Мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілер көше жарнамаларындағы орын алған олқылықтар – қоғам дерті. Оны ойлап табушылар сөздерді айдан алып аудару ана тіліміздің абыройына нұқсан келтіретіндіктерін білетін емес. Бірақ та жыл сайынғы тіл сақшыларының жүргізген рейдтерінің нәтижесінде олардың саны бірқатар азайған сияқты. Қуантарлығы да сол, мемлекеттік ғимараттардың сыртындағы тақтайшаларда қателерді кездестірмедік. Бұл да бір мекеменің мәртебесі деп білеміз.
Әй, дегенмен де мінсіз маңдайшалардың ауылы бізге алыс сынды. Олай айтуға себепте бар, ауданымыздың айнасы Қаскелең қаласының орталық көшелерінде қателер қаптап тұр. Өйткені, қалада әр жыл сайын дүкен, дәмхана, тігін шеберханасы сынды түрлі нысандар ашылуда. Мұндай шағын ғимараттар атауларын анықтайтын маңдайшаларды жапсыра салып, оның мағынасына мән беруді маңызды санамайтындай. Міндетті түрде орталықтан ойып тұрып орын алмаса да, халық жиі бас сұғатын нысандар ғой. Ендеше, көзіміз шалған бірнешесін назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. Қаскелең қаласындағы автобекетке қарама-қарсы «М-Сервис» автокөлік жөндейтін орталықтың маңдайшасына май аустыру деп ілінген (дұрысы май ауыстыру). Бұдан бөлек, байқағанымыз қаладағы көп нысандар маңдайшаларын мемлекеттік және орыс тілінде рәсімдегенімен, көрнекі ақпараттарды тек орыс тілінде безендіреді екен. Ал, Жанғозин көшесінде орналасқан «Т&T» караоке орталығы жарнамасында ұсыныстарын жақсы-ақ жеткізуге тырысқан. Барлығын құртқан соңындағы «Біз күныштымыз сізді көруге!» сөйлемі. Әріптік қателерді былай қойғанда, сөйлемнің өзі дұрыс құралмаған. Мүмкін олар «Біз сізді көргенімізге қуаныштымыз» немесе «Біз сізді көруге асықпыз» дегісі келген шығар.
Жә, оны айтпағанда қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың атын берген көшедегі үйлердің тақтайшаларын қалауларынша жазып алғандар кімнің болсын жағасын ұстатары анық. 62 мен 115-ші үйлердің қақпасына «Аймаутов», 63-үйде «Аимауытов» деп ілінген. Барлығы бірдей сауатсыз дегенге келмес. Қалғанын қойғанда қаламгер атамыздың есімі мазаққа айналмаса екен дейміз. Наурызбай көшесінің бойындағы Жанғозин көшесіне нұсқайтын жол белгісінде «Жангозин» деп тұрғалы біраз жыл болды. Біз де айтып шаршамаймыз, өзгерткендерінше.
«Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ» демекші, сөздік қоры мол мемлекеттік тілімізде де грамматикалық қатесіз дұрыс жазып, мағынасына мән беріп, мекемелер жарнамаларды ілер кезде толыққанды жауапкершілікті сезінсе екен дейміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.