Қазіргі таңда қыз-келіншектер қоғамның барлық саласында белсенді. Бесікті де, әлемді де тербетіп жүрген қазақ әйелі кәсіпті де меңгеріп алған. Бүгінде ел ахуалын жақсартып, бизнесті өркендетіп жүрген әйелдер көп. Міне, осындай іскер әйелдер облыс орталығы Талдығорған қаласында бас қосты. Жақында, яғни, шілде айының бесі күні Алматы облысының бас қаласындағы салтанат сарайында «Облыстық ауыл әйелдерінің форумы» өтті. Еліміздің даму жолындағы кәсіпкер әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету мақсатында ұйымдастырылған форумға облысымыздың 17 ауданынан ауыл әйелдері қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, бизнес-тренерлер, АӨК және фермерлік шаруашылық саласындағы бизнес басшылар, жетекші ҮЕҰ өкілдері қатысты. Аталмыш жиында ұлттық қолөнерді, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, оған өскелең ұрпақты баулуға сүбелі үлес қосып келе жатқан қарасайлық қолөнер шебері Күлән Жанғұтты да болды.
Райымбек ауылында тұратын Күлән Құсайынқызы – «Балатай» қоғамдық қорының жетекшісі, алтын қолды шебер, кәсіптік-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Ол 2001 жылдан бастап аталған ұйымды құрып, қойдың жүнінен көптеген керемет дүние жасауға болатынын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген қазақ қолөнерінің өкілі. Оның білімі мен білігін, ұшқыр қиялы мен төзімділігін ұштастыра отырып киізден жасаған сан түрлі дүниелері, шиге басылған киізі, оюланып, өрнектелген киімдері халықаралық көрмелерге қойылып, қазақ елінің атын шығарып, ұлттық қолөнерін кеңінен насихаттап жүр. Сонымен қатар, ол Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия, Франция сияқты елдерде өткен көптеген байқауларға қатысып, талай рет жеңіс тұғырынан көрінген. Қазақтың мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген Күлән апайымыздың еңбегі бағаланып, елімізде өтетін көптеген басқосуларға құрметті қонақ ретінде де шақырылып тұрады. Осы Талдықорған қаласындағы салтанат сарайындағы форумға да құрметті қонақ ретінде қатысып, өзінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп қайтты.
Аталмыш форум агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету, бизнес жоспарларды құруға үйрету, сондай-ақ, әйелдерді ынталандыру, оларды жасыл экономикаға тарту, органикалық ауыл шаруашылығын және ауылдағы жұмыспен қамтудың түрлі нысандарын енгізу мақсатында Алматы облысында алғашқы рет өткізілді. Жиында ақ жаулықты аналар рухани құндылықтарымыз жайлы, әңгіме қозғап, қоғамның дұрыс қалыптасуында әйел адамның алар орны туралы айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау-көмек жасап, қайтарымсыз грант бөлу арқылы ауылдық жерлерде жұмыспен қамту проблемаларын шешу, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау, жасыл технологияларды қолдану тәжірибесі де қарастырылды. Сонымен қатар, форум барысында кәсіпкерлер мен бизнесті енді бастаушылар банк, шағын несие ұйымдары мен мемлекеттік құрылым өкілдерінен тегін кеңес алды.
Мұнан бөлек ауыл әйелдерінің бірінші форумының делегаты, Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылдық округінің әкімі Б.Елеусізова әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды. Алматы облысында табиғи каучук өндірісі үшін бақбақ гүлін өсіру бойынша бірегей жобаны іске асырушы «Көк сағыз ТМ» ЖШС басшысы К.Мағзиева мен «Прогресс» жекеменшік политехникалық колледжінің директоры Ж. Телпекбаева өз жетістіктерімен бөлісті. Д.Теннің «Экоферма» жасыл технологиялар орталығының тәжірибесі де көпшілікті қызықтырды. Ал, диалогтық алаңда табысқа жеткен түрлі жобалар жеңімпаздары шеберлік сабақтарын өткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суретте: Күлән Жанғұтты (оң жақтан екінші).