Референдум аясында халық арасында ақпараттық-насихаттау жұмыстары жұйелі түрде жалғасын табуда. Қазақстан Халық партиясы Қарасай ауданы филиалының төрағасы Ақылжан Айтбаев бастаған жалпыұлттық коалиция мүшелері Шамалған ауылында орналасқан кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінің студенттерімен кездесті. Жиында жаңа Конституцияның негізгі нормалары түсіндіріліп, адам құқығы мен бостандығын нығайту, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы және билік институттарының әлеуметтік жауапкершілігін күшейту бағыттары айтылды.
Кездесуге Қазақстан Халық партиясы Қарасай ауданы филиалының төрағасымен бірге Қарасай ауданының мәслихат депутаттары Азамат Әшірбаев, Адила Қоржумбаева, аудандық «Қоғамдық келісім» ұйымының жетекшісі Дидар Өтемісов те қатысты.
Коалиция мүшелері кездесу барысында жаңа Конституция қаншалықты өзгеретіндігін кеңінен әңгімеледі. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ұсынған жиынтық жоба Преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Жобада «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, тағы 4 бөлімнің атауы өзгертілген. Жалпы алғанда, Конституцияның 77 бабына түзетулер енгізіліп, негізгі мәтіннің 84 пайызы жаңартылды. Сондай-ақ олар орын алатын негізгі өзгерістерді де атап өтті. Яғни, жаңа Конституцияда бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.
Жаңа жоба мемлекет бағытын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашатын болады.
Жиын соңында жалпыұлттық коалиция мүшелері студенттер тарапынан көтерілген сауалдарға жауап беріп, еліміз үшін тағдыршешті сәтте, Республикалық референдумға қатысуға шақырды.
Тағы бір айта кетерлі, дәл осы күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаевтың қатысуымен мұндай кездесу Шамалғандағы Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінде де өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
