Егемендіктің қиын кезеңдерінде сабырлы да салиқалы саясатымен, жанкешті еңбегімен туған халқының аяғын үзеңгіге салып, атқа қондырған, бүгінде тұлпар шабыспен қарыштап алға басқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – оқушы болып партада отырған, мұғалімнің алдын көрген кешегі шәкірттердің бірі. Ендеше, Елбасына сабақ берген сондай кемел ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, соғыс және еңбек ардагері, Алматы облысы мен Қарасай ауданының құрметті азаматы 65 жылға жуық ғұмырын білім саласына арнаған Сейітхан Исаевтың өмірден озғанына бір жылға жуық уақыт өтті. Осы ретте Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудандық орталық кітапханада абыз ақсақалдың ұрпақтары, шәкірттері, әріптестері және өзге өңірдегі ол кісінің есіміне ерекше құрметпен қарайтын ардақты азаматтар бас қосты. Конференция барысында Сейітхан Ахметұлы өмірінің әрбір кезеңінен сыр шертіліп, ол әдемі естеліктермен толығып, ортақ ойлар ортаға салынумен ерекшеленді.
Алдымен басқосу ұлағатты ұстазды бір минуттық үнсіздікте еске алумен басталды. Тарих сахнасында өзінің қажырлы еңбегі, артына қалдырған мұрасы, өнегелі өмірі мен есімі ел арасында қалған тұлғалар қаншама! Осы орайда, ғасыр куәгері, ұлағатты ұстаз, өз жерінің мақтанышы болған ұлағатты ұстаздың шәкірті аудандық ардагердер кеңесінің төрағасы Едіге Жүнісбеков сөйлеп, естеліктерден сыр шертті. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деп халық даналығында айтылғандай, өзге де Сейітхан мұғалімнің оқушылары сол кезеңдердегі сәттерді еске алып, өздерінің осындай тұлғадан тәлім алғандарын мақтанышпен жеткізді.
Келесі кезекте осы жиынға арнайы келген ҚР Көркемсурет академиясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев пен Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав Вавилин да артына өшпес із қалдырған абыз ардагерге деген ерекше ілтипаттарын білдірді. Сонымен қатар, Сейітхан атаның еңбектерін жинақтау мен ел арасындағы елеулі істерімен танымал Едіге Исатұлына аталмыш академияның атынан «Ұлы даланың тарандысы» медалін және қазақтың қасиетті жануары бейнеленген туындыны табыстады.
Ал, аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова қарияның ұлт руханиятына қосқан үлесін атап айтып, оны ұлықтау міндетіміз екенін тілге тиек етті.
– Ұстаз өмірі мен қызметіне үңілер болсаңыз, бүгінгі жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу, оның ішінде батырлық пен ерлікке, қажырлы еңбекке немесе төзімділік пен шыдамдылыққа тәрбиелеуде Сейітхан Ахметұлының есімін ерекше атауға болады. Саяси оқиғаларға толы ХХ ғасыр басында дүниеге келген Сейітхан атамыз өзінің саналы ғұмырында аштық пен қиыншылық, соғыс ауыртпалығы, одан кейінгі тұстағы елдегі жоқшылықты да көрді. Осындай күрделі де сындарды жылдарды басынан өткерген Сейітхан Ахметұлы өзінің негізгі мамандығы, ұстаздық қызметін жалғастырған еді. Ол кісінің есімі ұлттық руханиятқа үлес қосқан ұстаз, ерекше тұлға ретінде тарихымызда қалады, – деді Күлжан Әділханқызы.
Сонымен қатар, жиын барысында басқа да еңбектес болған азаматтар ардақты ақсақалдың жасаған істерін, тебіреніспен еске алды. Себебі, ол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін де біраз жылдар ауданның соғыс және еңбек ардагерлері ұйымын басқарып, көнекөз қариялар, ақ жаулықты ана-әжелердің қоғамдық жұмысқа белсене қатысуын ұйымдастырып, мемлекетіміздің болашағы – жастар арасында тәлім-тәрбие жұмыстарын жандандыруды басты назарда ұстады.
Жиын барысында мектеп оқушылары ұлағатты ұстазға арналған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Одан кейін көпшіліктің назарына Абай мектеп-гимназиясының ұжымы дайындаған ақсақалдың саналы ғұмырынан сыр шерткен бейнероликтер көрсетілді. Өз кезегінде Сейітхан атаның қызы Мәдина Ахметова, немере қызы Бақшагүл Мұстафина, Балқаштағы бауыры Көпжасар Бакиров сөйлеп, кештің осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болған жандарға алғысын білдірді. Жиынның соңы Назаргүл Балғазықызының орындауындағы «Дара тұлға – ұстазым» әнімен қорытындыланды.
Иә, Сейітхан Ахметұлы туралы қанша жазсақ та артық етпейді. Белгілі тұлғаның саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында мәртебелі мұғалімдік қасиетін жоғалтпай атқарған еңбегі жетіп артылады. Ол кісіні еске алу осы конференциямен ғана шектеліп қалмайды. Артына өшпес із қалдырып, берген білімі тамыры кеңге жайған бәйтерекше талай шәкіртке азық болған ұстаздың есімі әркез ұлықтала бермек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.