңгімелесу сәттері аз болған жоқ. Мен осы аудандық газетте бес жыл еңбек етіп, одан әрі Алматы Жоғары партия мектебін бітірдім. Обкомның жолдамасымен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне бөлім меңгерушісі болып бардым. Өсу баспалдақтарынан өтіп, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бұл қара шаңырақта табан аудармай 32 жыл бойы еңбек етуге тура келді. Міне, осы жылдарда Үсенбай ағамен байланыс жібі үзілген жоқ десем артық айтқандық емес.
Көп жағдайда оған себепші болатын Үсекеңнің өзі, «Жетісуда» қызмет етіп жүрген күндерімде ол редакцияға ауық-ауық соғып тұратын. Жазған дүниелерін тастап кетеді. Бәрі де алуан тақырыпқа жазылған қызықты, құнды мақалалар. Әсіресе, тарихи тақырыптарды көбірек қаузайды. Өйткені, көп жайлар мен оқиғаларды өз көзімен көрген, білген, бірге араласқан. Туып өскен өлке тарихы мен атақты адамдарды жақсы біледі. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудан тарихына байланысты көптеген деректерді қағаз бетіне түсірді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің Жетісудағы көсемдерінің бірі, атақты Үшқоңыр – Шамалған оқиғасының батыры Бекболат Әшекеев, ұлт мақтаныштары – жалынды революционерлер Ораз Жандосов, Тоқаш Бокин, ақын Саяділ Керімбеков, Молдабек Саламатов, журналист, ақын Құрманғали Ұябаев, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов және басқалар туралы құнды дүниелер жазды. Олардың өмірі мен шығармашылығын насихаттап, түрлі іс-шаралар, кештер өтуіне мұрындық болды.
Үсенбай аға көп жылдар бойы өзі туып-өскен Қарасай ауданы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып келді. Оның басшылығымен ауданда игі істер жүзеге асты. Елді мекендер мен қала көшелерінің орысша атауларын қазақшалап, олардың орнына белгілі қоғам қайтаркерлері мен ақын-жазушылардың, өнер адамдарының есімдерін бергізді. Мекемелер мен мектептер атауларының қазақша дұрыс жазылуын, жер-су атауларын бұрынғыша аталуын маңызды мәселе ретінде әкімдік пен ономастикалық комиссияға ұсыныстар жасап, оның жүзеге асуына зор үлес қосты. Мемлекеттік тілді үйренушілер үшін арнаулы курстар ашылуын қадағалады. «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы жайында аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып тұрды. Осындай игі жұмыстардың басы-қасында болғандықтан, ел мен қоғамға сіңірген еңбегі лайықты бағаланды, халықтың құрметіне бөленді.
Жасының ұлғайғанына байланысты қадірлі қарт бұл күнде бұрынғыдай жүріп, тұра алмайды. Бірақ, сүйікті ісінен қол үзді деп тағы айта алмаймыз. Әлі де болса 96 жастан асқан абыз ақсақалдың салтанатты жиындар мен кездесулерге қатысып тұратыны бар. Үсекеңнің шәкірті, «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі төрайымы Шара Қанатқұлқызы бірде: «Апта сайын ауданда болып жатқан жаңалықтар мен қоғам жұмысының жайы туралы Үсенбай ағаның үйіне барып, айтып тұрамын. Есеп беріп отырамын. Өзі осылай істеуімді қатты өтінген еді. Ол кісінің өтінішін орындамауға қақымыз жоқ», – деп ұстазына деген құрметін білдіріп еді. Мұны естіп біз де қуанып қалғанбыз.
Ұстаз демекші, Үсекеңнің ақылын тыңдап, ағалық қамқорлығын көрген, өздерін оның қанатының астынан шыққанбыз деп жүрген қалам ұстаған шәкірттері өте көп. Оларды өзі де еске алып, мақтап отырушы еді. Солардың ішінде ақын Тұманбай Молдағалиевті ерекше айтатын. «Тұңғыш өлеңдері біздің Еңбекшіқазақ аудандық газетінде жарияланды, мақала да жазатын. Қазір енді оны бүкіл ел біледі» дейтін ол туралы мақтанышпен. Ал, Тұмағаңның кітаптарынан ұстазы Үсекеңе арналған өлеңін оқығаным да есімде. Ол да ұстазын сыйлап өтті.
Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қарт қаламгер Үсенбай аға сол Қаскелеңде тұрады. Сезімі сергек, жаны жайсаң ол осы кезге дейін 15 тарихи-зерттеу, соғыс және бүгінгі өмір тақырыбына арналған көркем туындылардың авторы атанды. Ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Әлі де шығармашылығын тастамаған. Жағдайы кеп жатса,қолына қалам ұстайды.
Жақында маған өзі қоңырау шалды. Дауысын бірден таныдым. Бұған әрі қуандым, әрі таңғалдым. Сәлем беріп, қал-жағдайын сұрай бастап ем, сөзімді бөліп жіберді. «Бәрібір құлағым естімейді. Жасым 97-ге кетті. Маған естелік жазып бер. Керек. Түсіндің бе? Енді тұтқаны келініме беремін» деп қысқа қайырды. Келінінің сөзінен ұққаным, атасы жаңа кітап дайындап жатқан көрінеді. Соған естеліктер жинамақшы…
Қайран, қажымас қартым-ай! Өзі қартайса да, қаламының қуаты қайтпапты. Бұған енді не дерсің?
Дереу естелік жазуға отырдым.
Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистика Академиясының академигі.[:]