Бір сәтте екі адамның, яғни ана мен баланың өміріне араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті талап ететіні айтпаса да белгілі. Десе де соған қарамастан, ауыр саланы таңдап, қажырлы еңбек етіп, жүкті әйелдердің денсаулығын бақылауда өлшеусіз үлестерін қосып жүрген ақ желенді абзал жандар жетерлік. Солардың қатарында өмірінің 40 жылдан астам уақытын медицина саласына арнаған Райымбек ауылдық округіне қарасты Долан ауылының емханасында жұмыс істеп жүрген Ульзира Абилдаева да бар.
Бұл кейіпкеріміз де әріптесі секілді Сырдария бойында орналасқан Қызылорда облысының тумасы. Осы өңірге қарасты Қазалы ауданында 1963 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген.
Жастайынан дәрігерлік мамандықты сүйіп, ақ халат иесі болуды армандаған. Сол балалық қиялы мектепті бітірген жас түлекті 1978 жылы Қызылорда қаласында орналасқан медицина колледжіне әкеледі. Осы білім ордасында оқып жүріп, арасында практикаға да қатысып, тәжірибесін әбден толықтырып, 1982 жылы қолына дипломын алаған. Одан кейін дәл осы жылы өзінің туып-өскен Қазалы ауданына қарасты Алға ауылдық округінің орталығы Түктібаев ауылындағы ауруханаға жұмысқа орналасты. Мұнда ол сегіз жылдай еңбек етіп, білікті мамандардан білмегенін үйреніп, біраз тәжірибе жинақтады.
– Жалпы ақ халатты дәрігер болып жұмыс істеу менің бала арманым болғандықтан, 44 жылға жуық акушер маманы ретінде еңбектеніп жүргеніме еш өкінбеймін. Бұл мамандықтың медицина саласының кез келген қызметкері сияқты функциялары сауатты дәрігерлік қолдау көрсету болып табылады. Негізгі міндетіміз жүктіліктің барысы мен босануды қадағалаумен аяқталмайды. Біз жаңа туылған ана мен баланың жағдайын мұқият бақылаймыз, қажет болса, оларға терапияны, қажетті анализдерді тағайындаймыз. Сондай-ақ жас аналарға ақыл-кеңесімізді айтып, психологиялық тұрғыдан көмегімізді көрсетміз.
Акушерлік – жай ғана жұмыс емес, бұл үлкен жауапкершілік, өмірге сәби әкелуге көмектесетін қасиетті қызмет, – деді тәжірибелі маман.
Ауылдық ауруханадан біліктілігін молайтып алған соң ол 1990 жылдары Алматы облысына қарасты Қарасай ауданына қоныс аударды. Бұл жерде де өз қызметін жалғастырып, ауданға қарасты ауруханаға акушер болып жұмысқа кірді. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін Ульзира Абилтайқызы акушерлік салада тынбай еңбек етіп келеді. Осы бір жылдар уағында қаншама қызықпен де, қиындықпен де бетпе-бет келген. Көп жылдық тәжірибе барысында оның қабылдауынан көптеген аяғы ауыр науқас өтіп, мыңдаған сәби аман-есен дүниеге келген.
– Ана мен бала денсаулығы – қоғамның баға жетпес байлығы. Ана болу бақыты бұйырғанда сәбидің денсаулығы ана денсаулығының қандай болатынына байланысты. Болашақ аналар осыны ұмытпаса екен. Сондықтан әрбір қыз-келіншек жас кездерінен денсаулықтарын күтіп, жауапкершілікпен қараса деймін. Себебі дұрыс күтінбеудің салдары кейін ішкі органдардың қабынуын туындатып, түрлі патологиялық аурулардың соңы бедеулікке әкелуі әбден мүмкін. Осыны жас қыздарымыз әрдайым естерінде ұстағандары жөн, – деді маман.
Бар өмірін жұмысқа арнаған ардақты акушер – нағыз кәсіби маман. Өзінің ұжымының ортасында салмақтылығы, ұқыптылығы және әр әйелдің тағдырына бей-жай қарамайтын, жауапкершілігі мол маман шынайы құрметке ие.
Соның арқасында Ульзира әпкеміздің көп жылдық еңбегі елеусіз қалмады. Ол талай рет аудандық және облыстық басшылық тарапынан Алғыс хаттармен марапаталған. Сондай-ақ 2023 жылы ҚР халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі ескеріліп, «Мамандығына адалдығы үшін» және 2025 жылы «Үздік маман» төс белгісімен марапатталған еді.
Бүгінде зейнет жасына жетсе де, демалмай, жұмысын жалғастырып жүрген кейіпкеріміз кәсіби қызметімен қатар, отбасының да ұйытқысы бола білді. Ана болу және осындай қарқынды жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен, тағдыр тоғыстырған өмірлік серігі МергенбайАғыбаевпен бірге екі қыз бен екі ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде олардың барлығы – жоғары білімі бар, өз еліне еңбегі сіңіп жатқан азаматтар. Ал Ульзира әпкеміз бен Мергенбай ағамыз қазіргі уақытта солардан тараған 11 немеремен уақыт өткізіп, ата-әжелік өмірдің қызығын көруде.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

