Осы аптаның алғашқы күні Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ұйымдастыруымен музей қабырғасында «Әуезовты танытқан Абай» атты көрменің ашылуы өтті. Онда Семей қаласындағы Абайдың «Жиделі-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорығы мен Алматыдағы «Әуезов үйі» музейіндегі жәдігерлердің түпнұсқасы қойылған.
Көрмеге қойылған экспонаттар хакім Абай мен Мүхтар Әуезовтың шығармашылығы, өскен ортасы, өмір сүрген заманы, өмірлерінен сыр шертеді. Атап айтқанда, көрермендер назарына «Жиделі-Бөрілі» музейінен Абайдың әкесі Құнанбайдың мөрі мен тақиясы, жары Айкерімнің қобдишасы, ал Ұлы ақынның өзі қолданған жайнамазы, тоғызқұмалағы, сол замандағы торсық, желбау, үш ішекті домбыра сынды жәдігерлер ұсынылған. «Әуезов үйі» мұражайынан Мұхтар Омарханұлының портфелі, шығармаларға жазылған рецензиялар жинақталған кітап, Құнанбайдың түймесі әкелінген.
Аталған көрменің аясында «Атамекен» музейінде жиын өтті. Басқосуға «М. Әуезов үйі» ғылыми-мәдение орталығының бас қор сақтаушысы Салтанат Мұқатаева, жетекші ғылыми қызметкер, ф.ғ.д. Санагүл Майлыбай, мұхтартанушы Шара Майлыбаева арнайы келіп, жәдігерлердің маңыздылығын түсіндірді. Ал осы кездесуге қатысқан Шамалған ауылындағы М. Әуезов атындағы орта және Бірінші Май ауылындағы мек-тептердің оқушылары музей саласынының қызметкерлеріне сұрақтарын қойып, толыққанды ақпарат алды. Бірінші Май ауылындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары Зере Мұхаметқали, Мөлдір Мұртазаева, Арайлым Мырзатөреева: «Қазақты ұлы ақыны Абай мен Мұхтар Әуезовтің өзі қолданған, сол замандағы заттарды көріп ерекше әсер алып отырмыз. Сәті түссе міндетті түрде қос тұлғаға арналған мұражайға баруды мақсат етіп отырмыз. Осындай шараны ұйымдастырған музей қызметкерлеріне рахмет» деп өздерінің көрмеден алған әсерлерімен бөлісті.
Жәдігерлерді өз көзіңізбен көріп, қызықтағыңыз келсе, Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына асығыңыз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.